"Ақ Жайық" басылымының мәліметінше, Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында бұрын алманың жақсы сорттары өсіріліген. Кейін бұл іс тұралап қалған. 1948 жылы ашылған алма бағы өз уақытында 17 түрлі алма сортын өсіріп, одан 3 түрлі өнім алып, бүкіл Қазақстанды ғана емес, Татарстан, Башқұртстан, Ресейдің бірнеше облыстарын қамтамасыз еткен. Сарытоғайдың символына айналған ескерткішті ауылдың азаматы, ағаш шебері Орынғали Сариев жасаған. Ыстық пен суыққа төзімді шыныпластиктен жасалған ескерткіштің биіктігі 3 метр.
"Сарытоғай бір кездері Қазақстанның екінші Алматысы атанып еді. Сол кезде ауылдың жас-кәрісі осы бақта қайнаған қызу жұмыстың ортасында жүрді. Суды Жайық өзенінен шелекпен тасыдық. Балалар жастайынан еңбекке шыңдалды. Бүгінде сол алма бақтың орны мен ескірмейтін естеліктері ғана қалды. Бақтың жұмысы кері жанданса, аудан экономикасына көп пайда әкелер еді", - дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәли Рақымжанов. Павлодарда инелікке арнап қойылған мүсін.
Ал Павлодардағы қайта жасалып жатқан Гагарин саябағына инеліктің мүсіні қойылды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz. Мүсінші Марат Абылқасымовтың айтуынша, бұл мүсінді жасау үшін бір ай уақыт кеткен. Инсталляция толығымен металдан, тұғыры тастан, қанаты түрлі түсті органикалық шыныдан жасалған.
"Әкімдік тарапынан бұл мүсінді инелік түрінде жасау туралы ұсыныс түсті. Гагарин саябағын көріктендірумен айналысатын мердігер тендерді ұтып алып, осындай мүсін орнатуға шақырды. Әдетте инеліктер пайда болған кезде адамдар қуана бастайды. Себебі, жәндіктердің бұл түрі шыбын-шіркейлерді жояды. Инелік – қансорғыштармен күресудің символы", - дейді Марат Абылқасымов.