Құрылыс саласы елдің әлеуметтік, экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Кейінгі жылдары өңірімізде құрылыс саласының қарқыны күшейіп, жұмыс орны көптеп ашылып жатқанын жұрт біледі. Бүгінгі күндегі қиын жағдайда құрылыс саласы жұмыссыз қалған көптеген адамның тіршілігін түзеуіне сеп болатыны анық. Қазір елдің қай түкпіріне барсаңыз да өлкенің айбынын арттырып, сымбатына сән қосқан ғимараттар көз сүйсіндіреді. Алыстан менмұндалайтын биік нысандардың қатары жыл озған сайын көбейіп келеді. Заман талабына сай салынған көп қабатты тұрғын үйлер де ауыл мен қаланың ажарын айшықтап, талай адамның қуанышын еселей түсуде. Жаңа құрылыс бой көтерген сайын оның қасбетінің әрленуіне де ерекше көңіл бөлінеді. Түрлі архитектуралық пішіндер мен безендірулер де сонадайдан көз тартады.
Алматы облыстық құрылыс басқармасының ақпараты бойынша, биыл аталған басқарманың бюджет көлемі 86,0 млрд. теңгені құрады, оның ішінде республикалық бюджеттен субвенция есебінен 13,3 млрд. теңге, Ұлттық қор есебінен 28,0 млрд. теңге, ішкі қарыздар есебінен 16,7 млрд.теңге, жергілікті бюджеттен 28 млрд. теңге бөлінді. 9 айда жоспарланған 36,8 млрд.теңгенің 36,5 млрд.теңгесі немесе 99% игерілген.
Бөлінген қаражатқа 734 нысанның құрылысы жоспарланған. Олардың ішінде 39 білім беру, 7 денсаулық сақтау, 568 тұрғын үй, 78 инженерлік желі, 13 коммуналдық шаруашылық, 6 Ішкі істер органы, 5 мәдениет, 7 спорт, 10 ауылшаруашылығы, 1 әлеуметтік мәні бар нысан қарастырылған. Ағымдағы жылы 365 нысан яғни, он екі білім беру, алты денсаулық сақтау, екі жүз сексен тұрғын үй, қырық төрт инженерлік желі, үш коммуналдық шаруашылық, бес Ішкі істер органдары, бір мәдениет, төрт спорт, екі ауыл шаруашылығы нысаны қолданысқа беріледі. Келесі жылға ауыспалы 377 нысан бар. Жыл басынан бері жүз жиырма тұрғын үй, тоғыз инженерлік желілер, жеті білім беру, үш спорт нысаны, төрт денсаулық сақтау объектісі, бір ішкі істер органдарының объектісі болып, жалпы, жүз қырық төрт нысан пайдалануға берілді.
Ағымдағы жылы 46 білім беру нысанының құрылысына 28,217 млрд.теңге бөлініп, 12 нысанды пайдалануға беру жоспарланған, бүгінде оның 6 мектебі пайдалануға берілсе, бір нысан бойынша қолданысқа беру жұмысы жүргізілуде. Қалған нысандар жылдың соңында өткізіледі деп күтілуде. Ал тоғыз білім шаңырағының құрылыс жұмысы келесі жылға ауысады.
"Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында 15 білім беру нысанынының құрылысына 11,222 млрд.теңге бөлінді. Келесі жылға ауыспалы он екі мектеп, бір лагерь, екі модульді мектеп бар.
«Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 4 білім беру нысанының құрылысы жоспарлануда. Ағымдағы жылы 2,884 млрд. теңге бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, тоғыз айда жоспарланған 13,130 млрд.теңгенің 13,114 млрд.теңгесі немесе 99 пайызы игерілді.
Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша облыста 957,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 2396 отбасы баспаналы болыпты. 2025 жылға дейінгі жоспарлар бойынша Жетісу жерінде 5,4 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады. Оның ішінде 1,1 млн. шаршы метрге жоспарланған тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтермек. Бұдан басқа, 58 мың пәтерлік бір мыңнан астам коммерциялық көпқабатты үйлер салу көзделуде, олардың бес мыңы «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асатын болады. Төрт жылдан кейін облыс бойынша көптен күткен баспанамен 3 мыңнан астам әлеуметтік жағынан осал азаматтар және 5,5 мыңға жуық көпбалалы отбасылар қамтамасыз етілмек.
"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 1005,0 мың шаршы метр тұрғын үйді енгізу жоспарлануда, оның ішінде, бюджет қаражаты есебінен 191,3 мың шаршы метр, жеке құрылыс салушылар есебінен 88,5 мың шаршы метр, ЖТҚ есебінен (халық) 725,2 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Бұл міндеттерді іске асыру үшін 31,7 млрд.теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 18,6 млрд. теңге, облигациялар 3,7 млрд.теңге, ЖБ 13,1 млрд.теңгені құрады.
Алдағы уақытта бюджет қаражаты есебінен 311,9 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 4126 пәтер (550 тұрғын үй) салу жоспарлануда, ағымдағы жылы жалпы ауданы 191,3 мың шаршы метр 2603 пәтерлік 521 үйді пайдалануға берілмек. Оның ішінде жалпы ауданы 119,5 мың шаршы метр болатын 1695 пәтерлі 406 жалға берілетін тұрғын үй, жалпы ауданы 66,8 мың шаршы метр болатын 858 пәтерлік 65 кредиттік тұрғын үй, сондай-ақ, жалпы ауданы 5,0 мың шаршы метр болатын 50 жеке коммуналдық тұрғын үй бар.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы стат деректер бойынша 206,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сол қатарда жеке қаражат есебінен Талғар ауданы "Нурия" ТК 144 пәтерлі 12,5 мың шаршы метр екі үй, Қапшағай қаласы "Балсу" ТК 36 пәтерлі екі үйдің ел игілігіне берілгенін айта кеткен жөн. Бұл бағыттағы жұмыс жылдың есепті кезеңі бойынша 107 пайыз орындалған.
Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай биыл іске қосылған олимпиадалық жүзу бассейні де мақтануға тұралық орынға айналуда. Барлығы 570 орынға есептелген жүзу бассейні халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Сол себепті мұнда ең жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асты. Сонымен қатар, отыз спорт, коммуналдық және ауыл шаруашылығы, Ішкі істер органдарының объектілерін салуға 5,2 млрд. теңге бөлінді. Бірінші тоқсандағы есеп бойынша 558,1 млн.теңгесі игерілген немесе жоспардың 94,5 пайызы орындалған. Бүгінгі таңда сол нысандардың екеуі, яғни, Балқаш ауданы Бақанас кентіндегі және Райымбек ауданы Нарынқол ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері қолданысқа берілді.
Бақанастағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2019 жылы басталған болатын. Оны салуға бюджеттен 1 млрд. 102 млн. теңге жұмсалды. Жалпы ауданы 4 257 шаршы метр болатын ғимаратта күрес, бокс, футбол, баскетбол, волейбол, теннис сияқты спорт түрлеріне баулуға барлық жағдай жасалған, тиісті спорттық құралдармен толық жабдықталған. Райымбек ауданында да республикалық маңызы бар, халыққа қызмет көрсететін жаңа нысандар бой көтерді. Бұдан бөлек, ауданда көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға тұрғын үйлер берілді. Баспанаға мұқтаж жандар мен мемлекеттік қызметкерлер және жас мамандар да баспаналы болуда.
Биыл халыққа қызмет көрсететін тағы біраз нысан ел иігілігіне тапсырылды. Сол қатарда елімізде баламасы жоқ 288 орынды студенттер жатақханасын айрықша атап айту керек. Сондай-ақ, үш колледжге, атап айтқанда, Талдықорған медколледжіне 280, политехникалық колледжіне 200, Бастөбе сервистік колледжіне 50 орынды жатақхана салынып, пайдалануға берілді. Осы нысандарда да құрылысшылардың қол табы сайрап тұр.
Денсаулық сақтау нысандарының құрылысына жергілікті бюджет есебінен 3,8 млрд.теңге бөлінген. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында оның 250,0 млн. теңге игерілді. Республикалық бюджет комиссиясының қарауына ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне төрт денсаулық сақтау объектісін, яғни, үш емхана және бір сейсмикалық күшейту объектісін салуға қаражат бөлу туралы бюджеттік өтінім берілген.
Бүгінгі таңда ұлан-ғайыр жобалармен кемел келешекке, өркендеуге бет бұрған Жетісу өлкесінің әлеуметтік-экономикалық бет-бейнесі, соның ішінде құрылысының бүгінгі даму қарқыны осындай. Жалпы, көпшілік үшін жасалып жатқан шарапатты шаруаның бәрі ел жанашырлары мен еңбеккерлердің маңдай терлерінің және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың арқасы деуге болады.