Қазақстан Президенті ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Жиынға қатысушыларға ілтипат білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытып, саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырған тәжік тарапы мен Президент Эмомали Рахмонға алғыс айтты.
– Тәжікстанның табысты төрағалығы Ұйымның әлеуетін нығайтуға, көпжоспарлы ынтымақтастығымызды тереңдетуге үлкен үлес қосты. Бұл саммит Қазақстанда халықаралық беделді ұйым саналатын ТМД жұмысына үлкен серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтіп жатқанын еске салды.
– Барлық мемлекеттің дамуына жол ашатын жалпыадамзаттық құндылықтарды ауыр жағдайда қорғаған әкелеріміз бен аналарымыздың, жеңімпаз ұрпақтың өшпес ерлігін қазақстандықтар қастер тұтады. ТМД аумағында, соның ішінде Қазақстанда айтулы мерейтой лайықты деңгейде аталып өтті. Мерекелік іс-шаралардың шырқау шегі Мәскеу мен Бейжіңде өткен ауқымды әрі мазмұнды салтанатты шерулер болды. Адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыстың қаһармандары мен барша қатысушысын жадымызда мәңгі сақтау – моральдық парызымыз. Фашизмді жермен-жексен еткен Ұлы Жеңіске 80 жыл толса да, өкінішке қарай, әлем салдары ауыр тиетін жаһандық қақтығыс қаупімен тағы да бетпе-бет келіп отыр. Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихи шындығын бұрмалауға, фашизмді тойтарған Ұлы Жеңістің тарихи маңызын төмендетуге қатысты әрекеттерге қарсы. Халықаралық құқықтың іргесі сөгіле бастағанын, қақтығысқан мемлекеттер арасындағы сенім деңгейі әбден төмендегенін, көзқарастар қайшылығы күшейе түскенін, көпжақты дипломатияның дағдарысқа ұшырағанын, Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік әлеуеті әлсірегенін алаңдаушылықпен қабылдаймыз. Осындай геосаяси дүрбелеңдер жағдайында барлық қақтығыс факторын жою үшін ТМД елдері мен барша жақтастарымыздың күш біріктіруі өте өзекті. Мұны өзара түсіністік пен жан-жақты ойластырылған іс-қимыл арқылы шешуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, ТМД жаңа тарихи жағдайда мемлекеттер арасындағы сенімді арттырудың халықаралық тетігі ретінде сұранысқа ие құрылым екенін дәлелдеді.
Достастықтың 35 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысы елдер арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға және Ұйым қызметін ілгерілетуге бағытталған бірқатар ұсынысын ортаға салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру негізгі басымдықтардың бірі болып қалуға тиіс екенін айтты.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдері сауда айналымының жалпы көлемі 8 пайыз ұлғайып, 110 миллиард долларға жетті. Сонымен қатар, соңғы бес жылда Қазақстанның Достастық мемлекеттерімен алыс-берісі бір жарым есе өсіп, 38 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткіш Ұйымның сауда-экономикалық әлеуетін танытады және әлі де мүмкіндіктердің бар екенін байқатады. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға қажетті институттық және құқықтық базамыз бар. Өзара тиімді талаптарға сай қызмет көрсету нарықтарына тікелей әрі кедергісіз қолжетімділікті кеңейтуге, бірлескен өндірістерді іске қосуға, негізгі салалардағы кооперациялық байланыстарды күшейтуге баса мән беру керек деп санаймыз. Инвестиция тарту, көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдалану, цифрлық шешімдер енгізу және өңірлердің тең дәрежелі байланыстарын дамыту басымдықтардың қатарында болуға тиіс. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық өсімін қамтамасыз етудің тың мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынамыз. Мұны келесі жылы сәуір айында БҰҰ аясында Астанада өтетін халықаралық форум алаңында ұйымдастыруға болады. Жиын қауіпсіздік пен дамудың қазіргі сын-қатерлерінің себеп-салдарын зерделеуге арналады. Осылайша, ТМД-ның жетекші сарапшылары қазіргі уақыттың қиын проблемаларын шешуге үлес қоса алар еді. 2026 жылы Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органына төрағалық етеді. Еліміздің төрағалығы аясында бірқатар маңызды іс-шара жоспарланған, соның ішінде Еуразиялық экономикалық форум ұйымдастырылмақ. Орайлы сәтті пайдаланып, құрметті әріптестерімді, сондай-ақ ТМД елдері үкіметтерінің мүшелері мен бизнес өкілдерін форум жұмысына белсенді қатысуға шақырамын. Аталған алаңда елдерімізге қатысты ортақ мәселелер қарастырылатынын ескере отырып, оған ЕАЭО мен ТМД-ның бірлескен іс-шарасы мәртебесін беруді қарастыруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент белсенді жұмыс істейтін көлік дәліздері табысты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кепілі екенін атап өтті. Біздің аймақ Еуропа мен Азияны жалғап, жаһандық көлік-логистика жүйесінде ерекше рөл атқарып келеді.
– «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі ТМД мемлекеттері үшін Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» бастамасы мен Транскаспий бағдары Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасымен ұштасып, ТМД аумағын Еуразиядағы тоғыз жолдың торабына айналдырады. Өңіріміздің транзиттік мүмкіндіктерін жақында ғана Қазақстан аумағында іске қосылған «Достық – Мойынты» теміржол желісі күшейте түседі. Ол ТрансҚазақстан теміржол дәлізін қалыптастырудың негізін қалайды. Бірақ мемлекеттеріміздің көлік саласындағы әлеуетін толық ашу үшін біздің алдымызда заманауи инфрақұрылым қалыптастыру міндеті тұр. Достастықтың бірыңғай цифрлық көлік-логистика картасын әзірлеуді ұсынамын. Бұл ұлттық инфрақұрылымдық жоспарларды біріктіруге және көлік байланыстарының тұтас кеңістігін жасақтауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде ол инвестиция көлемін арттыруға жағдай жасайды. Бүгінде Қазақстан бастамашы болған ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасы бойынша жұмыстар аяқталып келеді. Жүк ағынын тиімді басқару, шығындарды төмендету және тәуекелдерді азайту үшін бұл құжатты жасанды интеллект технологияларын енгізуді көздейтін ережелермен толықтыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекеттердің орнықты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторына айналғанына мән берді. Қазақстан мемлекеттік басқару, әлеуметтік сала мен азаматтардың тұрмыс-тіршілігін қамтитын цифрлық күн тәртібін жедел ілгерілетіп келеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды, Цифрлық кодекс бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ аталған саладағы барлық бастама мен жобаны ұлттық стратегияға біріктіретін Цифрлық Қазақстан тұжырымдамалық құжаты әзірленуде. Президент еліміз ТМД мемлекеттерімен осы саладағы ынтымақтастыққа ашық екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы жуырда елімізде жасанды интеллект саласына маманданған университет құру жөнінде шешім қабылданғанына тоқталды. Бұдан бөлек, 400 мың студентті қамтып, зерттеушілер командасы мен DeepTech стартаптарының қалыптасуына қолайлы жағдай жасайтын мемлекеттік бағдарлама табысты жүзеге асырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы жобаны кеңінен таратуды ұсынып, жаһандық нарықтағы қатаң бәсеке жағдайында жұмыс істеуге қабілетті мамандардың жаңа буынын даярлау мақсатында Қазақстанның Достастық елдерімен ынтымақтастық орнатуға әзір екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы экологиялық қауіп, табиғи және техногендік апаттар ТМД елдерінің орнықты дамуына зор қатер төндіреді деп санайды. Президенттің айтуынша, мұндай жағдайларды ерте бастан анықтаудың және ескертудің тиімді тетіктерін қарастыру маңызды міндет.
– Климаттық және техногендік төтенше жағдайларды болжаудың өңірлік орталығын құру арқылы бірлесе жұмыс істеуді ұсынамыз. Каспий теңізінің тез тартылып бара жатқаны зор алаңдаушылық туғызып отыр. Негізі, бұл – өңірлік қана емес, жаһандық проблема. Сондықтан біздің бастамамызбен әзірленіп жатқан Каспийдің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламаға қосылуды ұсынамыз. Мұндай маңызды құжатты дайындауға Каспий теңізінің жағалауындағы елдермен бірге барлық мүдделі мемлекеттер және халықаралық ұйымдар тартылуға тиіс, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық қатынастар елдерімізді біріктіретін негізгі фактор екеніне назар аударды. Президент дәстүр мен инновацияны, тарихи мұра мен заманауи технологияны сабақтастыратын креативті индустрияны дамытудың болашағы зор деп есептейді.
– Қазақстан осы саланы дамыту бағытында жұмыс атқарып жатыр. Бүгінде креативті секторымыздағы қосылған құн 2 миллиард доллардан асады. Бұл индустрияда 143 мың адам жұмыс істейді. Креативті индустрия экономикамызға оң ықпал етуде. Ең маңыздысы, ол мәдени дипломатияның, елдеріміз арасындағы достық пен тату көршілікті нығайтудың тиімді тетігіне айналды. ТМД елдерінің бұл бағыттағы әлеуеті зор. ТМД-ның гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қоры базасында Креативті индустрия қауымдастығын құруды ұсынамын. Оның басты мақсаты жас таланттарды қолдау, бірлескен жобаларды іске асыру, креативті экономиканың экожүйесін қалыптастыру болуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент ТМД-ның әлемдік аренадағы абырой-беделін нығайтудың маңызына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Достастықтың халықаралық байланыстарын жандандыруды дәйекті түрде қолдайды.
– Естеріңізде болса, 2023 жылы Қазақстан Республикасының ұсынысы бойынша ТМД-ның Байқаушылары мен Серіктесі институты бекітілді. Бұл бастаманың алғашқы нәтижелері байқала бастағанын ризашылықпен атап өткім келеді. Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымына Байқаушы мәртебесін беру туралы шешім қабылдаймыз. Бұл оқиға Еуразияның аймақтық құрылымдар ықпалдастығы тарихының жаңа парағын ашады. Бұдан бөлек, Мәскеудегі саммитте Қазақстан ұсынған «ТМД плюс» форматында қарым-қатынас орнатуды қолдаймыз. Аталған қадам ТМД-ның халықаралық аренадағы рөлін нығайта түседі, – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңестің келесі жылы Ұйымға Түрікменстанның төрағалық ету жөніндегі шешіміне қолдау білдірді.
– Түрікменстан Президенті Сердар Гурбангулыевич Бердімұхамедовті осы маңызды әрі құрметті миссияны қолға алуымен құттықтаймын. Мақсатымыз ортақ – Достастықты жасампаздық пен өрлеудің, жаңа идеялар мен мүмкіндіктердің кеңістігіне айналдыру. Бірлескен күш-жігер арқылы ТМД-ны қарқынды, тиімді әрі болашаққа нық қадам басқан халықаралық ұйым ретінде нығайта алатынымызға сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Отырыста Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев сөз сөйледі.