Терезелерінің түбінде жүріп жатқан сауда-саттық бірнеше жылдан бері тұрғындарға маза бермей келеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Сатушылар «крытый рыноктың» маңындағы жаяу жүргіншілер жолын үнемі басып алып, киілген киім-кешек, көне ыдыс-аяқ, тұрмыстық заттар және басқа да бұйымдарды саудалап келеді.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, соңғы үш жылда жағдай тіпті ушығып кеткен. Көптеген өтінішке, айыппұлға және сауданы тоқтатуға тырысқан әрекеттерге қарамастан, бейберекет базар әлі де жұмысын жалғастырып жатыр.
— Мұнда антисанитария жайлаған. Терезе аша алмаймыз, базардан тарақандар кіріп кетеді, сасық иіс мүңкіп тұрады, қоқыс толып кеткен. Қарсы уәж айтсақ, бізге балағат айтып, ұрсады. Демалыс күндері бұл жермен жүру мүмкін емес. Шу, ұрыс-керіс, айғай-сүрен толастамайды. Тыныш демалуға да жағдай жоқ, — деп шағымданды тұрғындар.
Ал сатушылардың айтуынша, бұл олардың жалғыз табыс көзі. Кейбіреулер үшін зейнетақыға қосымша қаражат. Олар арнайы белгіленген орын берілсе, жайлы жағдайда сауда жасауға қарсы емес.
Жергілікті әкімдік өкілдері бұл аумақта негізінен Түркістан облысынан келген 50-ге жуық адамның саудамен айналысып жүргенін жеткізді. Оларға «Крытый рынок» ішінен айына 2000 теңгеге орын ұсынылған. Алайда көпшілігі бұған келіспеген.— Біз ауланың кіреберісін жауып, гараждардың айналасын қоршаумен шектедік. Сатушыларға ішке көшу ұсынылды, бірақ көбі ең төменгі жалдау ақысын да төлеуден бас тартып отыр. Алдағы уақытта бұл аумақты абаттандырып, тас төселіп, көгалдандыру мен гүлзар отырғызу жоспарланып отыр. Ең бастысы — жақын маңдағы үй тұрғындарының мәселесін шешу, — дейді Тұран ауданы әкімдігінің кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Ермұхаммед Мұсабек.
Алайда қазіргі таңда тұрғындар рұқсатсыз базармен көрші тұруға мәжбүр. Барлық тарапқа тиімді балама шешім әзірге табылған жоқ.
Бұған дейін Шымкент көшелеріндегі ашық құдықтар тұрғындарды алаңдатып отырғанын жаздық.