Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»: жоба нәтижелері, кітаптардың қолжетімділігі мен сұранысы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз»,  – деп жазды.   

    

Тұңғыш Президент тапсырмасымен 2017 жылы қолға алынған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының аяқталуына да аз ғана уақыт қалды.


Біз бүгінгі тақырыбымызда жобаның аралық қорытындылары мен шет тілдерінен ана тілімізге тәржімаланған оқулықтар туралы, олардың таратылуы мен аударма ісіне етене араласқан мамандар мен оқырмандар жайлы саралауды жөн көріп отырмыз.



Қазақ тіліне аударылатын әлемдік үздік кітаптар қалай таңдалды?


Қазақстанның Тұңғыш Президент атап өткендей, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті жағдай жасайды.


«Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет. Ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек», – деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында.


Осылайша, жоба операторы болып айқындалған «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры еліміздегі жоғары оқу орындарымен бірлесіп, студенттерге сапалы да заманауи білім бере алатын 100 үздік оқулықты таңдай бастаған еді.


«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қазақ тіліне тәржімаланатын оқулықтарды таңдауда бірнеше талап ескерілгендігін алға тартады. 


«Әуелде еліміздің жоғары оқу орындарынан қазақ тіліне аударуға 800-ден аса кітап ұсынылды. Ұсынылған кітаптардың барлығын ҚР Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссия қарады. 800 оқулықтың бәрін бірдей аудару мүмкін болмағандықтан, арнайы құрылған жұмыс тобы белгілі бір талаптардың негізінде жылда 30 оқулықтан бекітіп беріп отырды.


Жұмыс тобы бірінші кезекте оқулықтың әлемнің ең үздік деген 100 университетінің оқу бағдарламасында болуын талап етті. Екіншіден, кітап кем дегенде үш рет басылып, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан болуға тиіс. Үшіншіден, оқулық мазмұны бейтарап болуы қажет. Төртіншіден, оқулықтың түрлі интерактивті қосымшалары мен видеолекцияларының, онлайн-курстарының болуы маңызды», – деп түсіндіреді Рауан Кенжеханұлы.



Үш жылдық жұмыстың нәтижесі


Ағылшын заңгері, құқықтанушы Нил Эндрюстың «Келісімшарт ережелері», Калифорния университетінің менеджмент профессоры Стивен Роббинс пен Огайо штаты университетінің профессоры Тимоти Джадждың «Ұйымдық мінез-құлық негіздері», Австрия және ағылшын тарихшысы, беделді өнертанушы Эрнст Гомбрихтің «Өнер тарихы». Бұл – қазақстандық студенттер мен оқытушыларды әлемнің үздік ойшылдары мен ғалымдарының, практиктердің еңбектерімен, дамыған елдердің тәжірибелерімен таныстырған ағылшын, француз тілдеріндегі 100 үздік оқулықтың қазақ тілінде жарыққа шыққан кішкене бөлігі.


 «Ұлттық аударма бюросының» мәліметіне сүйенсек, жобаның үш кезеңінде болашақ әлеуметтанушылар, психологтар, дипломаттар, теологтар, лингвисттер, педагогтер, мәдениеттанушылар, антропологтар, журналистер, экономистер, менеджерлер, маркетинг, заң салаларының мамандары, кәсіпкерлер,  кинотанушы мен театртанушылар үшін гуманитарлық салалар бойынша білім нәрін сусындатар әлемдік оқулықтың 77-сі қазақ тілінде жарық көрді.


Бүгінгі таңда соңғы 23 кітапты басып шығару процессі жүріп жатыр. Жобаның төртінші кезеңінде түпнұсқасы ағылшын тіліндегі кітаптарға ғана емес, Шығыс елдерінде жарық көрген оқулықтарға ден қойылған. Бұл тізімге шығыс философиясы, соның ішінде қытай, үнді, жапон, араб және ислам философиясына арналған оқулықтар, тарих пен этнография, демография, келіссөз жүргізу, әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік саясат тақырыбын қамтитын құнды еңбектер кірді.


Бұл кітаптар 2020 жылдың соңына дейін баспадан шығып, қалың оқырман қауымға жол тартпақ.


Рауан Кенжеханұлының сөзінше, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы  жастарымыз үшін Қазақстанда бұрын-соңды болмаған ғылымдарға жол ашады.


«100 оқулықты аудару аясында Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы жоғары білім беру орындары, ғылыми орталықтармен және ірі баспа ұйымдарымен тығыз әріптестік байланыс орнатты. Ұлттық аударма бюросы жоба басталғалы «Cambridge University Press», «Oxford University Press», «Pearson», «Cengage», «Penguin Random House», «McMillan» және басқа да ірі халықаралық баспа үйлерімен тығыз жұмыс істеді. 

Елбасы мақаласында аталған бірнеше бағыт бойынша біздегі оқу бағдарламалары, білім беру мазмұны түбегейлі жаңарды. Дамыған 30 мемлекеттің оқу орындарынан келген оқулықтар біздің аудиториямызға сай келді. Бір жағынан бұл «Болашақ» бағдарламасының кеңейтілген жалғасы сияқты. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасы арқылы біз әлемнің мықты оқу орындарына жастарымызды білім алуға жіберсек, енді сол мықты білім ордаларының оқулықтарын, идеяларын, білім консепцияларын қазақ тіліне аудару арқылы оны Қазақстанға алып келіп жатырмыз.

Екіншіден, бұған дейін Қазақстанда болмаған жаңа салаларға жол ашылды. Мысалы, статистика, зерттеу әдістері, экономиканың ішіндегі бірнеше бағыт, маркетинг, макро және микро экономика, ұйымдық мінез-құлық, интернет психологиясы сияқты қазақ тілінде болмаған, бірақ қазіргі өмірге қажетті өте өзекті салаларға қатысты жаңа білім беру құралдары пайда болды. Үшіншіден, кең көлемді аударма жұмысы қазақ тілінің ғылыми әлеуетін арттырып, ғылыми терминологияны дамытуға, академиялық жазу стилін жетілдіруге, қазіргі ғылыми зерттеу және баяндау әдістерін игеруге мүмкіндік берді. Біз өзіндік техникалық жұмысы бар аударма мектебін қалыптастыра алдық», – дейді «Ұлттық аударма бюросының» басшысы



Оқулықтар туралы оқытушылар мен студенттердің пікірі қандай?


Гуманитарлық салаларды қамтитын әлемдік үздік оқулықтардың басым бөлігі ағылшын тілінен аударылған. Бюро мамандары әр оқулықты түпнұсқадағы тілден аударуға ерекше мән бергендігін атап өтеді.


Сол себепті аудармашыға қойылатын басты талаптардың қатарында өз ойын шет және қазақ тілдерінде нақты жеткізумен қоса, гуманитарлық бағыттағы салалардың біріне мамандану да кіреді.


«Әлемдегі түрлі халықтардың тілінде жарық көрген туындыларды қазақшаға аудару ісі тілмаштар мен гуманитарлық ғылым өкілдерін, редакциялық ұжымды жұмылдырды, әрбір адамға тиесілі жұмыстың пәрменділігін айқындап бере алды. Жоба аясында 300-ге тарта маман жұмыс істеді. Атап айтқанда, ең алдымен көлемді кітаптарды түпнұсқадан аударуға аудармашылар кіріседі. Бұдан кейін аталмыш мәтінді әдеби редактор өңдейді. Әдеби редактордан мәтін әр саланың кәсіби маманы – ғылыми редакторға келіп түседі. Мәселен, тарих саласын қамтитын еңбекті – тарихшылар, өнерге қатысты оқулықты – өнертанушылар, білім беру саласына тән кітапты педагогтар тексереді. Мамандардың елегінен өткеннен кейін ғана қазақы қалыпқа түскен мәтіндегі орфографиялық және пунктуациялық қателерді корректор түзетеді. Тиісті түзетулер енгізілген мәтін беттеушіге ұсынылады, соңғысы беттеп, баспаға әзірлейді. Сөзбен айту оңай, әрине. Шын мәнінде, жобаны жүзеге асыру өте ауқымды әрі күрделі жұмысты қамтып отыр»,  – дейді «Ұлттық аударма бюросы» өкілдері.


Қазақ тіліне тәржімаланған 77 оқулық бүгінгі таңда 10 000 данамен басылып, елдегі 132 жоғарғы оқу орнына жеткізілген. Сол оқу орындарының қатарындағы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің оқытушылары мен студенттері «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған кітаптардың сапасына өзінің оң бағасын берді. 


«Әлемдегі жүздеген мемлекеттің оқырманына жол тартқан керемет туындылардың қазақ жастары үшін қолжетімді болғаны үлкен қуаныш. Бұған дейін қазақ топтарында оқитын студенттер үшін ана тілімізде ұсынылған материалды табу мүмкін болған жоқ десем, артық айтқаным емес. Интернеттің өзінде барлық мәлімет орыс тілінде. Ал қазір студенттеріміз сапалы мағлұматты қазақ тілінде қолына алып та, ғаламтор бетінде де оқи алады», – дейді оқу ордасының «Журналистика және коммуникациялық менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы Гүлнұр Кәкімбек.


Оның айтуынша, дәрістер мен тәжірибелік сабақтарды жүргізу барысында қолданылатын әлемдік үздік кітаптар медиа маманы болуды мақсат еткен жас азаматтарды журналистиканың негізгі принциптеріне баулиды.


«Саланы қамтитын туындыларды университетімізге келген күнінен бастап, жұмысымызда қолданамыз. Мәселен, Солтүстік Колорадо университеті Коммуникация мектебінің журналистика және медиа зерттеулер профессоры Ли Энн Пек пен Оңтүстік Каролинаның Уинтроп университетінің бұқаралық коммуникация профессоры Гай С.Рилдің «Медиа этикасына» «Фотожурналистика», «Бала құқығы және журналистика», «Журналистің құқықтық негіздері» сияқты пәндер бойынша білім беру ісмінде үнемі жүгінеміз.


«Бұқаралық коммуникация және халықаралық қатынастар», «Журналистік шеберлік», «БАҚ-редакциялау» пәндерінде Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» атты оқулығын, «Телебағдарлама жасау технологиясы», «БАҚ-тағы редакциялау», «Медиаменеджмент» пәндерін жүргізу барысында Жейсон Бейнбриж, Никола Гок, Лиз Тайнан сынды АҚШ-тың белді университеттерінде дәріс беретін оқытушылардың Медиа және журналистика» еңбегін пайдаланамыз.


Оқулықтар қарапайым әрі түсінікті тілмен жазылған. Еңбекте медиа мен журналистика ұғымының тарихы, медиаиндустрия өнімдері, медиаға анализ жасайтын тәсілдер, жаңалықты тарату жолдары және медиаконтент жақсы жинақталған. Сондықтан студенттер жаңалықтар өндірісінде ақпарат ағынын шолу, тарату, келіссөз жүргізу сынды процестердің қыр-сырымен танысып, журналистік зерттеудің маңызына көз жеткізе алады», – дейді ол.


Аталмыш университетте «Педагогика және психология» мамандығы бойынша 2 курста білім алып жатқан магистрант Нұрсұлтан Әбішев оқулықтардың қолжетімділігін ерекше атап өтті. 


«Бір жақсы жері, бұл оқулықтар интернетте қолжетімді. Бұл студенттер үшін өте ыңғайлы. Бос уақытта өз мамандығым бойынша оқулықтармен танысқанды ұнатамын. Психологиялық тақырыптарды қозғайтын кітаптарды зор ынта қойып оқимын. Соңғы оқыған кітабым – Гарвард университетінің профессоры Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» еңбегі», – дейді Нұрсұлтан Әбішев.



Әлемнің үздік оқулықтарының қолжетімділігі мен сұранысы


Иә, азаматтар өзіне қажетті кітапты оқу ордасының кітапханасынан алып қана қоймай, оны ғаламтор бетінде де оқи алады. Қазақ тіліне тәржімаланған 77 оқулықтың электронды нұсқасы Қазақстанның ашық университеті – openU.kz платформасында (openu.kz/kz/books ) қолжетімді.


Жыл басында платформада 172 курс қамтылса, оған тіркелген қолданушылар саны 46 мыңнан, ал қазақ және орыс тілдеріндегі дәрістер саны 4 мыңнан асқан болатын.


Мұнымен қоса, жоба аясында жарыққа шыққан кітаптар қосымша тиражбен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының дүкендерінде саудаға қойылған. Бұл қазақ тілді оқырман санының артқанын, қазақ тіліндегі еңбектерге деген сұраныстың жоғарылағанын дәлелдесе керек.


Қордың мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда аудармаға ден қойған баспалар мен жеке баспагерлер саны артып келеді.


Бұдан бөлек, кітаптар шетелде де сұранысқа ие. Елден жырақта жүрген қандастырымыз үшін қазақ тіліндегі 100 оқулық латын қарпінде басылып шығады деп жоспарланған.


Елбасы мақаласында атап өтілгендей, жоба арқылы білім сапасы артып, білікті мамандарды даярлау ісі жолға қойылады. Әрине, жобаның жемісі – алдағы жылдардың еншісінде. Бір анығы, білім саласына салынған инвестиция – болашақ кепілі. Яғни, сапалы білім бәсекеге қабілетті, санасы ашық жастардың қалыптасуына сеп болары анық.



Әсем Мырхайдарова

скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Баян Алагөзова сәбилі болды
Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынады
Бүгін Димаш Құдайберген 30 жасқа толды
Димаш Құдайберген Ақтөбе облысының құтқарушыларына алғысын білдірді
Мультимедиа
Шымкентте «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы өтті
Олжас Бектенов Президенттің Жаңаөзенді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексеріп, ГӨЗ құрылысымен танысты
Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты
Мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті
Мемлекет басшысы «Кәусар» оқушылар сарайын аралап көрді