Машина жасаудың барлық секторында өндіріс локализациясын ұлғайтуға басымдық беріледі, деп хабарлайды kazlenta.kz.
ҚР Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев отандық машина жасау саласын дамыту жоспарлары туралы айтып берді. Атап айтқанда, теміржол машина жасау саласын дамыту жүк, жолаушылар вагондары мен локомотивтердің өндірісін ұлғайтуға бағытталған. Бұл ретте барлық бағыт бойынша локализацияны тереңдетуге басымдық берілетінін айта кетейік.
Мысалы, швейцариялық Stadler компаниясы 2030 жылға дейін арба, вагонның дәнекерленген шанағы, климаттық қондырғы және т.б. отандық компоненттерді пайдалану арқылы жаңа буындағы 537 жолаушылар вагонын шығаруды жоспарлап отыр.
Ауыл шаруашылығы машина жасау секторында 2023 жылы 5 мың трактор мен 900 комбайн шығару көзделген.
«Қазір өндірілетін техника ірі торапты құрастыру процесіне негізделген. Бірақ біз шағын торапты әдіске жоспарлы түрде көшуді мақсат етіп отырмыз. Секторды одан әрі дамыту аспалы және тіркемелі техника өндірісін кеңейтуге бағытталатын болады», деді министр.
Техниканың номенклатуралық қатарын кеңейту локализация деңгейін арттыруға және сектордың импорт тәуелділігінен арылуға мүмкіндік береді.
Автомобиль жасау секторында локализация деңгейін тереңдетуге басымдық беріледі. Атап айтқанда, автокомпоненттік базаны, оның ішінде автомобиль орындықтарын, мультимедиялық жүйені, қаптамаларды, шашыратқыштар мен шиналарды дамыту межеленген. Бұл мақсаттта тиісті өндірістердің құрылысы басталды.
«Бұл жыл автомобиль өндірушілеріне қатысты саясатты қайта қарау тұрғысынан маңызды болып саналады. Біздің алдымызда 3 міндет тұр. Біріншіден, шығарылатын автомобильдер қатарын кеңейту. Қазір екі автомобиль зауытының құрылысы жүріп жатыр. Екіншіден, шағын торапты құрастыруды дамыту қарастырылған. Ол үшін автоөндірушілерге қойылатын талаптарды арттыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Үшіншіден, компоненттік базаны құру көзделген. Қазір қазақстандық кәсіпорындар автокөліктерге арналған бөлшектерді орнату үшін омольгация процесінен өтіп жатыр», деді М.Қарабаев.
Сондай-ақ ИИДМ басшысы 2022 жылы ішкі нарықта сатылған 150 мың автокөліктің 103-ін отандық компаниялар шығарғанын атап өтті.
Электротехникалық машина жасау секторында Alageum Electric ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен қамтамасыз ететін трансформаторлар шығарып келеді. «Қазнэргокабель» және «Еуразкабель» сияқты кәсіпорындар сұранысқа ие кабельдік өнімдерді жеткізіп жатыр.
Тағы маңызды бағыттардың бірі тұрмыстық техниканың өндірісі саналады. Қазір «Алматы туристік техника» компаниясы Dauscher брендімен электрлі плиталар мен пештерді шығаруды жолға қойды.
Бұған қоса халық жиі тұтынатын тауарлар өндірісін теледидар, тоңазытқыш, үрмелі және микротолқынды пешті шығару есебінен арттыру жоспарланған. Бұл болашақта отандық өндірістің үлесін нығайтуға және сыртқы нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. Жобаларды іске асыру кезінде ішкі нарықты 250 млн доллар көлеміндегі тауарлармен қамтып, экспортты 100 млн доллар сомасына арттыру көзделген.
«Биыл Қарағанды облысының Саран қаласында тұрмыстық техника өндірісіне байланысты жоба іске асырылмақ. Бұл саланың дамуына серпін беріп қана қоймай, моноқаланың дамуына септігін тигізеді», деді ведомство басшысы.
Мұнай-газ және тау-кен металлургиясы машина жасау секторларындағы мемлекеттік саясат жер қойнауын пайдаланушылардан тапсырыстардың өсімін ынталандыру жолымен отандық өндірістің әлеуетін дамытуға бағытталған. Ол үшін заңнаманы өзгерту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.