Шымкент қаласы аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуші 50-ден астам кәсіпорын бар. Бұл кәсіпорындар жыл басынан бері 50 мың тонна сүтті қайта өңдеп, 500 тонна сары май, 3 000 тонна қатты ірімшік өндірген.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында мұндай қайта өңдеуші өндіріс орындарының қуаттылығы артып келеді. «INTERMILK KAZAKHSTAN» ЖШС —жылдан жылға өнім көлемін арттырып отырған кәсіпорынның бірі. Бүгінде 25 адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орнында күніне 15 тонна сүт қайта өңделіп, одан 1,5 тонна құрт, ірімшік, сарымай, қаймақ, сүзбе секілді өнімдер алынады.
Мемлекеттік қолдауға ие болып отырған «Ифтихари» шаруа қожалығындағы жылыжай кешені жылына 500 тонна өнім алып отыр. Аумағы 2 гектар жылыжайда қазір қызанақ теру маусымы жүріп жатыр. Жұмысшылар қызарған өнімді қораптарға жинап, солтүстік өңірлерге жөнелтпек.
Ал, «Алтынсай» шаруа қожалығында бүгінде 1000 бас жылқы мен 1000 бас ірі қара бар. Бұған қоса адам ағзасына өте пайдалы, түрлі ауруларға шипа болған бөдене құсын асырауда. Қазіргі таңда 40 мың бөденеден жұмыртқасы мен етін қала аумағында көршілес облыстар мен Астана қаласына дейін жеткізеді. Бұған қоса, шаруашылықта жылына 650 тонна жылқы еті және 750 тонна ірі қара мал еті өндіріледі.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп атап өткен болатын. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін ең алдымен оның дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелерді анықтауға тиіспіз. Оларды біртіндеп шешуді қолға алсақ, алға қойған мақсаттар да өздігінен орындала бастайды. Яғни ауыл шаруашылығы өнімдері артып, азық-түлік қауіпсіздігі төмендейді.
Проблемаларды анықтау үшін салада нақты жоспар болуға тиіс. Біз нарықтық экономикада жоспарлау қағидатын ұмыттық. Барлық өзгерістің нәтижесін салыстырмалы түрде ғана анықтауға болады. Ол үшін алдымен өндірісте жоспарлау бағыты жолға қойылуы керек. Дұрыс әрі сауатты түзілген жоспар – жартылай орындалған нәтиже. Өндірістің нәтижесі – алынған өнімнің көрсеткіші. Алынған өнімнің көлемін, жоспарланған мәліметпен салыстырып, оның қажеттілікті қаншалықты қамтамасыз етіп отырғанына талдау жасау керек. Міне, сонда ғана алдағы мақсаттарды айқындауға болады.
19-12-2023, 23:19
Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемі артқан
Фото: pixabay.com
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз