Үкімет Қорғаныс министрлігінің шақыру учаскелеріне тіркеудің дәстүрлі форматын жою туралы бастамасын қолдады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
2024 жылдың бірінші қаңтарынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде тіркеу науқаны проактивті форматта жүзеге асырылатын болады. Бұл азаматтарды әскери комиссариаттарға жеке келу, медициналық куәландырудан өту және жеке істерді әзірлеу үшін құжаттар жинау қажеттілігінен босатады. Одан бөлек әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәліктерді алу қажеттілігі де болмайды. Дархан Ахмедиевтің айтуынша, бұдан жылына бір миллиард теңгеден аса үнемделеді.
Ведомствоның ақпараты бойынша, осы жылдың соңына дейін отбасылық және кәсіптік қызметке байланысты жағдайлар бойынша заңда көзделген кейінге қалдыру процесі цифрландырылатын болады.
Қорғаныс министрінің орынбасары азаматтардың әскерге шақыру туралы SMS-хабарламаның заңдылығы және әскерге шақыру учаскесіне келу қажеттілігі туралы келіп түскен сұрақтарына байланысты хабарлама 1414 қызметі арқылы жүзеге асырылатынын және оның қосымша шара болып табылатынын түсіндірді. Жуырда әскерге шақырылушыларды ақпараттандырудың осы түрі заң жүзінде бекітіледі деп күтілуде.
Қазіргі уақытта жеке өтінішсіз, проактивті режимде кредиттік демалысты ұсыну алгоритмі әзірлену сатысында екенін атап өтті. Қызметтің мұндай цифрлық форматы несиелік міндеттемелер бойынша төлемдерді бірден кейінге қалдыруға мүмкіндік береді және мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді 100% қамтуға кепілдік береді.
Азаматтарды келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау бойынша «Jauynger.kz» сервисі сынақтан өтуде. Оның бірегейлігі ақпараттық жүйелермен интеграциялық өзара іс-қимыл есебінен құжаттарды ведомствоішілік және ведомствоаралық келісуді автоматтандыруда жатыр. Онлайн режимде мемлекеттік органдардан шынайы ақпарат алу әскери қызметке кіру мерзімін 3-4 айдан 15-30 күнге дейін қысқартады. Бұл жағдайда адам факторы және оның шешім қабылдауға әсері болмасы анық.
Деректер базасын интеграциялау ел ішінде тұрғылықты жерінің өзгеруіне байланысты әскери комиссариатқа келу қажеттілігін жояды. Ведомство өкілінің ақпараты бойынша азаматтарды әскери есептен шығару және қою тіркелген мекенжайы бойынша автоматты түрде жүзеге асырылады.
– Әскери қызмет өткермеген азаматтарға әскери билет алу қажеттілігінен босатылады. Бұл шара сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетіп, бюджет қаражатын үнемдейді. Мұндай жаңашылдықтар заң тұрғысынан бекіту сатысында тұр, – деді министрдің орынбасары Дархан Ахмедиев.
Қорғаныс министрлігінде білім беру жеңілдіктерін беру арқылы мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі жоба іске асырылуда. «Срочники 2.0» ақпараттық жүйесі енгізілді, оның негізінде қазақстандық жоғары оқу орындары есебінен білім алу үшін мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді конкурстық іріктеу жүргізіледі.
Қарулы күштерде «Ақ сұңқар» әмбебап психодиагностикалық кешені қолданылады. Ол осындай (психологиялық тұрақсыздық, суицидтік көріністер) топқа жататын адамдарды уақтылы анықтауға арналған. Диагностиканың 60-тан астам құралы бар аталған кешен автоматты режимде психологиялық зерттеу нәтижесін береді.
Бұдан өзге Қорғаныс министрлігінің egov порталындағы жеке кабинетке ұқсас «әскери қызметшінің кабинеті» модулін әзірледі. Бұл әскери қызметшіге нақты уақыт режимінде оның қызметіне қатысты мәліметтерді көруге, қажетті анықтамалар алуға және баянаттар беруге мүмкіндік береді. Бұл қызмет түрі қағаз құжат айналымын едәуір қысқартады және артық бюрократиялық рәсімдерді болдырмайды.
– Бүгінгі таңда жергілікті әскери басқару органдарының ақпараттық жүйесі және оның басқа мемлекеттік органдармен интеграциялық өзара іс-қимыл деңгейі азаматтардың өмірлік циклдарымен байланысты барлық қызметтердің цифрлық форматына көшуді кезең-кезеңімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп сөзін аяқтады Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.