Алматыда қылмыстық ахуал тұрақты. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров мәлім етті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
ПД бастығының айтуынша, өткен жылы қалада қылмыс саны 10,3%-ға төмендеген. Жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыс саны – 22,9%, зорлау – 11,1%, тонау – 29,3%, бөтеннің мүлкін ұрлау – 33,2%, көлік ұрлау – 16,7%, сондай-ақ кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны 9,4% азайған.
– Жалпы алғанда, қаладағы қылмыстық ахуал тұрақты және бақылауда: қылмысты ашудың тиімділігі артты. Биылғы жылы атқарылған бірқатар шара қылмыстың азаюына ықпал етті. Біз еліміздің ішкі істер министрлігі және әкімдіктің қолдауымен қала тұрғындары мен қонақтары өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі үшін барлық шараны қолданып жатырмыз, – деді Арыстанғани Заппаров.