Қалалық полиция департаментінде ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың қатысуымен қорытынды жиын өтті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жиынға департамент басшылығы мен жеке құрамы қатысты.
Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков 2024 жылы қалада криминогендік ахуал тұрақты болғанын, жалпы қылмыс саны 16 пайызға азайғанын жеткізді. Сондай-ақ қоғамдық орындарда жасалған құқық бұзушылықтар саны 7 пайызға төмендегенін айтты. Бұдан басқа, заңсыз айналымнан 158 келі есірткі тәркіленіп, 3 есірткі зертханасы жойылғанын атап өтті.
Сонымен қатар жиында ішкі істер министрлігінде өткен кеңейтілген алқа отырысында полиция қызметкерлеріне жүктелгенін міндеттер жеткізілді.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов 2025 жылды «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялады. Осыған байланысты жеке құрамға құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық шараларды және азаматтарды құқықтық ақпараттандыру бойынша жұмыстарды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.