Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

Жер қойнауын пайдаланушылар түзілетін қалдықтар көлемін барынша азайтуға бағытталған технологиялар қолдануда

Жер қойнауын пайдаланушылар  түзілетін қалдықтар көлемін барынша азайтуға бағытталған технологиялар қолдануда
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында коммуналдық және өндірістік қалдықтарды басқару мәселесі қаралды. Өз кезегінде энергетика министрі Ерлан Ақкенженов отын-энергетика кешені саласындағы қалдықтарды басқару туралы баяндама жасады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда елімізде 227 электр стансасы жұмыс істейді, оның ішінде көмірді негізгі отын ретінде пайдаланатын ірі энергия өндіруші ұйымдардың саны – 21. 

«Мұндай энергия өндіруші ұйымдар ауданы 18,2 мың гектар 27 күл үйіндісін пайдаланады. Күл үйінділерінің жалпы көлемі – 8,23 млрд текше метр, оның 1,41 млрд текше метрі толтырылды. 2024 жылы күлді өңдеумен айналысатын компаниялар 69,2 мың тонна күлді өңдеді. Күлді өңдеудің негізгі бағыты – цемент пен бетон өндіру саласы», — деп түсіндірді министр. 

Ерлан Ақкенженов Қазақстанда күлдің құрамы өнеркәсіп талаптарына сәйкес келмейтінін жеткізді. Оның айтуына қарағанда, қазақстандық жылу энергия орталықтары мен мемлекеттік аудандық электр стансалары негізінен құрамында жанбайтын қоспалары жоғары қоңыр және тас көмірде жұмыс істейді.

Сондай-ақ күл-қож қалдықтарында күкірт қосылыстары мен ауыр металдар: сынап, қорғасын, мышьяк бар, бұл құрылыстағы күлдің құнын төмендетеді. Осыған байланысты қосымша тазалау және қайта өңдеу қажет, бұл соңғы өнімнің өзіндік құнын арттырады.

Ерлан Ақкенженов жалпы Қазақстанда күл-қож қалдықтарының едәуір мөлшері жинақталған. Дегенмен, қайта өңдеу деңгейі төмен күйінде қалып отырғанын айтты. Негізгі мәселелер күлдің сапасына байланысты, осыған орай күл өңдеу сұранысы төмен. Бұл ретте гидрологиялық күл шығару нәтижесінде түзілген күл үйінділері рекультивациялануға жататынын атап өтті.

Энергетика министрінің айтуынша, бұл бұзылған жерлерді қалпына келтіруге, қоршаған ортаға кері әсерін азайтуға және аумақтарды шаруашылыққа қайтаруға мүмкіндік береді.

«Қазір Қазақстанда күлді қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар аз, өңдеуді ынталандыратын мемлекеттік бағдарламалар немесе экономикалық ынталандырулар жоқ. Күлді мен қожды тиімді пайдалану үшін жинау және логистика жүйесі де жоқ. Мысалы, күлді жою үшін модернизацияға инвестиция және күлдің үлкен көлемін өңдеуге дайын тиімді тұтынушы қажет. Өнеркәсіп тарапынан сұраныс болмаса, мұндай технологияларды енгізу тиімсіз болып қала береді», — деп түсіндірді спикер. 

Ерлан Ақкенженов тазарту қондырғыларында пайда болған мұнай шламы еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарындағы декантер қондырғылары арқылы сұйық және қатты күйге – 2 фазаға бөлінетінін айтты. Сұйықтық мұнайды бастапқы өңдеуге қатысады. Ал қатты қалдық - Экология және табиғи ресурстар министрлігінің рұқсаты бар мамандандырылған ұйымдарға беріледі.

Өндіріс орындарындағы жалпы қалдықтар көлемі жылына 5,3 мың тоннаны, оның ішінде: Атырау мұнай өңдеу зауыты – 3 мың тонна, Павлодар мұнай-химия зауыты – 1,2 мың тонна, Шымкент мұнай өңдеу зауыты – 1 мың тонна, «Конденсат» зауыты – 0,1 мың тонна, Ақтау битум зауыты – 0,05 мың тоннаны құрайды.

«Жер қойнауын пайдаланушылар қоршаған ортаға әсерді барынша азайту мақсатында экологиялық заңнама мен нормаларды сақтай отырып, мұнай шламы мен өндірістік қалдықтарды басқару саласында жұмыс жүргізеді. Қалдықтарды басқару үшін өндіру, қалдықтарды қайта өңдеу, өңдеу немесе өнеркәсіптің басқа салаларында пайдалану сатысында түзілетін қалдықтардың көлемін барынша азайтуға бағытталған технологиялар қолданылады», — деп атап өтті министр. 

Спикердің мәлімдеуінше, мұнай шламының пайда болуына жол бермеу шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ол қалыптасуына қарай немесе өз бетінше, не мамандандырылған ұйымдарды тарта отырып, жиналады және өңделеді.

Өндіріс процесінде пайда болған мұнай шламы жинақтау кезеңін айналып өтіп, дереу өңдеуге немесе кәдеге жаратуға жіберіледі. «Қаражанбасмұнай», «ӨзенМұнайГаз», «МаңғыстауМұнайГаз» және «ЕмбіМұнайГаз» компаниялары нысандарында тарихи мұнай қалдықтарын кәдеге жарату және ластанған жерлерді тазарту жұмыстарын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жүргізіп келеді.

«2018–2024 жылдар аралығында шамамен 4,5 млн тонна тарихи мұнай қалдықтары өңделді, оның 1 млн тоннаға жуығы 2024 жылы өңделді. Қалдықтардың көлемін азайту, қайта өңдеу деңгейін арттыру және қоршаған ортаға әсерін барынша азайту бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру жалғасуда», — деп түйіндеді сөзін Ерлан Ақкенженов.

скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Баян Алагөзова сәбилі болды
Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынады
Бүгін Димаш Құдайберген 30 жасқа толды
Димаш Құдайберген Ақтөбе облысының құтқарушыларына алғысын білдірді
Мультимедиа
Мемлекет басшысы күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады
2025 жылғы реформалар мен жаңа өзгерістер: Көлік министрлігі
Мемлекет басшысы KIS Astana халықаралық мектебін аралап көрді
Шымкентте «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы өтті
Олжас Бектенов Президенттің Жаңаөзенді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексеріп, ГӨЗ құрылысымен танысты