Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 26 маусымда Петропавл қаласына жұмыс сапары аясында Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарының бизнес өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Арман Шаққалиев нарықты қауіпті және сапасыз өнімдерден қорғау, отандық тауар өндірушілерді қолдау министрлік қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Елде кәсіп жүргізу үшін қолайлы жағдай жасалуда. Әкімдіктермен бірлесе сауда нысандарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, СҚО-да «Южный» және «Әмбебап сауда орталығы» базарлары жаңартылады. Осы жылдан бастап Сауда және интеграция министрлігі кәсіпкерлерге реконструкция жүргізуге, сондай-ақ сауда объектілерінің инфрақұрылымын жетілдіруге жәрдемдесетін болады. Министрлік соңғы 5 жылда алғаш рет шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну құзыретіне ие болды.
«Өткен аптада республикалық бюджет комиссиясында сауда кәсіпорындарын жаңғырту үшін несиені арзандатуға биыл 4 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Қазірдің өзінде жобалар тізімі жасалып жатыр, біз оларды екінші деңгейдегі банктермен біріге отырып, атқаруға дайынбыз», - деді Арман Шакқалиев.
Сонымен қатар, шекара маңындағы аумақтарды дамыту үшін өңірлерде ілеспе инфрақұрылымы бар 5 трансшекаралық хаб құрылады. Трансшекаралық хаб инвесторларды тарту орталықтарына айнала отырып, көрші елдерге шикізаттық емес экспортты 30%-ға ұлғайтуға, сондай-ақ Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк ағынын екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Нақты айтқанда СҚО-да А және В классындағы заманауи қоймалармен қоса 17 көтерме-тарату орталығын салу жоспарлануда.
СҚО-да елдегі ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері шоғырланғанын, олар ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа белсенді түрде өнім шығатынын ескере отырып, «Бұл егіннің маржиналдылығын және ауыл шаруашылығы өнімдерінің сақталуын арттыру тұрғысынан бизнеске елеулі көмек болады», - деді министр.
Отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және өндіріс жағдайларын біріздендіру үшін атқарылып жатқан елеулі шараның бірі - қазақстандық тауарлар реестерін қалыптастыру. Қазір заң жобасы ҚР Мәжілісінің қарауында.
«Біз отандық тауар өндірушілер үшін рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетеміз. Бұдан былай оларға «CT-KZ және индустриялық» сертификаттарын алудың қажеті жоқ. Барлық процедура орталықтандырылады. Сонымен қатар, қазақстандық тауарлар реестеріндегі кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алуға қатыса алады», - деді Арман Шаққалиев.
Бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен жиында министр шетелден әкелінетін тауарлармен баға бойынша бәсекелесе алмайтын отандық тауар өндірушілердің проблемасын қозғады. Сапасыз импорттық тауарлар тарапынан демпингті болдырмау үшін Министрлік жанынан арнайы штаб құрылды. Штаб жұмысы саудадағы техникалық кедергілерді жоюға, қауіпсіз өнімді кіргізуге және айналымға түсуін қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар 1163 бақылау үлгісін іріктеп алып, айналымнан мыңдаған қауіпті тауарлар алынып тасталды. Тамақ өнімдеріне сәйкестік туралы 121 декларацияның күші жойылды, енді оны Қазақстан аумағына әкелуге тыйым салынады.
Солтүстік Қазақстан облысындағы бизнес қауымдастықпен кездесу соңында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиевтің қатысуымен Сауда комитеті мен Қазақстан Республикасының сауда желілері одағы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Құжат ішкі сауданы дамытуға, қазақстандық тауар өндірушілерді қолдауға және ӘМАТ бағасын тұрақтандыруға бағытталған. Меморандум шеңберінде тараптар ұйымдасқан сауданың үлесін 2027 жылға қарай 54% - ға дейін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауға, сауда қызметін және ӘМАТ бағаларын реттеу саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылауға, отандық азық-түлік өнімдерінің сапасын арттыруға жәрдемдесуге, сондай-ақ отандық өнімді ілгерілетуге келісті.
СҚО-ға жұмыс сапары барысында Арман Шакқалиев «Зенченко и К» КТ сүт зауытына, «Қазмясопродукт» ЖШС, «Радуга» ЖШС және «Зеленый Север» ЖШС көкөніс қоймаларына, «Aimer» супермаркетіне барды.