Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев елді мекендерді су тасқынынан қорғау бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Барлық су тасқыны қаупі бар аймақтар мен гидротехникалық құрылыстар бақылауға алынды, су тасқынына қарсы іс-шаралардың іске асырылуы тексерілді.
«Өңірлерде 590 шақырым қорғаныс бөгеттері мен біліктері тұрғызылды, 164 шақырым дренаж жүйесі, 658 шақырым каналдар мен арықтар салынды. Өзен арналарының учаскелерінде 360 шақырым жағалауды нығайту және түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді, 190 шақырым тазартылды», — деді вице-министр.
Оның айтуынша, 10 ақпаннан бастап Қазақстанда Командалық орталық базасында су ресурстары, ішкі істер, көлік, цифрландыру министрліктерінің және Қазгидромет өкілдерін тарта отырып, ТЖМ жедел су тасқынына қарсы штабы ашылды. Осыған ұқсас штабтар өңірлерде жұмыс істейді.
«Оңтүстік пен Батыста су тасқыны аяқталды, елді мекендерді су басуға жол берілмеді. Өткен аптада еріген қар суы мен жаңбырдың көп мөлшерде жауғанынан Ақмола облысының тұрғын үйлері су астында қалды. Қолданыстағы су өткізу жүйелері мұндай су көлеміне төтеп бере алмады. Өңірге Астана қаласы мен Қарағанды облысынан, сондай-ақ министрліктің әскери бөлімдерінен қосымша күштер мен қаражаттар жіберілдіі», — деп түсіндірді Кеген Тұрсынбаев.
Азаматтарды шұғыл эвакуациялау жүзеге асырылды, авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстар жүргізілді Ақмола облысының уақытша көлік қатынасынсыз қалған елді мекендері үшін өткел ұйымдастырылды, азық-түлік қоры бар. Қазіргі уақытта жергілікті өзендердегі су деңгейі төмендеуде.
ТЖМ мәліметінше су тасқынының келесі кезеңі Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында күтіледі. Аталған аймақтарда алдын алу іс-шаралары белсенді жүргізіліп жатыр. Бұған дейін бұл өңірлерге резервтік күштер мен құралдар, оның ішінде әскери бөлімдер жіберілген болатын. Жағдай бақылауда.
Су тасқыны кезеңінің басынан бері еліміз бойынша шамамен 4,3 млн текше метр су сорылды, 600 мыңнан астам қапшық төселді, 800 мың шақырымнан астам арық тазартылды. Алдын ала 383 адам эвакуацияланды. 51 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз жерлерге көшірілді. Қазіргі уақытта барлығы қайтарылды.
Автожолдарда 176 су тасқыны және 25 су шайылған учаскелер тіркелген. Магистральдардың 21 учаскесінде және су шайған 5 учаскеде су тасқыны бақылауда қалып отыр.
Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және күнделікті мониторинг жүргізу жалғасуда.