ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2025 жылғы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық үдерісіндегі цифрлық шешімдер туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Министрлікте 2025 жылғы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық аясында табиғи өрттерді мониторингілеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Мониторинг үш негізгі кезең бойынша жүзеге асырылады: өртке дейін, өрт кезінде және өрттен кейін. Бұл тәсіл әр кезеңде жедел деректерді ұсынуды қамтиды әрі уақтылы әрекет ету мен зардаптарды нақты бағалауға мүмкіндік береді. Табиғи өрттердің туындау қаупінің алдын алу мақсатында Министрлік өрт қауіптілік класы мен өрт қауіптілік индексін көрсететін карта әзірледі. Аталған карта mchs.gharysh.kz геоақпараттық жүйесінде және Tabigat.gov.kz ақпараттық жүйесінде қолжетімді», — деп түсіндірді министр.
Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, аталған жүйе екі негізгі құралдан тұрады:
1. Өрт қауіптілік класы – Қазгидромет деректері негізінде, метеожағдайлар мен өсімдіктер жамылғысының түрін ескере отырып, ҚР ормандарындағы өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес есептеледі.
2. Өрт қауіптілік картасы – өсімдіктер ерекшеліктерін ескере отырып, ғарыштық және метеорологиялық деректерді талдау негізінде қалыптасады және Қазақстанның бүкіл аумағын қамтиды.
Бұл тәсіл жерүсті метеостансалары мен Жерді қашықтан зондтау спутниктік деректерін біріктіреді. Нәтижесінде, бүкіл ел аумағы қамтылып, болжам дәлдігі артады.
Өрттерді мониторингілеу және моделдеу кезеңінде кешенді мониторинг жүргізіледі, оған мыналар кіреді:
Бірінші – жылу нүктелерін анықтау.
Температурасы қалыптан тыс жоғары аймақтар спутниктер арқылы тіркеліп, жерүсті стансасына беріледі және 2–4 сағат ішінде картада көрсетіледі.
Карталар қазіргі таңда ЭГТРМ мен ТЖМ үшін mchs.gharysh.kz геоақпараттық жүйесінде және Tabigat.gov.kz ақпараттық жүйесінде қолжетімді. Көрсету уақытын 30 минутқа дейін қысқарту үшін шілде айында жерүсті стансасын жаңғырту жоспарланып отыр.
Екінші. Өрттерді моделдеу - метеодеректер негізінде, жел бағыты, еңіс және жанғыш материалдардың ылғалдылығы ескеріле отырып жүргізіледі. Осы арқылы өрттің таралу бағыты мен жылдамдығын анықтауға болады.
Жақын арада сынақ аяқталған соң, құрал Tabigat ақпараттық жүйесіне енгізіледі.
Үшінші – өрттер кезінде жағдайды бағалау.
Бұл ретте ТЖМ спутниктік суреттерді mchs.gharysh.kz геоақпараттық жүйесі арқылы сұраныс бойынша алады.
Ғарыштық суреттер өрттің таралу ауқымын жедел бағалауға мүмкіндік береді.
Суреттер отандық Жерді қашықтан зондтау аппараттары мен шетелдік серіктестердің ресурстары есебінен беріледі.
2025 жылдан бастап Қазақстан ғарыш және ірі апаттар жөніндегі халықаралық хартияға қосылды, бұл төтенше жағдайларда халықаралық серіктестерден суреттерді тегін алуға жол ашады.
Үшінші – өрттен кейінгі кезең. Министрлік жанған аумақтарды бағалауды ғарыштық суреттер негізінде жүргізеді.
«Отандық Жерді қашықтан зондтау аппараттары мен шетелдік серіктестер спутниктерінен алынған суреттер негізінде ел аумағындағы орман және дала учаскелерінің күйі мен жанған аумақтар көлемі бағаланады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мүддесіне бағытталған бұл қызметтер 2025 жылы өндірістік пайдалануға енгізілген Tabigat.gov.kz ақпараттық жүйесі арқылы ұсынылады. Сонымен қатар орман шаруашылығы бойынша ақпарат жинауды автоматтандыру жүйесімен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде», — деп мәлімдеді спикер.
Өз кезегінде министр аталған жүйені ЭГТРМ балансына беру, әрі қарай техникалық қолдау мен дамытуды қамтамасыз ету бойынша тапсырма жүктеуді сұрады. Сондай-ақ «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ын орман-дала өрттерін ғарыштық мониторингілеу бойынша қызмет көрсетуші ретінде бекітуді ұсынатынын жеткізді.
Сонымен қатар «Қазтелеком» АҚ Экология министрлігімен бірлесіп, орман өрттерін ерте анықтау жүйесін әзірлеу жұмыстарын бастады. Жүйе орман алқаптарын кешенді мониторингілеу шешімін ұсынады.
Оның айтуынша, аталған бағыт аясында арнайы шолу бейнекамераларын орнату жоспарланған. Камералардан түсетін бейнеағын бағдарламалық түрде өңделіп, өрт белгілері анықталған жағдайда жүйе Жедел басқару орталығына сигнал беріп, деректер ТЖМ Командалық орталығына жолданады.
«Аталған жүйенің жұмысын қамтамасыз ету үшін «Қазтелеком» АҚ антенна-мачталық құрылыстар мен бейнекамералардың үздіксіз жұмысын қолдайтын автономды және резервтік қуаттандыру жүйелерін орнатуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде, жалпы ауданы 40 мың шаршы километрден асатын 24 ең өрт қауіпті орман шаруашылығы қамту жоспарланып отыр», — деп түйіндеді сөзін Жаслан Мәдиев.