Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен ауыл шаруашылығындағы ақпараттық жүйелердің мәселелері мен даму әлеуеті қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия төлеу үшін қолданыстағы Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (СМАЖ) негізінде бірыңғай салалық цифрлық платформа құруды ұсынды.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта фермерлер субсидияларды үш түрлі мемлекеттік органнан және үш түрлі ақпараттық жүйе арқылы алып отыр: АШМ, СИМ, ал жақын арада ЦДИАӨМ-де фермерлерге интернет пайдалану бойынша субсидиялау жүйесін іске қосу жоспарлануда. Әртүрлі жүйелерде жұмыс істеу пайдаланушылар үшін қиындықтар туғызуда. Вице-министр барлық жүргізілген және аяқталып жатқан интеграцияларды ескере отырып, Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (СМАЖ) АӨК саласындағы барлық қызметтерге субсидия берудің бірыңғай салалық платформасы болуға дайын екенін мәлімдеді.
Вице-премьер бұл ұсынысты қолдап, осы үдеріске тартылған барлық мемлекеттік органдарға, соның ішінде Қаржы министрлігіне, СМАЖ-нің АӨК саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған бірыңғай салалық платформа ретіндегі функционалын әзірлеу бойынша бірыңғай тұжырымдама жасауды тапсырды.
Фермерлерден субсидия төлеу үдерісінің ұзаққа созылуына байланысты келіп түскен көптеген өтініштерді ескере отырып, вице-премьер ауыл шаруашылығы министрлігіне СМАЖ жүйесінде жылға бөлінген қаржы шеңберінде субсидия төлеу өтінімдерінің электрондық кезегін қалыптастыру мүмкіндігін іске асыруды тапсырды. Жаңа жаңартулар мемлекет тарапынан фермерлерді қолдауға бөлінген жылдық бюджетті автоматты түрде есептеп, келесі кезеңге кезек қалыптастырып отыруы тиіс, бұл ретте биылға қарыз қалдырылмайды.
Тағы бір маңызды цифрлық жаңалық – ауыл шаруашылығы техникасын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бірыңғай цифрлық платформасында («ХҚКО 2.0» АЖ) есепке алу жүйесін енгізу. Бұл ауыл шаруашылығы техникасын арнайы ХҚКО-ларда тіркеуге мүмкіндік береді.
«Өткен жылы Алматы мен Қостанайда «ХҚКО 2.0» АЖ әзірленген функционалында машиналарды бастапқы тіркеу бойынша пилоттық жоба сәтті іске асырылды, – деді Бағлан Бекбауов.
«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясымен бірлесіп, бес түрлі мемлекеттік қызметті кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспары әзірленді: қайта тіркеу, есептен шығару, нөмірлік белгілерді алу, ауыл шаруашылығы техникасы туралы деректерді өзектендіру, кепілдер туралы анықтамалар беру.
Кеңесте өсімдік шаруашылығындағы бақылау жүйесін (ӨШБЖ) енгізу барысы да қаралды. Жүйе астықпен жасалатын операцияларға – егістік алқабынан бастап дайын өнімге дейін бағытталған. Ол оның сақталуы мен сатылу жолын, экспорттық операцияларға дейінгі үдерістерді қадағалауға мүмкіндік береді. Ұқсас тәсіл ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттау кезінде де қолданылады, бұл «көлеңкелі» схемаларды жоюға көмектеседі.
«Биылғы жылдың басынан бастап Ақмола облысында жүйені тестілеуге арналған пилоттық жоба іске қосылды. Онда пайдаланушылардың авторизациясы мен жүйемен жұмыс істеу функционалы қамтылған», — деп атап өтті вице-министр.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен ауыл шаруашылығы басқармаларының қызметкерлеріне арналған оқыту іс-шаралары өткізілді. Қазіргі уақытта пилоттық жобаға 100-ден астам адам қатысуда, олардың қатарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер, сақтау және сату процесімен айналысатындар бар. Жүйені республика бойынша іске қосу биыл қыркүйек айына жоспарланған.
Егіс алқаптарының нақты көлемі, өңделген жерлер мен өнім жинау туралы деректерді алу мақсатында ӨШБЖ жүйесінде «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ әлеуеті пайдаланылатын болады.
Жиын қорытындысы бойынша вице-премьер АӨК саласындағы цифрлық жүйелерді дамыту бойынша барлық ұсыныстарды қолдап, оларды сәтті іске асыру үшін тиісті тапсырмалар берді.