Қазақстан білім сапасына, технологиялық құзыреттерді дамытуға және білім экономикасы үшін кадрлар даярлауға бағдарланған адами капиталдың жаңа моделін қалыптастырып жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ бейнесі: нәтижеден – жаңа стратегияға» атты National Think Tank Forum алаңында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілттеме жасап.
«Қазақстанның адами капиталы: мүмкіндіктерді кеңейтуден білім экономикасына дейінгі жол» тақырыбындағы баяндамасында министр жоғары білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын таныстырды. Олардың қатарында кадрлық әлеуетті дамыту, жасанды интеллектіні енгізу, жоғары оқу орындарының жұмыс берушілермен өзара іс-қимылын күшейту және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бар.
Қазақстан білімге қолжетімділікті кеңейтуден мамандар даярлау сапасына, технологиялық құзыреттерді дамытуға, сондай-ақ білім мен ғылымды экономиканың нақты секторымен тығыз ықпалдастыруға бағытталған жүйені қалыптастыруға кезең-кезеңімен көшіп келеді.
Соңғы бес жылда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы білім алушылар саны 16%-ға артып, 724,1 мың адамға жетті.
Сонымен қатар мамандар даярлау мен экономика қажеттіліктері арасындағы байланыс күшейтіліп келеді. Ірі өнеркәсіптік компаниялармен бірлесіп, 10 жоғары оқу орнында пилоттық режимде «индустриялық PhD» бағыты бойынша кадрлар даярлау жүзеге асырылуда. Екі жыл ішінде аталған бағытқа 210 грант бөлінді.
Жыл сайын 10 мыңға жуық студент «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компанияларында дуальды оқудан және өндірістік практикадан өтеді.
Жасанды интеллект саласындағы кадрларды даярлау мен цифрлық құзыреттерді дамытуға ерекше назар аударылып келеді.
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақ жасанды интеллект зерттеу университеті (QAIRU) өз жұмысын бастайды. Университетке 600-ге жуық білім алушыны қабылдау жоспарланып отыр.
Жоғары білім беруді цифрлық трансформациялау аясында AI-Sana бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінде 706 023 студент жасанды интеллект саласындағы базалық білімді меңгеруге бағытталған оқытудан өтті.
Қазақстандық жоғары оқу орындары да жасанды интеллект негізіндегі өз шешімдерін әзірлеп, енгізуде. Қазіргі таңда 442 AI-агент әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Бұл жұмысқа 80 жоғары оқу орны мен командалардың 980 қатысушысы тартылған.
Жоғары білім беруді цифрлық трансформациялау аясында OpenAI, Freedom Holding Corp. және «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, жоғары оқу орындарында жасанды интеллект құралдарына тегін әрі қауіпсіз қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында ChatGPT Edu енгізу жобасы жүзеге асырылуда.
«Жасанды интеллект енді жеке даярлау бағыты ғана емес, заманауи жоғары білім беру жүйесінің базалық құзыреттерінің біріне айналып келеді. Оны білім беру бағдарламаларына интеграциялау студенттердің таңдаған кәсіби саласына қарамастан, жаңа технологияларды қолдану дағдыларын қалыптастыруға бағытталған», – деді Саясат Нұрбек.
Ғылымның экономиканың нақты секторымен байланысын күшейтуге және ғылыми зерттеулерден технологиялар мен бәсекеге қабілетті өнімдерге көшуге жеке басымдық берілуде.
«Ғылым тұйық академиялық сала болудан қалып, нақты экономикамен барған сайын тығыз байланысып келеді. Білім экономикасы білім жүйелі түрде технологияға, өнімге және еңбек өнімділігінің өсуіне айналған жерде басталады», – деп атап өтті министр.
Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған ішкі шығындар 121 млрд теңгеден 173 млрд теңгеге дейін өсті.
Бүгінде жобалардың 31%-ы коммерцияландырылды. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларының елдің ғылыми-технологиялық дамуына қосқан жалпы үлесі 142 млрд теңгені құрады. Ғылыми жобаларға тартылған жеке инвестициялар көлемі 28,2 млрд теңгеге жетті.
Сонымен қатар жоғары білім беру жүйесінің халықаралық интеграциясы күшейтілуде. Қазақстанда 12 елдің жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы жұмысын бастады.
Бүгінде елімізде 37 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда. Бұл Қазақстанның Орталық Азиядағы білім беру және зерттеу хабы ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижелері халықаралық көрсеткіштерден де көрініс табуда. Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес, 2026 жылы адами капиталды бағалау тәсілі жаңартылды. HCI+ индексі енді білім беру мен денсаулық сақтау көрсеткіштерімен қатар жоғары білімді, жастардың еңбек нарығына өтуін және еңбек қызметі барысында білім алуын да ескереді.
Осылайша, қалыптасып жатқан адами капиталды дамыту моделі білім сапасын, жаңа технологиялық экономика үшін кадрлар даярлауды, жасанды интеллектіні енгізуді, халықаралық ашықтықты және ғылымның практикалық қайтарымын арттыруды бір арнаға тоғыстырады.
Дәл осы бағыттар Қазақстанның білім экономикасына көшуінің негізін қалыптастырады. Бұл модельде адами капитал, ғылыми әзірлемелер мен технологиялық құзыреттер елдің одан әрі дамуының негізгі факторларына айналады.