Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

Қазақ әдебиеті БҰҰ-ның алты тіліне қалай аударылды?

Қазақ әдебиеті жауһарлары әлемнің алты тілінде сөйледі. Иә, бұл ұлт руханиятындағы ерек оқиғалардың бірі. Алайда құр мақтанға салынып, алға шығып сөйлеуден аулақпыз. Бізді алаңдатаны – тәржімаға ұсынылған туындылардың деңгейі мен аударма сапасы. Авторлар мен шығармалар қалай іріктелді? Қаншалықты сапалы аударылды? Шетел оқырмандары қазақ әдебиетін қалай қабылдады? Шетелдік аудармашылар мен баспагерлер не дейді? Қазақ жазушылары әлем назарын өзіне аудара ала ма? Сауалдар тізбегі мұнымен шектелмейді. Сондықтан алақайлап бөркімізді аспанға атпас бұрын бізді мазалаған мәселені аз-кем саралап көрсек. 


Жоба қалай жүзеге асты?


Әуелгі әңгімені осы жобаның қалай жүзеге асқанынан бастайық. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында алдымен қазақ прозасы мен поэзиясының қос антологиясын шығару мақсаты айқындалды. Қазақстан Жазушылар одағының қатысуымен 30 ақын мен 30 жазушының шығармасы іріктелді. Олардың қатарына Қадыр Мырза Әли, Олжас Сүлейменовтерден бастап, Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, т.б. ақындар енді. Ал, проза бойынша Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Әбіш Кекілбайұлы, Мұхтар Мағауин, Таласбек Әсемқұлов, Дидар Амантай, т.б. жазушылар тізімге қосылды.


Ұлттық аударма бюросының үйлестіруімен әлемдік үздік баспалармен байланыс орнатылып, тәжірибелі аудармашы, редакторлар тартылды.


Кітаптың сапасы мен салмағын арттырып, кеңінен тарату үшін әлемдік тілдік кеңістікті қамти алатын, беделді баспа орталықтарымен ынтымақтастық орнату қажеттілігі туындады. Бұл ретте қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің ағылшын тіліндегі қос антологиясын аудару бойынша «Британдық кеңеспен» келісім жасалды. Негізгі серіктес баспа ретінде Кембридж университеті баспа үйімен меморандумға қол қойылды. Олар баспаға дайындық кезеңіндегі жұмыстардан бастап, шығару, насихаттау, ағылшын тілді оқырмандарға тарату ісін толық өз мойынына алды.


Ал, испан тіліндегі антологияны басып шығару үшін Испания Мәдениет министрлігімен стратегиялық серіктестік орнатылып, жоба кеңесшісі ретінде «Сервантес Институты» бекітілді. Бірқатар испаниялық ірі басылымдардың ұсынысы саралана келе, испан тіліндегі қос антологияны аудару, басып шығару, тарату жұмыстары үшін «Visor-Libros» баспа үйі таңдалды.


Парижде өткен келісөздер де нәтижелі аяқталды. Аталмыш жоба Париждің бірінші округінің басшылығы мен елорда мәдени бірлестігінің қатысуымен сұрыпталды.  Комиссия көптеген ұсынысты саралап, аударма һәм баспа ісінде 30 жылдан астам тәжірибесі бар «Michel de Maule» баспасына тоқтады. Баспаның негізін салушы және бас редакторы – танымал француз лингвисі, ақын Тьерри-де-ла-Круа екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, Француз Ұлттық кітап орталығы сапа мәселесіне жауап беретін бақылаушы-рецензент ретінде көмекке келді.

Бұл ретте айта кететін жәйт, келіссөз жасасқан елдің аумағымен ғана шектеліп қалмай, ағылшын, француз, испан секілді кең тараған тілдердің мүмкіндігін тиімді пайдалану көзделді. Мәселен, француз тілін күнделікті өмірде қолданатын халық саны 220 миллионға жетеді екен.


Антологиялардың орыс тіліндегі нұсқасы үшін М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспасымен келісім жасалды. Баспа үйі кітап шығару мен оны орыстілді оқырманға тарату-насихаттау ісін ұйымдастырды. Сондай-ақ, антологияны дайындау және редакциялық жұмыстарын ұйымдастыру бойынша Ресей Жазушылар одағының Мәскеудегі орталығы атсалысты.


Сол секілді қос туындының қытай тіліндегі басылымын дайындауға Бейжіңдегі Ұлттар баспасы қол ұшын созса, араб тіліндегі аудармасына Мысыр елінің Мәдениет және білім орталығы мүдделі болды.




Сонымен қатар, антология электронды және аудио форматта да жарық көріп, онлайн платформаларда оқырман назарына ұсынылды. Қос кітап әр елде 10 мың дана болып басылып шықты. Ең бастысы БҰҰ-ның алты тілінде сөйлейтін халықтардың бәріне таралды.


Нақтырақ айтсақ, ағылшын тіліндегі қос антология ағылшын тілі кең етек жайған 18 елге, араб тіліндегі басылымдар Таяу Шығыс пен Африкадағы 22 елге, испан тіліндегі жинақтар Испаниядан бөлек Латын Америкасының 20 мемлекетіне, орыс тіліндегі қос кітап сол тілді қолданатын 14 елге, француз тіліндегі басылым Еуропа елдері мен Африканың 17 мемлекетіне, ал қытай тіліндегі антология 1,5 миллиард халқы бар елдің барлық аймағына таралды.


Яғни, қос кітап әлемдік алты тілде сөйлейтін жалпы саны 93 мемлекетке тарап, ірі кітапханалар мен оқу орындарына жеткізілді.


Аударма сапасы қандай?


Бұл сұраққа нақты жауап бере алмаспыз, дегенмен ұйымдастырушылар «көркем аудармадағы басты мәселе – мазмұн мен сапаға баса мән беруге тырысқанын» айтады. Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, туындының түпнұсқадан ауытқымауына, көркемдік ерекшелігінің сақталуына ден қойылған.


Бұл ретте автор мен кәсіби мамандар арасындағы байланыс аса маңызды. Туындыларға тәржіма жасау барысында шетелдік аудармашылар мен әдебиетшілер, аударма және баспа ұйымдарының өкілдері Қазақстанға арнайы келіп кетті. Мамандар қазақ ақын-жазушыларымен жақын танысып, өзара пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды. Алматы мен елордада өткен кездесулерде заманауи әдебиеттің бүгінгі жай-күйі де терең талқыланды.


Француз аудармашысы Филипп Риго: 


«Маған жазушы Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы қатты әсер етті. Бұл – ядролық сынақтың құрбаны болған баланың тағдыры жайлы жазылған өте өткір, жүректі шымырлататын шығарма. Бұл – барлық әлем елдерінің оқырмандарына әсер ететін туынды», – деген екен.


Фото: qazaqadebieti.kz

Десек те қазақстандық кей авторлар өз аудармасының олқы соққан тұстары бар екенін жасырмайды. Өлеңдері аударылған авторлардың бірі, танымал ақын Бауыржан Қарағызұлы шығармасының орыс тіліндегі нұсқасына айтар назы бар.


«Жоба іске асып жатқан кезде шетелдік аудармашылармен арнайы кездесу өтті. Сол кезде өлеңдерімді тәржімалаған мамандармен жеке тілдесіп, ашық талқы жасау мүмкіндігі туды. Алты тілге аударылған өлеңдерімнің жолма-жол аудармасымен, көркем әдеби нұсқасымен мамандардың көмегімен жақсылап танысып шықтым. Өзіме қытай, француз, ағылшын тілдеріндегі нұсқалары ұнады. Түпнұсқадағы негізгі ойды сақтауға тырысқан. Алайда, орыс тіліндегі аударма аса сәтті шыққан деп айта алмаймын. Орыс тілі өзімізге түсініктірек болғаннан кейін бе, әлде аударма сапасының солғындығынан ба, көңіл пернесін дәл баспайтын тұстары бар секілді көрінді. Бұл мәселеде аудармашымен жүзбе-жүз сөйлескен кезде ішкі ойларымды, көзқарасымды түсіндіруге тырыстым. Әйткенмен, кейбір жолдар мен шумақтардағы «өзге сарын» өлеңнің негізгі өзегінен тайқып кеткендей әсер қалдырды. Десек те, поэзияны қотарудың қиындығын жақсы түсінгендіктен, мамандардың еңбегіне құрметпен қарайтынымды айтқым келеді», - дейді ол.


Бауыржан Қарағызұлы үздік шығармаларымыздың шетелде әдеби айналымға түсіп, өз оқырманын табарына сенім білдіреді.


«Алдағы уақытта осы бір үлкен жоба өз жалғасын тауып, жаңа өріс алса деп тілеймін. Аударылған шығармаларға әр елдің ғалымдары, әдеби сыншылары талдау жасамақ. Университеттерде, басылым беттерінде де талқыға түсуі тиіс. Яғни, шығармаларымыз ғылыми-әдеби айналымға түссе, ең үлкен олжа сол болмақ. Бұл ретте өлеңдеріміздің шет елдегі «ғұмырының» ұзақ боларына сенім артамыз», - дейді ақын.


Қазақ әдебиетінің әлемге сапары: үміт пен күдік


Әрине, аударылған дүниенің шын бағасы оқырман еншісінде екені даусыз. Күллі әлем қазақ әдебиетін оқып кетпесе де, жекелеген авторлар суырылып шығуы тиіс. Егер шығарманың өзіндік табиғаты сақталып, көркемдік бояуынан ажырамай, келісті аударылса, кітапханалардың бір бұрышында қалып кетпесіне сенеміз. Ал, ауқымды жұмыс өз мақсатын ақтамай, науқаншылдықтың құрбанына айналса, қазақ әдебиеті туралы сыртқы ой басқа арнаға бұрылуы әсте мүмкін. Егер керісінше қазақ қаламгерлері шетелдік оқырмандар тарапынан оң баға алып, сұранысқа ие болса, әуелгі мақсаттың орындалғаны. Шығармаларымыздың шырағы жануы үшін алғашқы қадам жасалды. Ендігі мәселе оқырманның талғам-таразысына һәм «үздік туындыларымыздың» өзіндік «қуатына» байланысты. Қазақ әдебиетінің әлемге сапары – уақыт еншісінде.

Шерхан Талап

скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Баян Алагөзова сәбилі болды
Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынады
Бүгін Димаш Құдайберген 30 жасқа толды
Димаш Құдайберген Ақтөбе облысының құтқарушыларына алғысын білдірді
Мультимедиа
Шымкентте «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы өтті
Олжас Бектенов Президенттің Жаңаөзенді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексеріп, ГӨЗ құрылысымен танысты
Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты
Мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті
Мемлекет басшысы «Кәусар» оқушылар сарайын аралап көрді