Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-сі мен Тараз қаласының полиция басқармасы бірлесіп, ағымдағы жылдың 5 тамыз күні жергілікті полиция қызметкерлеріне «Қоғамда діни экстремизмге қарсы иммунитет қалыптастыру» тақырыбында дәріс ұйыдастырды. Аталған іс-шараға 80-ге жуық полиция қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің «Ақпараттық түсіндіру» бөлімінің бөлім басшысының м.у.а., дінтанушы Арман Сәрсенбаев: «Діни экстремизм және терроризм, діни сана дегеніміз не? Тыйым салынған топтардың өз қатарына тарту тәсілдері қандай? Адамға психологиялық әсер ету әдістері қандай?» және т.б. сұрақтарға жауап берді.
- Дінсіз адам болса да, дінсіз қоғам болмаған. Дін – тылсым күшке негізделген. Макс Мюллер “Халықты халық ететін тілден бұрын дін” –деген. Дінге жаңадан бет бұрып жүрген, яғни, діни сауаты төмен адамдарға намаз оқуды өз тәсілдерімен үйретіп, орталарына тарта бастайды. «Бауырлық қатынастар» әдісін іске қосып, олардың тұрмыстық проблемаларына көбірек назар аударып, жанашырлық таныту арқылы баурап алады. «Ақпараттық оқшаулау» әдісін де пайдаланады. Дәстүрлі ханафи мәзһабын насихаттайтын имамдар мен ұстаздардың ақпараттарын бұрыс етіп көрсетіп, дәстүрлі діннен алыстатуға әрекет етеді. Жұмыссыздық, әділетсіздік, жоқшылық, кредит деген сияқты т.б. отбасылық проблемаларды көтеріп, өз ортасынан, отбасынан жат қылады. Ұлттық бірегейліктен (идентичность) алыстатады. Аристотель айтпақшы: “Адамның санасы ақ тақта секілді нені жазсаң, соны көресің".
Діни сана дегеніміз, белгілі бір діни ілімнің білімдері, құндылықтары сонымен қоса, дінге немесе діни топқа, діни ағымдарға қатысы бар адамдардың сенімдері. Діншілдік ұғымының қалыптасуы да осыдан. Құран және хадистерден өздеріне керек жерлерін алып, діни сауаты төмен адамдардың санасын улап, қазақ халқының ислам дінімен ұштасып келе жатқан дәстүрлерін ширк, бидғат (дінге енген жаналық), харам деп жоққа шығарады – деп атап өтті дінтанушы.
Баяндамашы қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға қанағаттанарлықтай жауап беріп, ақпаратты білікті мамандардан және ресми сайттардан ғана алған абзал екендігін айтты. Елімізде тыйым салынған діни ұйымдар жайлы, дін саласына қатысты «ҚР Конституциясы», «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы», «ҚР қылмыстық кодексi» заңдар мен кодекстерінің баптарын түсіндіріп өтті. Өңірдегі дін саласындағы сұрақтарға арналған сенім телефонының қызметі туралы ақпарат берілді.