Конституциялық реформаны, заңнамадағы өзгерістерді мекеме ұжымдары арасында кеңінен түсіндіру мақсатында облыстық белсенді топ ауыл шаруашылығы басқармасында осы саланың қызметкерлерімен кездесті.
Алдымен сөз алған облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Әдемі Бектібаева ҚР жаңа Конституциясының жобасын таныстырды.
– Жаңа Ата заңның жобасын Конституциялық комиссия дайындады. Жоба азаматтардың, сарапшылар мен кәсіби қауымдастықтың, саяси партиялар мен азаматтық қоғам институттарының ұсыныстарын жан-жақты әрі ашық талқылау нәтижесінде әзірленді. Бұл ауқымды жұмыс жарты жылдай жүргізілді. Жаңа Конституция еліміздің қазіргі саяси-құқықтық даму кезеңін айқын көрсетеді. Онда Әділетті Қазақстанның негізгі конституциялық құндылықтары нақты бекітілген. Оның негізінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары тұр. Негізгі заңның архитектурасы мен мазмұны түбегейлі қайта қаралды, – деген Әдемі Әлібекқызы жаңа Ата заңның бөлімдері мен баптарының мазұнына тоқталды.
Жаңа Конституция жобасы преамбуладан, 11 бөлім және 95 баптан тұрады. Толық жаңартылған преамбула тек кіріспе сипатта емес, жүйе құрушы мәнге ие. Халық бірлігі мен тарихи-мәдени тұтастықты айқындау мақсатында алғаш рет «Қазақстанның біртұтас халқы» деген ұғым бекітілген. Мәселен, 2-бапта Қазақстандағы басқару үлгісі президенттік республика деп нақты көрсетілген. Ал 4-бапта халық билігінің өзгермейтін принципін дамыту шеңберінде ел халқы тек мемлекеттік биліктің емес, егемендіктің де бірден-бір иесі ретінде бекітілген. Осыған сәйкес, «республикалық референдум» ұғымы «жалпыхалықтық референдум» ұғымымен алмастырылды. Бесінші бапта қоданыстағы құқыққа қатысты конституциялық нормалар нақтыланыпты.
Елдің жекелеген аумақтарында қаржы саласында арнайы құқықтық режім немесе «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режімін енгізу мүмкіндігі қарастырылған. Мұндағы мақсат – экономикалық дамуды жеделдету. Мысалы, 6-бөлім екі баптан, 70-71-баптардан тұрады. Бұл баптар Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты мәселелерді реттейді. Кеңес – жоғары консультативтік орган. Оның құрамына ел азаматтары кіреді және Қазақстан халқының мүддесін білдіреді. Екі бапта да да олардың атауы қазақ тілінде бекітілген.
Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің тарих және құқық кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Хамидолла Құсдавлетовтің айтуынша, заңдар – мемлекеттің жаңа даму жағдайларына бейімделуі тиіс тірі механизм.
Аталған университеттің тарих және құқық кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Жасқайрат Ерназаров та Конституция жобасындағы жаңашылдықтарға тоқталды.
Кездесуді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева қорытындылады. Ол Жаңа Конституция жобасында «Тәуелсіздік» сөзі 5 жерде жазылғанын, ал «Егемендік» сөзі 6 рет кездесетінін тілге тиек етті. Елдің Егемендігі мен Тәуелсіздігіне қол сұғуды насихаттауға жол берілмейді. Бұл жөнінде Конституция жобасының 23-бабы 6-тармағында нақты жазылған. Сондай-ақ Г. Шөкеева жаңа Конституция жобасында дін мен мемлекеттің ара-жігі ажыратылғанын, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқындалғанын атап өтті. Бұл өз кезегінде жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді деді.
Айна ИМАШЕВА