Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанға Астана халықаралық форумына қатысу үшін келген Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиевпен кездесу өткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Онда жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері, сондай-ақ ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жолдары талқыланды. Қазіргі уақытта ұйым аясында өзара іс-қимылдың жаңа форматтары құрылып, әлеуметтік саясат, қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіп, ғылым, технология және инновация сияқты басқа да салалар бойынша жұмыс жүргізілуде.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға және өзара жеткізілімдер ауқымын кеңейтуге назар аударылды. 2024 жылы Қазақстанның ТМҰ-ға мүше мемлекеттермен тауар айналымы $11,4 млрд-ты құрады. Сонымен қатар қолда бар әлеует ағымдағы көрсеткіштерден едәуір кең екені атап өтілді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сауда қатынастарын одан әрі дамытуға бағытталған жеке құжат әзірлеуге бастамашы болды.
Кездесу барысында гуманитарлық бастамалар да талқыланды. Ақтау түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды, осы жылдың маусым айынан бастап Алматы ТМҰ-ның жастар астанасы болады. Түркі мәдениеті мен тарихи мұрасын сақтауға және насихаттауға бағытталған іс-шаралар жоспарланған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға толық ықпал етуге дайын екендіктерін жеткізді.