Елдің 27 моноқаласының 8-і Қарағанды облысында орналасқан, ал оларда өңір халқының 40%-дан астамы тұрады. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz ҚР Премьер-Министрінің сайтына сілтеме жасап.
«Біздің өңір Қазақстан бойынша ең урбанизацияланғаны, халықтың 79%-ы 11 қалада тұрады, оның 8-і – моноқалалар. Мысалы, Теміртау 190 мыңға жуық халқы бар моноқала, Жезқазғанда да 90 мыңдай адам, Сәтбаев, Балқаш қалалары айтарлықтай үлкен. Барлығының проблемасы бір, барлығы нақты бір кәсіпорынның төңірегінде жұмыс істейді және осы кәсіпорындардың өмірімен өмір сүреді», — деді Ж. Қасымбек.
Әкімнің айтуынша, моноқалаларда экономика құрылымын әртараптандыру қажет, қаланың дамуына мүмкіндік беретін жаңа өндіріс орындары қажет.
«Бұл үшін негізгі кәсіпорындармен байланысты болатындай, бірақ шартты түрде көмір өнеркәсібімен байланысты емес, алайда қосымша тұрақтылық беретін жаңа өндірістер құру қажет. Бұл бір жағы, яғни жаңа жұмыс орындарын ашу, экономиканы әртараптандыру. Екінші жағы – бұл қалалар қала құраушы кәсіпорындар ашылған кезде салынған, сәйкесінше оларға 60-70 жыл толды және осы қалалардың инфрақұрылымы, кәріз, жылу, басқа да желілері, сәйкесінше, аса тозған, сондықтан біз жыл сайын инфрақұрылымды қалпына келтіруге өте көп қаражат жұмсаймыз. Мысалы, осы жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша инфрақұрылымды қалпына келтіруге 60 млрд теңгеден астам қаржы салынды», — деп түсіндірді Ж. Қасымбек.
Айта кеткен жөн, Сарандағы бұрынғы РТБ зауытының өндірістік алаңы жаңа индустриялық аймаққа айналды, оның эпицентрі автобустар мен автомобиль шиналарын шығаратын зауыттар болады. Осы аймақтың айналасында ауқымды тұрғын үй құрылысы басталады деп жоспарлануда, бұл қалаға жаңа серпін береді.
«Саран – экономикасының негізінде көмір өнеркәсібі тұрған моноқала. Бұл кеңес заманында да қала халқының көп бөлігі жұмыс істеген бірқатар шахта, және бүгінде көмір өнеркәсібінде немесе осы шахталармен байланысты бірқатар кәсіпорында көптеген адамдар жұмыс істейді. 2 жыл бұрын біз үлкен резеңке техникалық бұйымдар зауыты болған ауданды қалпына келтіру жобасын бастадық. Осы ауданда РТБ тұрғын алабы орналасқан, шамамен 25 мың адамға арналған. Қазір онда ешкім тұрмайды деуге болады. Екі зауыт салумен қатар біз осы ауданда тұрғын үйді қалпына келтіре бастадық», — деді өңір әкімі.
Биыл тағы 9 көппәтерлі үйде қалпына келтіру жұмыстары басталды. Жыл сайын 9-10-ы қалпына келтіріледі. 2025-2026 жылдарға дейін 50-60 үй қалпына келтіріледі. Осылайша, РТБ-ның өнеркәсіптік-өндірістік базасы ғана емес, сонымен бірге бұған дейін болған тұрғын шағын ауданы да қалпына келтіріледі.
«Жергілікті атқарушы органдардың үй кезегінде шамамен 800-900 адам тұр. Олар бірінші кезекте баспана алады. Түрлі коммерциялық ұйымдар қызығушылық танытып отыр, атап айтқанда, Саран қаласында жұмыс істейтін компаниялардың бірі қалпына келтіру және өз қызметкерлеріне беру үшін 4 көппәтерлі үйді сатып алып жатыр. Сондай-ақ бұл компания балабақша салу үшін жер телімін алады. Яғни, әлеуметтік инфрақұрылым салу қажеттілігі туындап отыр. Осылайша, РТБ ауданы жанданады, ал Саранда жаңа тыныс ашылады», — деді Ж. Қасымбек.