ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен ҚХР-ның ҚР-дағы Елшісі Чжан Сяо Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Тараптар бірінші жартыжылдықтағы екіжақты тауар айналымының қарқынын, транзиттік-көлік саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруды, ҚР мен ҚХР арасында өзара мәдени орталықтарды ашуды, 2024 жылы Қытайда Қазақстанның туризм жылын ұйымдастыруды және бірқатар басқа да тақырыптарды қарастырды.
Премьер-Министр елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, былтыр өзара сауда 34%-ға өсіп, рекордтық көрсеткішке – $24 млрд-қа жетті. Бірінші жартыжылдықтың өзінде ол 20%-ға артып, $13,6 млрд құрады. Сонымен қатар 2030 жылға қарай екіжақты сауда көлемін $35 млрд-қа дейін жеткізу бойынша жұмыстар жалғасуда.
Әлихан Смайылов бүгінде Қазақстаннан Қытайға шикізаттық емес тауарларды жеткізу көлемінің артқаны байқалатынын атап өтті. Атап айтқанда, биыл пластмасса бұйымдарын, металл конструкцияларын, ұн, кондитерлік және макарон өнімдерін жеткізу басталды.
«Біз жеткізілетін тауарлар мен қызметтер номенклатурасын кеңейтуіміз және елдеріміздің іскер топтары арасында көбірек тікелей байланыс орнатуымыз қажет деп санаймын. Осыған байланысты біз Қытайға 135 тауар позициясы бойынша $1 млрд-қа жуық шикізаттық емес экспортты ұлғайтуға дайын екенімізді мәлімдейміз», — деді ол.
Үкімет басшысы инвестициялық ынтымақтастықтың маңызды екенін баса айтты. Қытай дәстүрлі түрде Қазақстан экономикасына инвестор құюшы елдердің ТОП-5 қатарына кіреді. Соңғы 17 жылда Қытайдан келген инвестицияның жалпы көлемі $23,5 млрд-қа жетті.
«Инвестиция көлемін арттыру бойынша үлкен әлеует бар екенін көріп отырмыз. Біз Қытайдың инвестициялық қоғамдастығын бірлескен жобаларға кеңінен қатысуға шақырамыз», — деді Әлихан Смайылов.
Өз кезегінде ҚХР-ның Қазақстандағы Елшісі Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында Астанада жариялаған «Бір белдеу, бір жол» бастамасына биыл 10 жыл толатынын еске салды.
«Қазақстан бұл бастамаға алғашқылардың қатарында қосылып, оны жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысты. Бастама аясында көптеген жұмыс атқарылды. Бүгінде бізді 11 темір жол және автомобиль жолдары, үш мұнай-газ құбыры және «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығы біріктіріп отыр. Кез келген серіктесіміз қол жеткізген жетістіктерімізге қызыға қарайды деп айтсақ, артық емес. Биылғы жыл да екіжақты қарым-қатынастарды дамыту тұрғысынан жемісті болмақ», — деді Чжан Сяо.
Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мамыр айындағы сапарының тарихи маңыздылығын атап өтті, оның барысында бірқатар маңызды мемлекетаралық келісімдерге қол жеткізілді.
«Бүгінгі күні біздің алдымызда тұрған басты міндет – барлық қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру», — деді ҚХР-ның ҚР-дағы Елшісі.