Бұл сұрақтың жауабын облыстық «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жетекшісі Әдемі Махамбетқызымен талқыладық. Сұхбат барысында өңірдегі атқарылған жобалар жайында және олардың маңыздылығы мен қоғамға ықпалын талқыладық.
- Әдемі Махамбетқызы, бағдарлама аясында Батыс Қазақстанда қанша жоба ұйымдастырылды?
- Мен өңірлік «Рухани жаңғыру» кеңсесінде екі жылдан бері жұмыс істеп келемін. Қазан айынан бастап жетекшілік қызметке тағайындалдым. Жыл басынан бастап біз 12 аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың ұйымастыруымен 365 іс-шара атқардық. Жалпы бұл шараларға 149 мың адам қатысты. Бағдарлама аясында арнайы орталық пен спорт кешені салынды, жарыстар мен байқаулар өтті. Қоғам үшін маңызды тақырыптар бойынша конференция мен кездесулер де болды.
- Нақты қандай жобалар жүзеге асты? Толығырақ айтып берсеңіз.
- Атқарылған шаралар туралы айтар болсам, жоба аясында біз Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына арналған «Жұбан орталығын» аштық. Маңызды жобалардың бірі «Ат спорт кешенін» салдық. Мақсатымыз мүгедек жандарды иппотерапия әдісімен емдеу және атқа міну сабақтарын ұйымдастыру болды. Сонымен қатар «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы аясында «Жайық қыраны» атты республикалық турнир өткіздік. Бұл жарысқа республиканың түкпір-түкпірінен жиналған 14 бүркітші қатысты. Турнир ұлттық спортты насихаттауға арналған болатын. Мәдени шаралардан бөлек, фельдшерлік пункт пен бастауыш мектеп қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін тағы да бір спорт кешенін ашуды жоспарлап отырмыз.
- Қазір пандемияға байланысты жобалар тоқтап тұрған шығар. Карантин кезінде қалай жұмыс істедіңіздер?
- Иә, енгізілген жалпы карантиндік жағдайға байланысты мәдени-танымдық іс-шаралар жаңа форматқа көшті. Жұмысымызды онлайн жалғастырдық. Мәселен, «100 жаңа оқулық» жобасында аударылған кітаптарды насихаттау мақсатында виртуал шолу жасадық. «Тұлғаны дамыту» аясында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы мен Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» кітаптары бойынша да виртуал кітап көрмесін ұйымдастырдық.
- Жалпы осы атқарылған қажырлы жұмыстың халыққа пайдасы қандай?
- Ең алдымен, бұл жобалардың барлығы тұрғындардың ұлттық рухын көтеріп, санасын жаңғыртуға бағытталған. Жаһандану заманында жастардың, өзге мәдениеттің жетегіне ілеспей, өзінің тегі мен тарихын білуі үшін бұл жобалардың ұйымдастырылуы аса маңызды. Менің ойымша, өскелең ұрпақ өзге елдің ойдан құрастырылған қаһармандарына таңқалғаннан гөрі, өзіміздің тарихтағы халқы үшін жанын берген, ұлы істер атқарған шынайы кейіпкерлерді танып, білуі керек. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген мақалдағыдай, тек өзіме деп емес, туған еліме, өскен ортама пайдам тисе деген әр меценаттың жобасы - біздің азаматтарымыздың санасының ашықтығын, ұлтымыздың тектілігін көрсетеді. Сондықтан да халқымыздың санасын биіктетіп, ой өресін жоғарлату үшін бұл шаралардың барлығы да қажет әрі маңызды деп есептеймін.
- Ал осы қоғамның санасын биіктету үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
- Сананы жаңғырту ұзақ уақытты қажет етеді. Сол себепті оның нәтижесін бірден көру қиындау. Дегенмен де, әрбір іс-шаралардан соң мотивация алған жандарды, рухани байи түстік деген көрерменді, дәстүрі мен тарихына бас иген адамдарды, халықтың алғысын алған меценаттардың эмоциясын, жалпы еңбегіміздің нәтижесін көргенде - қоғамның жаңа бағытқа өзгеріп келе жатырғандығын байқаймын. Сол үшін де қуанамын. Бастысы тек уақыт керек.
- Ұйымдастырылған жобаларға көңіліңіз толды ма? Әлде, бір өкінген сәттер бар ма?
- Әрбір шара үлкен талқылаудан өтеді. Келіссөздер жүргізіліп, арнайы дайындық болады. Көңілім толмады деп айтуға болмайды, себебі нәтижесі қандай болса да іс-шара үшін жұмыс жасаған адамдардың еңбегін бағалауымыз керек. Кейде жобаның дайындығына уақыт жетпей қалады не спикерлер мен қатысушылардың уақыты сәйкес келмейді. Жұмыс барысында мүмкіндігіміз бола тұра кей себептерге байланысты шараның мазмұны дұрыс ашылмай қалады. Осындай сәттерде әттеген-ай деген болады.
- Жалпы атқарылған жұмыстардың ішінен өзіңізге аса бір ұнайтын жоба қайсы?
- Маған 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан "Еліме саяхат" атты жобасы ерекше ұнайды. Жоба Қазақстанның сакралды орындарына саяхат жасап, тарихы мен мәдениетін таныстырады. Шара барысында өңір жастары облысымыздың Шыңғырлау, Сырым, Бөкейорда аудандарына барып, киелі жерлерді көріп, тарихи мекендермен танысты. Жобаның қатысушылары Бурабайдың табиғатын тамашалап, киелі Түркістан қаласының шежіресімен, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстанбаб мұрасымен танысып, қасиетті орындарды да аралады. Өз еліміздегі тарихи оқиғалар мен ғұламалар мекендеген жерлерді аралау адамдарға ерекше әсер қалдырады деп ойлаймын.
- Бұл саяхатқа кімдер қатыса алады? Арнайы байқау ұйымдастырылды ма?
- Жобаға өңіріміздегі жастар ұйымдарының белсенді жастары, ресурстық орталықтың қызметкерлері мен волонтерлар қатысты. Бұл шара Батыс Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен жүзеге асырылды. Сол себепті барлық шығындар басқарма тарапынан қарастырған. Жоба батысқазақстандық жастарға арналғандықтан, толықтай қаржыландыру тек облыс жастарына беріледі. Ал енді өзге өңірдің жастары қызығушылық танытып жатса, олардың да саяхат жасауына қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз!