Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

Елімізде креативті индустрия субъектілері мен осы салада жұмыс істейтіндер саны 15%-ға артты

Елімізде креативті индустрия субъектілері мен осы салада жұмыс істейтіндер саны 15%-ға артты
Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысында ҚР мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева республикадағы креативті индустрияны дамыту жұмыстары туралы баяндады. Ол 2021 жылдан бері Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауларында ел экономикасында осы сектордың үлесін арттырудың маңызын бірнеше рет атап өткеніне тоқталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Республикада арнайы жобалық кеңсе жұмыс істейді, саланы дамыту тұжырымдамасы қабылданды, оны институционалдық тұрғыда қалыптастыру және осы саладағы бизнесті ынталандыру бойынша жұмыс жүргізілді.

«Бүгінгі таңда Қазақстандағы креативті индустрия 12 бағыт бойынша дамып, 43 экономикалық қызмет жіктеуіші түрін қамтиды. Қазақстанда креативті индустриямен айналысатын тіркелген субъектілерінің саны 45,5 мыңнан асады, еліміздің ЖІӨ-дегі жалпы қосылған құнның үлесі 1%-ды құрайды. Барлық субъектілердің 50%-дан астамы Алматы мен Астанада шоғырланған, олардың 70%-ы жеке кәсіпкерлер», — деді Аида Балаева.

Еліміздің креативті секторларында барлығы 143,6 мың адам жұмыспен қамтылғаны атап өтілді. Олардың ішінде IT, сәулет және сән өнері, мәдени-демалыс мекемелері, кітапханалар мен музейлер, сондай-ақ халықтың қолөнері еңбекті көп қажет ететін салалар болып саналады. 

2024 жылдың ақпан айынан бастап креативті саладағы кәсіпкерлерге арналған кешенді қолдау шаралары аясында оларға бөлшек салықтың арнайы салық режимі енгізілді. Нәтижесінде 1 жыл ішінде креативті индустрия субъектілерінің саны 15%-ға артып, жұмыспен қамтылғандар саны 15%-ға өскен. 

Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, 2024 жылғы Global Innovation Index (Жаһандық инновация индексі) нәтижелері бойынша Қазақстан «Креативті тауарлар мен қызметтер» көрсеткішінде 93 орыннан 65 орынға көтерілген. Сондай-ақ еліміз «Ұлттық фильмдер өндірісі» көрсеткіші бойынша 60 орыннан 31 орынға жоғарылады.

«Осылайша, салықтық жеңілдіктердің креативті экономика салаларына оң әсер еткенін көріп отырмыз. «Астана хаб» резиденттеріне арналған жеңілдетілген салық режимін, сондай-ақ IT саласы мен креативті индустриялардың өзара тығыз байланысын ескерсек, бұл саланың болашағы зор екені анық. Қазіргі уақытта жаңа Салық кодексі жобасы талқыланып жатқанын ескере отырып, біз креативті индустрияға арналған бірқатар ынталандырушы салықтық шараларды қарастыруды сұраймыз. Олар «бөлшек салық» арнайы салық режимін сақтаумен қатар, қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығына жеңілдетілген мөлшерлемелер белгілеуге қатысты», — деді Аида Балаева.

Жыл басында Мемлекет басшысы креативті индустрияны қолдауға бағытталған заңға қол қойды. Аталған заңнамалық өзгерістер институционалдық негіздерді қалыптастыру, инфрақұрылымды дамыту және басым салаларды қолдау шаралары секілді үш негізгі бағытқа шоғырланған.

Бұл заң креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша түзетулерді қамтиды. Атап айтқанда, уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейту, Үкіметтің креативті индустрияларды дамытуға жәрдемдесетін заңды тұлғаны айқындауы, мемлекеттік қолдау мен креативті индустрияларды ынталандыру ережелерін әзірлеу және бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыретін бекіту.

Сонымен қатар түзетулердің екінші пакеті әзірленіп, Мәжілісте қаралуда.

Бұдан бөлек, сенбі күні Мемлекет басшысы Бюджет кодексіне және оған ілеспе заңдарға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Осы түзетулер аясында ұлттық лотерея операторы өткізген лотерея билеттерінің 3%-ын креативті индустрияны дамытуға бағыттау көзделген.

«Енді қолданыстағы заңнамалық өзгерістердің әр бағытына жеке-жеке тоқталып өтсем. Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында креативті индустрияны қолдауға арналған арнайы институт құруды тапсырды. Осылайша, заңға сәйкес, креативті индустрияны дамытуға жәрдемдесетін заңды тұлға – Креативті индустрияларды дамыту қоры болады», — деп мәлімдеді министр.

Қор Қазақстанның жетекші шығармашылық және білім беру ұйымдарының қатысуымен қорпоративтік қор ретінде құрылады және негізгі 4 бағыт бойынша қызметті жүзеге асырады:

  • Таланттарды анықтау (конкурстар, креатондар, мобильді продюсерлік орталықтар ұйымдастыру, өңірлерде таланттарды іздеу).

  • Жобаларды дамыту (стартаптарды акселерациялау және инкубациялау, коммерцияландыру, инвестиция тарту).

  • Инфрақұрылымды дамыту (хабтар желісін кеңейту, тұрақты арт-алаңдар құру, мемлекеттік мүлікке қол жеткізуді қамтамасыз ету).

  • Экспортқа қолдау көрсету (шетелдік аудиторияға шығу, маркетинг және PR, авторлық құқықты қорғау). 

Мәдениет және ақпарат министрінің айтуынша, мұндай құрылымдар әлемнің жетекші елдерінде де бар. Ұлыбританияда – Creative England қоры, Оңтүстік Кореяда – Creative Korea қоры жұмыс істейді, бұл қор корей мәдени толқынын (халлю) ілгерілетудің негізгі операторы саналады.

«Еліміздегі Креативті индустрияларды дамыту қорының бюджеті ұлттық лотерея операторы қызметінен бөлінетін 3% аударым есебінен қалыптастырылады. Қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі – креативті индустриядағы венчурлық инвестицияларды дамыту. Осыған байланысты АХҚО базасында басқарушы компаниялардың пулын тарта отырып, жедел және қайтарымды негізде ақшалай қаражатты тиімді орналастыруға мүмкіндік беретін венчурлық бөлімше құрылатын болады», — деп толықтырды Аида Балаева. 

Келесі заңнамалық жаңалық – жергілікті атқарушы органдарды креативті индустрияны дамыту бойынша құзыреттермен қамтамасыз ету. Бұл норма ел өңірлерінде креативті хабтар құру және дамыту мақсатында қабылданды. 

«Бүгінгі таңда республика бойынша 12 креативті хаб ашылды. Алайда, Ақмола, Алматы, Жетісу, Ұлытау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Креативті хабтар – өңірлердегі креативті индустрияны дамытудың негізгі инфрақұрылымы болуға тиіс. Олар өңірлік экожүйенің орталығына айналып, таланттарды тарту және олармен жұмыс істеу бойынша маңызды рөл атқарады», — деп атап өтті Аида Балаева. 

Сонымен қатар бұл жүйеге мектеп оқушыларына арналған қосымша білім беру орталықтары, колледждер мен жоғары оқу орындары, сондай-ақ жекеменшік хабтар мен шығармашылық алаңдар тартылатын болады.

Аида Балаева мәлімдегендей өңірлердегі креативті экожүйе толық қалыптасқаннан кейін, аймақтық хабтар Креативті индустрияларды дамыту қорының жергілікті бөлімшелері ретінде жұмыс істейді. Олар креаторларға Қордың барлық қызметтер пакетін ұсынады, бірыңғай әдістеме бойынша жұмыс істейді, Қордың ресурстары мен өзге де хабтардың мүмкіндіктерін пайдаланады. Осылайша, «экстерриториалдық» қағидат іске асырылады, яғни, креативті индустрия субъектілері елдің қай өңірінде болса да, бірдей деңгейде қызмет пен қолдау ала алады.

Тағы бір заңнамалық жаңалық – Мәдениет және ақпарат министрлігінің креативті индустрияны мемлекеттік қолдау және ынталандыру ережелерін әзірлеу және бекіту құзыретін айқындау.

«Министрлік саланы қолдауға бағытталған қаржылық және қаржылық емес құралдарды әзірлейді. Осы шараларды жүзеге асыратын негізгі операторлар – Креативті индустрияларды дамыту қоры, өңірлік креативті хабтар және жергілікті атқарушы органдар. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, креативті индустриядағы барлық қызмет түрлерін бірден қамту тиімсіз. Сондықтан бастапқы кезеңде мемлекеттік қолдау шаралары нақты басым бағыттарға шоғырландырылатын болады», — деді спикер.

Жоспарланған жұмыстарды іске асыру нәтижесінде 2029 жылға қарай келесі көрсеткіштерге қол жеткізіледі:

  • Бірінші. Креативті индустрияларда жұмыспен қамтылғандардың санын жыл сайын 5%-ға арттыру (2025 жыл – 143 600 адам, 2026 жыл – 150 780 адам, 2027 жыл – 158 319 адам, 2028 жыл – 166 235 адам, 2029 жыл – 174 546 адам)

  • Екінші. Креативті индустриялардағы кәсіпкерлік субъектілерінің санын жыл сайын 5%-ға арттыру (2025 жыл – 45 500 бірлік, 2026 жыл – 47 775 бірлік, 2027 жыл – 50 163 бірлік, 2028 жыл – 52 672 бірлік, 2029 жыл – 55 305 бірлік)

  • Үшінші. Креативті өнімдер мен қызметтердің экспортын жыл сайын 5%-ға арттыру (2025 жыл – 96 млн доллар, 2026 жыл – 100 млн доллар, 2027 жыл – 105 млн доллар, 2028 жыл – 111 млн доллар, 2029 жыл – 116 млн доллар)

  • Төртінші. Креативті индустриялардың еліміздің жалпы ішкі өніміндегі (ЖІӨ) үлесін 2029 жылға қарай 2%-ға дейін ұлғайту (2025 жыл – 1,3%, 2026 жыл – 1,5%, 2027 жыл – 1,7%, 2028 жыл – 1,9%, 2029 жыл – 2,0%)

«Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін өңірлік әкімдіктер креативті индустрияны дамытуға қолайлы жаңа жағдайлар жасауы қажет. Креативті индустриядағы барлық нысандар тікелей Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзыретінде болмағандықтан, жергілікті атқарушы органдардың қолдау шараларын күшейтуі аса маңызды. Қазіргі таңда саланың толыққанды жұмыс істеуі және дамуы үшін кинотеатрлар, арнайы ғимараттар мен инфрақұрылым жеткіліксіз. Сондықтан жергілікті әкімдіктер бұл мәселеге ерекше назар аударуы тиіс», — деп атап өтті Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, инвесторлар креативті индустрияның ауқымды әрі болашағы зор әлеуетіне назар аударып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттары негізінде жобаларға қаражат салуы қажет.

«Әсіресе, ірі концерт залдары, креативті хабтар, кинотеатрлар және басқа да шығармашылық кеңістіктер салуға баса назар аудару керек. Бұл нысандар креативті тұлғалар мен көрермендерді тартатын орталықтарға айналып, бүкіл саланың дамуын ынталандыратын болады. Министрлік осы бағытта барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын», — деді ол.

Мемлекет басшысы барлық саланы цифрландыруды стратегиялық міндет ретінде айқындады. Осыған байланысты, Мәдениет және ақпарат министрлігінің алқа отырысында мәдениет пен өнер саласын цифрландыру бойынша алдағы шаралар қарастырылды. 

Министрлік мәдениет, архив және кітапхана ісі, кино саласы, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар деректерін есепке алу бағыттарында цифрлық жобаларды іске асыруда.

Бүгінгі таңда Министрлікте келесі ақпараттық жүйелер жұмыс істейді:

  •  «е-Архив» ақпараттық жүйесі.

  • «Үкіметтік емес ұйымдар дерекқоры» ақпараттық жүйесі.

  • «Ұлттық цифрлық кітапхана» ақпараттық жүйесі.

  • «Кино көрсететін және фильмдер өндіретін ұйымдардың бірыңғай мониторингі» (е-Кино) ақпараттық жүйесі.

«Әрбір жүйе туралы толығырақ тоқталып өтсем. «е-Архив» ақпараттық жүйесі ведомстволық және мемлекеттік архивтердің қызметін автоматтандыруға бағытталған. Бұл жүйе 2021 жылы өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. Қазіргі таңда «е-Архив» жүйесіне 2269 мемлекеттік мекеме қосылған, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігіне қарасты мемлекеттік органдар да бар. Сонымен қатар жүйе мемлекеттік органдардың 20 ақпараттық жүйесімен интеграцияланған», — деп түсіндірді Аида Балаева.

Жүйе арқылы 2 мемлекеттік қызмет көрсетіледі:

  • Архивтік анықтамаларды апостильдеу.

  • Архивтік анықтамалар беру. 

Елемізде 2024 жылдың қорытындысы бойынша «е-Архив» арқылы 672 375 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан мәдениетін жаһандық цифрлық ресурстарда көрсету мақсатында Ұлттық цифрлық архив құру жоспарланып отыр.

Бұл жоба келесі міндеттерді шешуге бағытталған:

  • Архивтік құжаттарды цифрлық форматта сақтау,

  • Архив материалдарына, мәдени құндылықтар мен өнер туындыларына қолжетімділікті кеңейту,

  • Ғылыми зерттеулер жүргізуге және Қазақстан азаматтарының сұраныстарын қанағаттандыруға жағдай жасау. 

2024 жылдың қаңтар айында 15 орталық мемлекеттік органның 2 млн-нан астам құжаты Мемлекеттік органдардың Бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесінен «е-Архив» жүйесіне көшірілді.

«Биыл “е-Архив” жүйесін одан әрі дамыту көзделген. Жүйенің функционалы кеңейтіледі. Әртүрлі форматтағы құжаттарға қолжетімділік артады. Атрибутивтік іздеу жүйесі іске қосылады, бұл пайдаланушыларға қажетті құжаттарды оңай әрі жылдам табуға мүмкіндік береді. «е-Кітапхана» ақпараттық жүйесі – ұлттық мәдени баспа мұрасын сақтау және насихаттау, оған қол жеткізуді арттыру және тиімді пайдалану, сондай-ақ кітапханалық-ақпараттық жүйені автоматтандыруға бағытталған», — деді министр.

Бұл жоба халық арасында кітап оқу деңгейін арттыруға, кітапхана қызметтерінің сапасын жақсартуға, кітапхана ресурстарына қолжетімділікті жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Мәдениет және ақпарат министрінің айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің Ұлттық электронды кітапханасы (ҚазҰЭК) жүйесінде 80 мыңнан астам электронды кітаптың көшірмесі бар. 2024 жылы бұл порталға 400 мыңнан астам пайдаланушы кірген. 

«Алдағы уақытта ҚазҰЭК базасында «Бірыңғай автоматтандырылған кітапханалық жүйе» (БАКЖ) әзірленіп, кеңейтілетін болады. Бұл орталықтандырылған цифрлық платформа. Оның мақсаты – кітапхана қорларын басқару процестерін автоматтандыру, каталогтау және оқырмандарға қызмет көрсетуді оңтайландыру, еліміздегі кітапханалар арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру», — деді Аида Балаева. 

БАКЖ жүйесінде «электрондық оқырман билеті» енгізіледі, ол арқылы еліміздегі кітапханалардың электрондық ресурстарын пайдалану, қағаз кітаптарды да оқырманның орналасқан жеріне қарамастан, бірыңғай кітапхана желісі арқылы алуға мүмкіндік беріледі. Қазіргі уақытта бұл жүйе Ұлттық кітапхана базасында пилоттық режимде тестіленуде. Кейін облыстық, университеттік және басқа да деңгейдегі кітапханаларға кеңейтіледі.

Сонымен қатар «Үкіметтік емес ұйымдар дерекқоры» жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе ҮЕҰ қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, семлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орналастыруды реттеу, гранттар беру және сыйақылар тағайындау, Қазақстандағы белсенді ҮЕҰ-ларды түгендеу және есепке алу мақсатында әзірленген.

Жобаның қосымша мүмкіндіктері:

  • ҮЕҰ-ларға өтінім беру және қаржылық есептілік тапсыру рәсімдерін жеңілдету,

  • ҮЕҰ-лардың бірлескен жобалар жүргізу үшін серіктестерді іздеуін,

  • Донорлар мен қаржыландыру көздерін табуды қамтамасыз ету.

2024 жылдың желтоқсан айында «ҮЕҰ дерекқоры» жүйесі ҚР ЦДИАӨМ «Цифрлық үкіметті қолдау орталығымен» бірлескен жұмыс нәтижесінде жаңартылған цифрлық платформаға (esep.govtec.kz) көшірілді.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандық ҮЕҰ-лар есептерін осы жаңа платформа арқылы тапсыруда.

«Биыл “ҮЕҰ дерекқоры” жүйесін мемлекеттік мәліметтер базаларымен біріктіру жоспарлануда. Атап айтқанда, жеке және заңды тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқорлар, Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелері, Сот органдарының “Төрелік” жүйесі және басқа да мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялау жүргізіледі», — деп атап өтті министр.

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында берген тапсырмасын орындау аясында, Мәдениет және ақпарат министрлігі Бірыңғай кино мониторинг жүйесін («е-Кино») әзірледі. Бұл жүйе киноиндустриядағы ашықтықты арттыру, елімізде кассалық түсімдерді әділ бөлу міндеттерін атқарады. «е-Кино» жүйесіне деректер кинотеатрлардың билет сату жүйесінен нақты уақыт режимінде түседі. Жүйе жекелеген сеанс және фильм көрсетіліп жатқан өңір бойынша көрермендер саны мен кассалық түсімдерді бақылауға, билеттерді жүктеу үрдісін мониторингтеуге, кино көрсетілімдері мен түсімдерін жанр, тіл және өндіріс елі бойынша талдауға мүмкіндік береді.

Аида Балаеваның айтуынша, қазіргі уақытта «е-Кино» жүйесі сынақ режимінде пайдалануда. Жүйеге 103 кинотеатрдың 68-і қосылған. 30,4 млн теңге кассалық түсім есепке алынды. 20 310 билет тіркелді.

Қазіргі таңда жүйені ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тестілеу мәселесі қарастырылуда. Бұл оның өнеркәсіптік пайдалануға енгізілуіне мүмкіндік береді.

«Айта кетейік, “е-Кино” – креативті салаларды цифрландырудың алғашқы қадамы. Сондай-ақ биыл Қазақстан музейлерінің виртуалды желісін – “E-Museum” веб-порталын іске қосу жоспарлануда. Жаңа платформа визуалды және интерактивті технологияларды пайдалана отырып, еліміздің мәдени мұрасын бүкіл әлемге қолжетімді етуді көздейді», — деді спикер.

Порталдың ерекшеліктері:

  • 3D-модельдеу технологиялары енгізіледі,

  • Кез келген елден пайдаланушылар Қазақстанның мәдени мұрасымен таныса алады,

  • Қазақстан Республикасының Мемлекеттік музей қорының каталогын жүйелі түрде электронды форматта жүргізу қамтамасыз етіледі.

Бұл жоба аясында еліміздегі барлық музейлерден ақпаратты сапалы және толық жинау жүргізіледі, озық әлемдік тәжірибе негізінде музей қорының цифрлық платформасы жасалады.

Сонымен қатар Министрлік жасанды интеллектті қолданатын 4 цифрлық бастаманы жүзеге асыруда:

1. «Контентті мемлекеттік тілде цифрлық дыбыстау» және «Есту қабілеті төмен және естімейтін азаматтар үшін мемлекеттік тілде ым-ишара аудармасы». 

Аталған бастамалар видеоконтентті мемлекеттік тілге аудару және дыбыстау процесін, фильмдер мен сериалдарды аудару және бейімдеу процесін жеделдетеді, сондай-ақ бұл саладағы инклюзивтілікті арттырады.

2. «Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын цифрландыру»

Жобаны кеңейту аясында Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы, құнды экспонаттар мен сирек кездесетін жәдігерлер цифрландырылатын жеке модуль іске қосылады.

Негізгі мақсат – үйден шықпай-ақ Қазақстан музейлері мен театрларын, көрмелерін тамашалау, Қазақстандық телевизияның алтын қорымен танысу.

3. «Жасанды интеллект элементтері бар Ұлттық цифрлық білім базасы»

Жасанды интеллект элементтері бар Ұлттық білім базасы – бұл біріктірілген платформа құруға арналған жоба.

«Жоба «е-Кітапхана» және «е-Архив» жүйелерімен біріктіріледі, қажет болған жағдайда басқа мемлекеттік органдардың жүйелерімен де интеграцияланады», — деді Аида Балаева.

Министрдің баяндамасында айтылғандай ІІ дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығын атап өту аясында, Министрлік майдангерлердің және тыл еңбеккерлерінің ерліктерін мәңгі есте қалдыру бойынша жұмыстар жүргізуде.

Қазіргі таңда «Батырларға тағзым» ақпараттық порталы жұмыс істейді, онда 100 мыңнан астам майдангер туралы мәліметтер орналастырылған.

9 мамырға арнайы жаңартылған «Батырларға тағзым» порталы іске қосылады. Қазақстанның архивтік қорларында сақталған барлық мәліметтерді біріктіру мақсатында бұл портал «е-Архив» жүйесімен интеграцияланады. Осылайша, әрбір қазақстандық сол кезеңнің бірегей архивтік деректеріне қол жеткізе алады. Министрлік мәдениет, ақпарат, креативті индустрия және кітап ісі салаларын цифрландыруды тек жоғарыда аталған бастамалар мен жүйелер аясында ғана емес, сонымен қатар IT саласындағы жетекші компаниялармен әріптестік негізінде де жүзеге асырады.

«Алдымызда қойылған міндеттер мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау баршамызға ортақ маңызды іс. Креативті индустрия мен цифрландыру саласы бүгінгі таңда экономика мен қоғамның тұрақты дамуы үшін маңызды бағыттар саналады. Бұл екі саланың үйлесімді дамуы еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді сөзін министр. 

скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Баян Алагөзова сәбилі болды
Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынады
Бүгін Димаш Құдайберген 30 жасқа толды
Димаш Құдайберген Ақтөбе облысының құтқарушыларына алғысын білдірді
Мультимедиа
Мемлекет басшысы күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады
2025 жылғы реформалар мен жаңа өзгерістер: Көлік министрлігі
Мемлекет басшысы KIS Astana халықаралық мектебін аралап көрді
Шымкентте «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы өтті
Олжас Бектенов Президенттің Жаңаөзенді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексеріп, ГӨЗ құрылысымен танысты