Астана қаласындағы №112 жалпы орта білім беретін мектеп – «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған заманауи білім беру ұйымы.Мектеп 2024 жылғы 13 желтоқсанда ресми түрде тіркеліп, 2025 жылғы 9 қаңтардан бастап толыққанды оқу процесін өткізіп келеді. Білім беру саласындағы «1000 көшбасшы» ұлттық кадр резерві бойынша іріктеліп, мектептің директоры болып тағайындалған Қайырлы Жұмаханов аталған білім ордасының даму бағыты мен оқу үдерісі туралы айтып берді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Мектеп Астана қаласының Сарайшық ауданына қарасты А102 көшесіндегі 39-ғимаратта орналасқан және аталған ауданның тұрғындарына білім беру қызметін ұсынады. Мектеп мемлекеттік меншік нысанында болып, жергілікті Білім басқармасы арқылы жұмыс істейді.
Қайырлы Қалибекұлының айтуынша, қазіргі таңда мектепте 1988 оқушы білім алып жатыр. Оқу үдерісін жүргізу үшін 99 оқу кабинеті жабдықталған, олардың ішінде 2 химия, 2 физика, 2 биология кабинеттері заманауи зертханалық құралдармен толық қамтамасыз етілген. Сонымен бірге 6 IT сыныпта жаңа компьютерлер мен интерактивті тақталар орнатылған, робототехника кабинеті және STEM зертханалары оқушылар үшін қолжетімді. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін арнайы жағдай жасалған: сенсорлық бөлме, арнайы педагог кабинеті, логопед кабинеті және психологиялық қолдау кабинеттері қажетті құралдармен жабдықталған.Кітапхана заманауи оқу залымен, электрондық каталогпен және оқу әдебиеттерінің кең қорымен қамтамасыз етілген. Оқушылардың спорттық дайындығы үшін төрт спортзал, ашық спорт алаңдары мен жаттығу аймақтары қарастырылған. Бұдан бөлек, мектепте мультимедиялық студия, тіл кабинеттері, медициналық және психолог кабинеттері жұмыс істейді. Оқушылардың жан-жақты дамуына бағытталған үйірмелер мен секциялар ұйымдастырылған. Олар - робототехника, бағдарламалау, домбыра, вокал, спорттық секциялар және басқа да шығармашылық бағыттар.
Мектептегі қауіпсіздік жүйесі де талапқа сай ұйымдастырылған. Кіреберістерде бейнебақылау камералары мен турникеттер орнатылған, ғимарат ішінде өрт дабылы, дауыстық хабарлау жүйесі, эвакуациялық жоспарлар қарастырылған. Күзет қызметі, алғашқы көмек көрсету құралдары және медициналық кабинет оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.«Оқу орнында сабақты зерттеу (Lesson Study) және тәжірибені зерделеу үдерістері жүйелі түрде жолға қойылған. Сонымен қатар «Адал азамат» бағдарламасы аясында оқу-тәрбие жұмыстары мен жобаларды іске асыру бағытында жоспарлы іс-шаралар орындалып жатыр.
Бұл жұмыстар педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, білім сапасын жақсартуға, оқушылардың тұлғалық дамуын қолдауға және мектептің тәрбиелік әлеуетін нығайтуға оң ықпал етеді», – деп білім ордасының ұстанымы мен алға қойған мақсаттарын бөлісті мектеп директоры.Оның айтуынша, аталған бағыттар алдағы уақытта да бірізділікпен жалғасын тауып, білім беру ұйымының дамуына және сапалы білім беру жүйесін нығайтуға өз үлесін қоса бермек.