Бүгінде Атырау облысындағы жағдай күрделі күйінде қалып отыр, бірақ тұтастай алғанда жағдай тиісті органдардың бақылауында. Олар дронның көмегімен Жайық өзеніндегі су деңгейіне де, су тасқыны жағдайына да мониторинг жүргізіп жатыр. Су тасқынының салдарын жою мақсатында құтқарушылар, полицейлер мен ұландықтар жағалауды нығайту секілді басқа да жұмыстарды атқарып жатыр, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Мәселен, бүгінде 5546 (Атырау қ.) және 5451 (Қарағанды қ.) әскери бөлімдерінен 700-ге жуық әскери қызметші осы өңірге тартылды. Ұландықтар полицейлермен және құтқарушылармен бірлесіп инертті материалдары бар қапшық дайындау, бөгет салу, сондай-ақ су айдындарының жағалауын нығайту жұмыстарымен және адамдарды эвакуациялаумен шұғылдануда.
Сонымен қатар таңнан кешке дейін 150-ден астам атыраулық әскери қызметші Еркінқала, Дамбы кентіндегі және Рембаза шағынауданындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып жатыр. Сондай-ақ Атырау полкінің сарбаздары үнемі келіп тұратын гуманитарлық көмекті түсірумен және тиеумен айналысып жатыр.
Ал қарағандылық ұландықтар Ракуша кентінде жағалауды нығайту, қаптарға құм толтыру және оларды төсеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Бұдан бөлек олар Атырау-Көпір-Әлиев, Балықшы, Көк-Арна-Балық зауыты, Жаңаталап, Балық аулау каналы шағын аудандары мен Атырау – Индер – Бесікті тасжолы, Суарнасы-Орталық, ФОК маңайларындағы жұмыстарға да жұмылдырылған. 5451 әскери бөлімінің сарбаздары Құлсары қаласының аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді қолға алған. Әскери қызметшілер осы ірі елді мекенде екі ауысымда патрульдік-бекеттік қызмет атқарады.
Айта кетейік, 5517 (Орал қ.) және 6655 (Ақтөбе қ.) әскери бөлімдерінің 400 әскери қызметшісі де өз өңірлерінде патрульдік-бекеттік қызмет атқарып жүр. Ұландықтар күндіз-түні қауіпсіздік мақсатында азаматтарды су басқан үйлерге жібермей тұр. Оларға Ұлттық ұланның Ми-171Е тікұшағы көмекке берілді.
Жалпы, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 9 әуе кемесі су басқан аудандардың тұрғындарына уақытылы көмек көрсету үшін Қазақстанның кез келген жеріне көмекке ұшуға дайын.
Жалпы, су басқан өңірлердегі су тасқынына қарсы іс-шаралар басталғаннан бері апаттың алдын алу және салдарын жою үшін 3 мыңнан астам ұландық жұмылдырылды. Олар 120 автомобиль техникасы мен 6 әуе кемесін пайдаланды. Нәтижесінде 1781 адам эвакуацияланды, ұзындығы 117 шақырымнан астам жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 1,5 миллион құм толтырылған қап дайындалып, белгіленген жерлерге төселді. Су тасқыны болған жерлерге 160 тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізілді және ұландықтар 2,3 тонна гуманитарлық жүкті түсіруге көмек берді.