Қазақстанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынып, жүзеге асып жатқанына биыл үшінші жыл. Мәдени нысандар мен рухани жәдігерлерді қалпына келтіру – әлемдік тенденцияға айналған құбылыс. ЮНЕСКО құрылғаннан бері әлемде мәдени нысандар мен нышандарға мән беру түсінігі қуат алды. ХІХ ғасырдан бастап ғалымдар мен зерттеушілер мәдени жәдігерлер мен нысандарды қалпына келтіру керегі жайлы жаппай мәселе көтеріп, мемлекеттік, халықаралық деңгейге дейін көтерді. Соның арқасында адамзаттың ортақ құндылығына айналған Афина қорғандары мен Еуропа мен Азиядағы көне қалалар, әкімшілік сарай ғимараттары қалпына келтіріле бастады.
Ал Қазақстанда мәдени нысандарды қалпына келтірудің кейбір белгілері ХІХ ғасырда байқалғанымен, әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайларға байланысты күш алып кете алмады. Мәдени нысандарды реттеу мен жүйелеу жұмыстары тәуелсіздік жылдарында кең өріс алды.
Мәдени объектілерді жөндеу мен реставрация жасауға талпыныс берген, әрине, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Бағдарлама басталғалы бері елде 23 тарихи және мәдени ескерткішке ғылыми реставрация жүргізілді. Олардың қатарында Қожа Ахмет Яссауи мен Айранбай кесенелері, Аппақ ишан мен Ақыртас кешендері, Ескі Түркістан, Отырар, Сауран, Сығанақ қалашықтары, Сырымбеттегі Уәлихановтар үйі бар.
Бағдарлама күшіне енгеннен бері ел аймақтарында мәдени нысандарды жаппай қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Ақтөбе облысы
Ақтөбе аймағы – елдің шығысы мен оңтүстігіндегі сынды қазба және қалпына келтіру жұмыстары жасалып жатқан аймақ. Кіші жүзден шыққан даңқты батырларға ескерткіш қою жолға қойылған. Былтыр Ақтөбеде Едіге батыр, Жалаңтөс Баһадүр, Бөкенбай батырдың ескерткіштері бой көтерді. Биыл Есет батыр, Абай мен Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш қою жоспарда. Алдаңғы жылы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш ашылды.
Өңірде 32 киелі ескерткіштің 3D үлгісі әзірленіп, 16 ескерткішке QR-код орнатылмақ. Бұған дейін 47 ескерткішке QR-код орнатылды.
Ойылдағы Керуен сарай кешені реставрациядан өтіп, «Қыз әулие» (Абат қорымы) күмбезі жөнделді. Ырғызда метеорит түскен Жаманшың кратері геологиялық жағынан зерттеліп, Хан моласы кешені қоршалды. Жаманшың қазаншұңқырының үстіне геопарк пен аспан асты мұражайын салу жоспарланып отыр.
«Қобыланды батыр» мемориалды кешені, Абат-Байтақ қорымы қалпына келтірілді.
Қазба жұмыстары Ырғыз, Ойыл және Темір аудандарында жүргізілуде. Жақында Ырғыз ауданынан қола дәуірінің қорымы, Ойылдан ерте қола дәуірінің, Темір ауданынан алтын бұйымдармен жерленген адам табылды. Ғалымдардың айтуынша, бұл жәдігерді «алтын адам» деп атауға негіз бар. Айта кетерлігі, осыған ұқсас тағы бір жәдігер былтыр Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданынан табылды. Онда алтын киіммен жерленген ханзаданың мүрдесі аршып алынды.
Ақмола облысы
Ақмола облысында Бурабай, Оқжетпес тауы, Кенесары үңгірі сынды табиғи орындар бар. Бұдан бөлек, Жәнібек хан мен Баубек батыр, Уәли хан мазары, Олжабай зираты, Жақия қажы мешіті мен Құмай этнографиялық кешені орналасқан.
Бүгінгі күні Тоғыз әулие моласы мен Жәнібек хан кесенесі зерттеліп, Уәли хан мазары қалпына келтірілді. Баубет батыр кесенесіне жол салынып, Ботай қонысы маңында аспан астындағы мұражай ашылды.
«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына инфрақұрылым жасақтау және визит орталық, археологиялық саябақ құру жоспарланып отыр.
Үкілі Ыбырай, Кенесары, Ақан сері мен Біржан салға, Балуан Шолаққа ескерткіш орнатылды. Аңғал, Шамай, Қабыл батырлар қаза тепкен жерлер қасиетті нысандар тізіміне енді. Жаңалап және Зеренді аудандарында қазба жұмыстары жүріп жатыр.
Алматы облысы
Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына Алматы облысының 18 нысаны енген. Олардың арасында Шарын шатқалы, Есік қорғаны, Тамғалы таңбалы тасы, Хантәңірі шыңы, Қойлық қалашығы, Жаркент мешіті, Жамбыл мен Наурызбай, Қапал батырдың, Малайсарының кесенелері, Көлсай мен Тамшыбұлақ бар.
2018 жылы Алматы облысының киелі жерлерінің электронды картасы жасалды (Жетісу-360). Оған облыстың 58 нысаны енді: 41-і – облыстық, 17-сы республикалық маңызды нысандар. Былтыр Таңбалы мұражай қорығының құрылысы аяқталды. Жақында Есік қорығына сапар құрылысы басталмақ.
Жамбыл облысы
Тараз қаласы – еліміздің ең көне қаласы. Мұнда көне ескерткіштерді қалпына келтіру мен археологиялық қазба жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Тараз – туризм инфрақұрылымы біршама қалыптасқан аймақ.
Қазір мұнда «Қарахан» және «Тектұрмас», «Көне Тараз» этнотарихи кешендері жаңғыртылып жатыр. Әсіресе, «Тектұрмас» кешенінде жұмыс қызу. Қазір мұнда абаттандыру жұмыстары аяқталды. Енді кешен ішіне ортағасырлық бекініс тұрғызып, кешен мен кесене арасында саяжол салу, Атлах пен Аңырақай шайқастары бейнеленген барельефті қабырға орнату қалды. Кейін сарқырама мен жағалау абаттандырылады. Былтыр мұнда 22 метрлік алып Әулиеата ескерткіші орнатылды.
Жуалы ауданында көне қалашық аршылып жатыр. Бұл – Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан, араб жазбаларында қалған қалалардың бірі. Көне қалашық қазақ даласындағы ерте дәуірлерде құрылыс, сәулет, сауда және егін шаруашылығының дамығанын көрсетеді. Мұнда су құбыры мен кәріз желісі бар.
Бұған дейін Тамды, Бектөбе, Саудакент қалашықтарына ғылыми зерттеу жүргізілген. Дулат баба мен Байзақ баба кесенелері жөнделді.
Қарағанды облысы
Қарағанды өңірі – Қазақ хандығының дала резиденциясы орнаған өлкесі. Хандардың билік құрған, билердің төрелік айтқан төбесі. Ортағасырдың кейінгі ескерткіштерінің көбі осы өңірде.
Былтыр Абай ауданында Таймас батыр кесенесі жөнделіп, биыл Қарағанды қаласының төренді үш билік монументалды ескерткіші орнатылды. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының сапар орталығының құрылысы биыл аяқталмақ.
2017 жылы 10 нысан жөндеуден өткізілді: Қаражартас моласы, Айбас Дарасы кешені кесенесі, Торақ батыр, Тәттімбет Қазанғапұлы, Сұлтанғазы, Нұрлан, Ағыбай батыр, Жанғабыл кесенелері, Құнанбай қажы мешіті.
2018 жылы 12 нысан реставрациядан өтті: Айнан, Оспан, Құтжан, Қылыш мавзолейлері, Саңғыру қорымдары, Дуылғалы мешіті, Теректі қорымы, Түндік қазба кешені, Талдысай мен Ембұлақ кешендері.
Қызылорда облысы
Қызылорда – киелі, тарихы терең өңір. Биыл Алтын Орданың 750 жылдығына орай Асанас қалашығында археологиялық қазба жұмыстары басталды. Бұл қалашық – Алтын Орда дәуірінің эталонды ескерткішінің бірі. Көне қаланың орны үлкен, сондықтан қазба жұмыстар бірнеше жылға жалғасуы мүмкін.
Бұған дейін Жаркент қалашығында қазба жұмыстары жасалып, тірек ескерткіштің бір үйі қалпына келтірілді. Қалашық түркі-оғыз тайпалары тарихын зерттеуге мол дерек беруде. Шірік-Рабат, Жаркент, Сығанақ, Жент, Сортөбе қалаларына қазба жұмыстары жүргізілді.
Сығанақ қалашығын қазу жұмыстары да жалғасуда. Археологтар көне қорым орындарын қазды. Жақында ғалымдар ортағасырға жататын алтын әшекей бұйымдар тапты.
2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесінің алдында Қорқыт ата мемориалды кешені тағы бір жаңғыртудан өтіп, жаңа келбетке енді. Стеласы 12 метрге ұзарып, мемориал биіктігі 2,5 метрге көтерілді. Кешен бұрынғыдан мүлде өзгеше, құрылысқа соңғы үлгідегі материал қолданылды.
Павлодар облысы
Павлодар облысында Әулиетас үңгірі, Қалмақ қырылған тауы, Жасыбай көлі, Қызылтау қорығы, Найзатас шыңы, Қоңыр әулие қонысы сынды киелі нысандар орналасқан.
Қазір мұнда қасиетті орындардың мәдени және географиялық белдеуі құрылып, қасиетті орындардың барлығы абаттандырылды. Алдығы жылы Сұлтанбет сұлтанның ордасы қалпына келтірілді. Бұл – өңірдегі ерекше жобаның бірі.
Сондай-ақ «Қалмаққырған» мекенін зерттеу бойынша үш томдық кітап жазылды. Оған Павлодар облысының киелі орындарының тарихы енеді.
Солтүстік Қазақстан
Биыл Петропавл қаласындағы «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешені жөнделді. Ғимараттың сырты қалпына келтіріліп, алдына кеспе тастар төселді.
Солтүстік Қазақстанның таныстыру картасы – «Ботай» энеолит тұрағы. Қазір көне заман тұрағын әлемге таныстыру бо йынша жұмыстар жүргізілуде.
Ботай қонысының маңынан көне Ботай мәдениетінің үйі салынды. Қарасай мен Ағынтай батыр кешені, Мағжан Жұмабаев пен Иван Шухов музейі, «Қазақстан жұлдыздары» алтары реставрацияланып, жолдары жөнделді.
Былтыр Қожаберген жыраудың, Мағжанның ескерткіштері орнатылды. Аққайың ауданында Жансүгір батырға мазар тұрғызылды.
Шымкент қаласы
Шымкент – көне қаланың орны. Бұл қаланың 2200 жылдық тарихы бар. Мұны ғалымдар қала маңында аршылып жатқан көне қалашық – Цитадельді зерттеу арқылы дәлелдеді. Цитадельде қазір археологиялық қазба жұмыстары жасалуда. Аспан асты мұражайына айналдыру жоспарда түр.
Қарашаш ана, Ибрагим ата, Әбдул Әзиз баб, Мірәлі баба, Қожасалық кесенелері көріктендіріліп, сырты жағы қоршалды. Ал Қошқар ата өзені бойын абаттандыру, туристтік аймақ құру жұмыстары жасалуда.
Шығыс Қазақстан облысы
ШҚО-да Берел және Шілікті обалары, Аблайкит ғибадатханасы сынды әлемдік мәдениеттен үлесін алар киелі орындар орналасқан.
Әлемдік археологияға үлес қосқан Берел қорымы – Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары қатарына енген қасиетті мекен. Патша қорымдарының үстіне аспан асты мұражайы салынды, қазір жолы жөнделіп, туристтік маршруттар құрылуда.
Сондай-ақ қасиетті Шілікті қорғандары да қалпына келтіріліп, аспан асты музейіне айналдыру жұмыстары қолға алынған. Келесі жылы Берел мен Шіліктіде визит орталықтары іске қосылады.
Абай ауданындағы Қоңыр Әулие үңгірі абаттанып, туристік орынға айналды. Биыл Абайдың 175 жылдығына орай Жидебай-Бөрілі мәдени қорық музейі жаңа музефикациядан өтіп, жаңа экспонаттармен толықты.
Түркістан облысы
Түркістан қаласы тұтас құрылыс алаңына айналды. Қасиетті қала – түркі жұртының рухани отаны. Сондықтан бұл қаланың сәулеті мен құрылысына көп назар аударылуда. Биыл үш жыл жабық тұрған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі архитектуралық жөндеуден өтіп, Әзірет Әлі мемориалды кешеніне ретінде қайта ашылды. Орта Азиядағы ең үлкен күмбезі жаңартылды.
Жанындағы Күлтөбеде археологиялық жұмыстар жасалуда. 27 гектар жер қалпына келтіріліп, алып аспан асты мұражайына айналмақ. Күлтөбені ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізу бойынша зерттеу мен таныстырым шаралары қолға алынды.
Биыл Созақ ауданында таңбалы тас қайта жаңғыртылды. Елбасының тапсырмасымен Отырар қалашығын қалпына келтіру бойынша тұжырымдама жасалды. Былтыр «Отырар» музей-қорықтары сапар орталықтарының құрылысы аяқталды. Укаша ата кесесіне апаратын жол жөнделіп, Аппақ Ишан мешітінің шатыры жабылды.
Түркістанды ЮНЕСКО-ға таныстыру мақсатында «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» атты тарихи анимациялық фильм түсіріліп жатыр. Оған елдің оңтүстігінде жатқан 8 ескерткіш енеді: Түркістан, Сауран мен Күлтөбе қалашығы, Бөржар қорғаны, Отырар оазисі, Сидақ, Қараспан, Жуантөбе.
P.S. ХХ ғасырда жаһанданумен қатар оған қарсы күш – ұлттық дүниені сақтау мен қорғау амбициясы пайда болды. Бұл – диалектика заңдылығы. Қуат алған күшке қарама-қарсы толқынның пайда болуы. Елімізде де осы бағыттың іске қосылғаны, ұлттық дүниелерді мемлекеттік деңгейде қорғай алуға жеткеніміз қуантады. Әсіресе, мәдени нысандардың қалпына келтірілуі аймақта жасалып жатқан жұмыстардың нақты көрсеткіші десек болады. Сол себепті елімізде ашылған мәдени орындар мен нысандар әлі де көбейері хақ.