Қазір әлемде экология мәселесі – экономикалық-әлеуметтік мәселелермен бірге жаһандық деңгейдегі өзекті проблеманың бірі болып отыр. Экологиялық прагматизм, мәдениет пен тұтас экосананы жаңғырту мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Бүгінгі Қазақстан билігі экология тақырыбын зерттеп, қордаланған проблемаларды шешуге кірісе бастады. Қазақстан үшін экологиялық сана қаншалықты маңызды және оны күнделікті өмір салтында ұстанбасақ қандай қауіптерге әкелуі мүмкін деген сұраққа жауап іздеп көрдік.
Экологиялық прагматизм
Қоршаған орта туралы тақырыпты қозғағанда адамзатқа ең бірінші прагмазизм керек. Н.Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасында:
«Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді», – деген болатын.
Қазақтың тарихы мен салт-дәстүрінен прагматизмнің шынайы үлгілерін көруге болады. «Бір тал кессең, он тал ек» немесе «бұлақ көрсең көзің аш» деген мақал-мәтелдер бағзы заманнан бүгінге жеткен.
Алайда Әл-Фараби жазып кеткендей, «Табиғатта барлығы математика¬лық дәлдікпен орналасқан, егер орнынан біреуі жылжыса, онда тепе-теңдік бұзылады». Яғни, бірі екіншісін толықтырып отырады, барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Егер біреуі жойылса, тұтас экожүйеге зақым келеді. Мұндай прагматизмге қайшы әрекеттің салдарынан орны толмас апаттар орын алып жатады. Мәселен, Қазақстан тарихындағы экологиялық прагматизмді елемеудің жарқын үлгісі ретінде Арал теңізінің жойылуын айтуға болады. Көлемі бойынша әлемде төртінші орында тұрған теңіз айналасы 20-30 жылдың ішінде жойылып, әлемдік экожүйеге кері әсерін тигізді: суы тартылып, тұздың артуы салдарынан балықтың барлық түрі жойылды, жақын орналасқан егістік аумақтары апат аймағына айналып, өңір халқы үдере көше бастады.
Қазақстан ұлттық жағырафиялық қоғамының 2018 жылы жүргізген зерттеуі нәтижесіне сүйенсек, Оңтүстік Аралдың кейбір аумақтарындағы тұздалылық мөлшері әлемдік мұхит тұздылығынан төрт есе көп.
Тағы бір мысал, биыл Ақмола облысындағы Көбейтұз қызғылт көліне келтірілген залалды айтуға болады. Бірнеше адам сату үшін тұзды қазып әкетіп, нәтижесінде көлде «қара дақтар» пайда болып, көлдің түсінің өзгеруіне әкеліп соқты. Өкінішке қарайғ мұндай мысалдарды көп келтіруге болады.
Қазақстан антирейтингтің көшбасшысы
Бүгінде Қазақстанның экологиясын қанағаттандырарлық деп айтуға келмейді. Мұны Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2020 жылдың 20 қазанында өткен отырсында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та растады.
«Әлемдік экологиялық антирейтингте Қазақстан өкінішке қарай көшбасшы позициясында тұр. Біздің елде экологиялық проблемадан ада бірде-бір өңір жоқ. Туындаған бұл жағдай бізді ең батыл әрекеттерге шақыратын өте күрделі жағдай деп есептеймін», – деді Президент.
Экология министрлігінің мәліметінше, саладағы проблеманың бірі – қоршаған ортаның сапасы, екіншісі – тұрмыстық қалдықтар мен оны қайта өңдеу. Қатты қалдықтарды сұрыптау мен өңдеу қазіргі күні кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Ірі қалалар қалдықтардың көбеюіне әкеліп отыр. Мәселен, елорданың айналасындағы полигондарда 100 млн тонна қоқыс көмілген. Орта есеппен күн сайын әрбір қазақстандық 700 грамм, жыл сайын 300 келі қоқыс тастайды, оның 10% қайта өңделіп, қалғаны полигонға көміледі.
«Жыл сайын елімізде шамамен 4,5-5 млн тонна ТҚҚ жиналады, 120 млн тонна қоқыс бар», – деді министр Мағзұм Мырзағалиев.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК жүргізген ғарыштық мониторингі 2019 жылы ел аумағында 9 268 заңсыз қоқыс орны барын көрсетті.
Егер тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуді жеделдетіп қолға алып, халықаралық стандарттарға жеткізбесе, алдағы жылдары Қазақстан «қоқыс астында» қалуы мүмкін. Мемлекет қалдықтарды басқару Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдама шеңберіндегі басым міндеті ретінде таныды. Соған сәйкес 2030 жылға қарай елдегі қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 40%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізілуге тиіс.
Айта кетерлігі, 2019 жылдан бері елімізде шыны, қағаз бен полиэтиленді көмуге тыйым салынған. 2021 жылдың қаңтарынан бастап құрылыс және тұрмыстық қатты қалдықтарды көмуге тыйым салу туралы қаулы күшіне енеді. Демек, мәселені шешудің жалғыз жолы – сұрыптау және қайта өңдеу.
Сарапшылардың айтуынша, егер қоқысты сұрыптау жинау халықтың әдетіне айналса, қайта өңдеу процессін тездетуге болады. Бүгінде 130 мекеме қоқысты қайта өңдеумен айналысады. Республикадағы 204 қала мен елдімекенде қалдықты сұрыптау жинау енгізілген. Алайда полигонға жеткізілген қоқыстың 95 пайызы қолмен сұрыпталады. Осы жерде халықтың ТҚ сұрыптау жинауға немқұрайлы екені көрінеді.
Экологиялық тәрбие керек
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қалдықсыз қоғам құруды бүгіннен бастау керек. Қазақстан Президенті экологиялық білім беруді мектеп бағдарламасына енгізуді тапсырды. Білім министрлігі ол үшін оқушыларды табиғатқа жауапкершілікпен қарап, қоршаған ортаны сүюді насихаттайтн арнайы сынып сағаттарын өткізуді көздеп отыр.
БҰҰДБ экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі жобасы экомәдениетті көтеруге бағытталған 2020-2024 жылдарға арналған жоба әзірленіп жатыр. Оны жүзеге асыру үшін ұйымнан 3 млн теңге, бюджеттен 7 млн теңге қаржы бөлу жоспарланған. Бұған қоса, мамандар экобілім балабақша мен мектептен басталып, университеттер мен жұмыс орындарында жалғасын табуға тиіс деген пікірді жиі айтады. Ол үшін Швеция, Финляндия, Грекия, Франция, Белгия мен Жапонияның тәжрибесін негізге алса жеткілікті. Мәселен, Жапония мектептеріндегі оқушылар биологиялық топтар жасап, қоршаған ортаны зерттеумен айналысады. Тұрмыстық қалдықты сұрыптап жинап, тәжірибеде оған «екінші өмір» береді.
Экологиялық мәдениет өмір салтына айналуға тиіс
Жалпы, экологиялық білім тек балабақша мен мектептегі біліммен шектелмейді. Ол күнделікті қарым-қатынас, мәдениет пен өмір салты негізінде қалыптасатын дағды. WikiBilim негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлының пікірінше, экологиялық сана өмір бойы қалыптасады. Сондықтан оны бір ғана мектеп пәнімен шектеуге болмайды.
«Экологиялық білім бір емес, барлық пән аясында берілуі керек. Алған білім негізінде табиғатқа, қоршаған ортаға деген көзқарас қалыптасады. Осының негізінде қоршаған ортамен қарым-қатынас түзуге арналған дағдылар қалыптасады. Осылардың негізінде белсенді әрекетке дайындық қалыптасады. Қоршаған ортаны қорғау – бала кезден өмірдің соңына дейін белсенді әрекеттерді талап етеді», - дейді ол.
Қазақстанда қоқысты сұрыптау, қалдықтарды қайта өңдеу туралы жиі айтылып, тиісті шаралар қабылданып жатыр. Алайда экологиялық білім мен мәдениет болмай, сана қалыптаспай, проблеманы шешу мүмкін емес.
Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт¬пейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес» деген болатын. Тарихқа көз жүгіртіп, балабарымыздың салтын жаңғырту арқылы экологиялық тәрбие мен сананың небір үлгісін табуға болары сөзсіз.