Полицейлер Талдықорғандағы дәмханалардың бірінде Жаңа жыл түні төбелескен тағы бес қатысушыны ұстады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Жетісу облыстық полиция департаменті мәлімдеді.
Күдіктілер 2 қаңтарда ұсталды.
Жалпы 8 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаға қатысушылардың барлығының әрекеті мұқият зерттеліп жатыр. Тергеу барысында олардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріледі, - деді Жетісу облыстық полициясының бастығы Арман Саданов.
Естеріңізге сала кетейік, 30 желтоқсанға қараған түні Талдықорғандағы ойын-сауық орындарының бірінде Жаңа жыл мерекесінің құрметіне арналған жиын төбелеске ұласқан болатын. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде пайда болды.