Алматыда рұқсатсыз жеке тасымалдаумен айналысқан Тәжікстан азаматы анықталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Осы жылдың 11 айында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 2 мыңға жуық азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде елде болу ережелерін бұзғаны үшін 1474 шетелдік, Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңнамасын бұзғаны үшін 180 азамат және тағы басқа да тұлғалар анықталған. Соттардың қаулысымен елімізден тыс жерлерге 376 шетелдік азамат шығарылды.
Көліктегі ПД бастығы Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде Тәжікстан Республикасының 22 жастағы азаматын анықтады. Ол тиісті рұқсатсыз жолаушыларды жеке тасымалдаумен (такси) айналысқан.
Бұдан бөлек, мән-жайды анықтау кезінде шетелдік азамат Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны анықталды, яғни жүзеге асыратын қызметі визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес келмеген.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігі және ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігі бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылды.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен шетелдік құқық бұзушы кінәлі деп танылып, ҚР аумағына кіруге 5 жыл мерзімге тыйым салу белгіленіп, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарып жіберу түрінде әкімшілік жазаға тартылды.