Алматыда синтетикалық есірткі таратқан күдіктілер ұсталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы қаласының полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қала аумағында синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысқан бір топ адамның заңсыз әрекетін әшкереледі. Күдіктілерді қолға түсіру кешкі уақытта жүзеге асырылды. Тінту кезінде олардан әрі қарай байланыссыз тәсілмен, яғни жасырын қойып кету арқылы өткізуге дайындалған ұнтақ тәрізді зат салынған 19 орама тәркіленді.
Сот-сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат азаматтардың өмірі мен денсаулығына аса қауіпті саналатын синтетикалық есірткі — альфа-PVP екені анықталды. Тергеу барысында ұсталған тұлғалардың интернет арқылы жұмыс істейтін есірткі дүкенінің нұсқауы бойынша әрекет етіп, таратушы рөлін атқарғаны белгілі болды. Әрбір жасырып қалдырылған орама үшін төлем цифрлық платформалар мен электронды әмияндар арқылы жүргізілген. Бұл — есірткі бизнесін ұйымдастырушылар өз ізін жасыру үшін жиі қолданатын схема. Бүгінде есірткі бизнесі "жеңіл табыс" ретінде бүркемеленіп ұсынылуда.
Полиция өкілдері есірткінің заңсыз айналымына, тіпті курьер немесе жасырын қойып кетуші рөлінде болса да, қатысу ауыр қылмыс саналатынын және қатаң жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Есірткі заттарын интернет арқылы тарату арналарының жолын кесу жұмыстары "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында және есірткі қылмысының алдын алу басымдықтары бойынша жалғасуда.