Қылмыскерлердің бірін жер астынан, бірін сандықтан іздеп тапқан ақтөбелік полицей өз оқиғасымен бөлісті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қылмыстық-іздестіру қызметі – полицияның жүрегі. Мұнда адамдар кездейсоқ келмейді. Бұл – нағыз табанды, әрі жігерлі жандардың мекені. Ақтөбе облысы полиция департаментінің қылмыстық-іздестіру бөлімінің бастығы Әлібек Қожабаев осы салаға 25 жылға жуық уақытын арнаған. Қылмыстық іздестіруге 1999 жылы 19 жасында келген оның өзінің алғашқы қылмыскерін ұстау үшін бірнеше шақырым жүгіргені әлі күнге дейін есінде.
Ол кезде жас лейтенант Ақтөбе аумағында бірнеше ұрлық жасаған қызылордалық ұры-гостролерлерді ұстауға барып, полицейлерді көрген соң 4-қабаттың терезесінен секіріп қаша жөнелген ұрының ізінен бір елі қалмай, 3 шақырымға жуық жүгіріп, ақыры қолына кісен салған. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде ол қылмыскерлерді әлемнің қай түкпіріне қашса да тауып әкеліп, тіпті тұп-тура жер астынан суырып алған кездері де болған.
Бірде Әлібектің тобы жүргізілген кешенді жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде іздеудегі қылмыскердің Ақтөбе қаласында үйінде екенін анықтаған. Алайда қанша тексерсе де, оны үйден таппаған. Қылмыскердің үйде екеніне күмәні болмаған Әлібек Қожабаевқа үй ішіндегі еденнің астын тінту туралы ой келген. Еденге төселген линолиумды көтерген кезде, еденнің ашылатыны анықталып, тіпті жарығын жүргізіп, жиһазын қойып қойған жер астынан қазылған бөлмеден жасырынған қылмыскерді тауып алған.
Әлібектің айтуынша, жоғалғандарды табу үшін бірнеше сағаттан бастап, бірнеше жыл жұмсалуы мүмкін.
– Қылмыскерлер бой тасалау үшін сан түрлі айла-амалға барады, оларды қолға түсіру үшін қылмыстық-іздестіру қызметкерлері де ойы ұшқыр, қырағы, сергек және табанды болуы тиіс, – дейді ол.
Осы қасиеттердің арқасында Әлібек қылмыс әлемінің “беделділерін” шатырдан да, құдықтан да тауып, тіпті сандықтан да шығарып алған. Мысалы, бірде қылмыскерді үйіне іздеп барған кезде, салмағы 110 келіден асатын алып денелі жігітті үстіне жүк жиналған кішкентай ғана сандықтың ішінен екі бүктеліп жасырынып жатқан жерінен тапқан.
– Іздеудегілерді табуға көптеген фактор әсер етеді. Бұл ретте, азаматтық қоғам мен қоғамдық сананың да атқаратын рөлі ауқымды. Әсіресе, хабар-ошарсыз жоғалғандарды іздеуге еріктілерден құралған Ақтөбенің “Зелло поиск” тобы орасан зор көмек көрсетсе, қылмыскерлерді іздеп табуға куәгерлердің, басқаның қайғысына бейжай қарамайтын жандардың көмегі көп тиеді. Азаматтардың хабарлауымен аса ауыр қылмыс жасаған адамдардың жүрген жерін анықтап, ұстаған кездеріміз болды,и – дейді тәжірибелі полиция қызметкері.