2022 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстанға сырттан келген туристер саны 3,4 млн адам болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6 есе көп. Алайда, ҚР-ға келгендер санының айтарлықтай артуы елдегі туристік кластердің жақсаруымен байланысты емес, деп хабарлайды energyprom.kz-ке сілтеме жасаған kazlenta.kz
Шетелген келген туристер санының артуын екі фактормен сипаттауға болады. Біріншіден, бұл коронавирустық пандемиямен байланысты жағдайдың жақсаруы және карантиндік шектеулердің барлық түрлерінің алынып тасталуы. Екіншіден, мұндай айтарлықтай өсімге Ресейдегі мобилизация және жалпы Украинадағы соғыс себеп.
Дегенмен, Қазақстаннан шетелге шығушы туристер келуші туристерден көп. Мәселен, 2022 жылдың тоғыз айында 5,6 млн қазақстандық басқа елдерге демалуға кеткен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе артық.
Ішкі туризм (яғни ҚР аумағында) де өсті: бір жылда 25,1% көбейіп, 4,9 млн адамға жетті.
Жалпы, Қазақстандағы туризм саласы мемлекеттің әлсіз тұсы деуге болады. Қабылданған көптеген шараларға қарамастан, жағдай өзгермей, әлі сол мүшкіл күйінде.
U.S. News құрастырған туризмі дамыған елдер рейтингінде Қазақстан әлемнің 85 елі арасында артынан санағанда екінші, яғни 84-орында. Қазақстан мен Иранның көрсеткіштері өте төмен. Бұл рейтингте Қазақстан Украина, Өзбекстан, Әзірбайжан, Беларусь, Ресей сияқты елдерден ғана емес, Замбия, Ливан, Мьянма және т. б. елдерден де төмен. Беделді басылым құрастырған рейтинг саладағы жағдайды айқын көрсетеді.
ҚР-ның туристік имиджін қалыптастыру дамудың стратегиялық бағыттарының бірі, дегенмен қабылданған шаралардың тиімсіз екені анық, ал кейбір қадамдар мүлде даулы. Мысалы, Қазақстанда тұрақты түрде KITF «Туризм және саяхат» қазақстандық халықаралық көрмесі өтіп тұрады, бұл көбіне шетелге шығу туризмін дамытуға ықпал етеді. Көрмеге отандық туроператорлармен және басқа да компаниялармен келісімшарттар мен меморандумдар жасайтын түрлі елдердің өкілдері келеді.
KITF-тің 2022 жылға арналған есебіне сәйкес, көрмеге келушілер үшін ең қызығы халықаралық туризм. Көрме сонымен қатар іскерлік, білім беру, медициналық және сауықтыру туризмін, сонымен қатар шетелде жылжымайтын мүлікті сатып алуды белсенді түрде ілгерілетеді. Ішкі туризм бөлімі де бар, бірақ оған қатысу арзан емес. Айта кету керек, көрме негізінен шығу туризміне бағытталғанына қарамастан, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласы әкімдігінің, Kazakh Tourism ұлттық компаниясының, «Атамекен» ҰКП және т. б. қолдауына ие.
Расында, уәкілетті органдар ішкі туризмді дамытып, сырттан туристерді тартудың орнына керісінше сыртқа шығу туризмін дамытуға бағытталған көрмелерді қолдайтыны белгілі болды. Есесіне жергілікті қазақстандық туристік көрмелер, ең алдымен, жергілікті туризмді алға жылжытқанымен, мемлекет тарапынан тиісті қолдау ала алмай отыр.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2022 жылға арналған бюджеттік бағдарламаларының (кіші бағдарламаларының) орындалуына жүргізілген мониторингтің қорытындысы туралы есебіне сәйкес, ведомствоға «Туризмді және туристік қызметті дамытуды ынталандыру» санатына 402 млн теңге ұсынылған. Бұл өте аз сома, соның өзінде қаржының небәрі 21,3%-ы ғана орындалған, ал игерілмеген сома 316,2 млн теңге. Оның ішінен:
• кіру туризміндегі туроператорлардың әрбір шетелдік туриске кеткен шығындарын субсидиялау жоспарының 10,3% орындалды;
• ҚР аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау үшін туристік өнімге енгізілген билет құнын субсидиялау жоспары 36,1% орындалған.
Еліміздегі туризм саласын дамытуға жауапты тұлғалар тарапынан мұндай немқұрайлылықпен, шынын айтқанда, мақтанатын ештеңенің болмауы таң қаларлық емес. Отандық туристерді сақтап қалу керек, шетелден туристердің келуін жан-жақты ынталандыру керек, ал қазақстандық туристердің шетелде қалай ақша жұмсайтынын ол жақтағы компаниялар онсыз да жақсы біледі. Айтпақшы, Қазақстанда патриотизмге тәрбиелеудің маңызы туралы үнемі айтылып келеді. Оны ең алдымен ҚР-ның көрікті және маңызды жерлерін ең болмағанда қазақстандықтар үшін қолжетімді әрі тартымды етуден бастаса дұрыс болар еді. Алайда бұл да қазір елімізде кенже қалып тұр.