Ұлттық банктің 2021 жылғы қызметінің негізгі қорытындылары туралы айта келе, Ұлттық банк басшысы сыртқы факторлармен қатар жекелеген тауар нарықтарындағы ішкі дисбаланстар елдегі инфляциялық қысымды күшейте түскенін атап өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Соның нәтижесінде Қазақстандағы инфляция 2021 жылы 4-6% нысаналы таргет шегінен тыс болды. 2021 жылдың соңына қарай инфляция қыркүйек-қазан айларындағы ең жоғары деңгейіндегі 8,9%-дан 8,4%-ға дейін төмендетілді.
«Қаржы жүйесінің орнықтылығын арттыру үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, банк жүйесі активтерінің сапасын жақсарту бойынша шаралар кешені іске асырылды. 2021 жылы сыртқы нарықтардың құбылмалылығына қарамастан, валюта нарығы айтарлықтай тұрақты болды. 2021 жылы теңгенің айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 431,8 теңгеге дейін 2,6%-ға әлсіреді. Үкіметпен бірлескен жұмыстың арқасында бір жыл ішінде мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы нарықтық инвесторлардың үлесі 32,7%-дан 69,2%-ға дейін ұлғайды. Ұлттық банктің басқаруымен активтердің кірістілігі: Ұлттық қор бойынша – 4,2%, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бойынша – 11,1% мөлшерінде қамтамасыз етілді», — деді Ғ. Пірматов.
Қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамыту мақсатында Ұлттық төлем жүйесі пилоттық режимде іске қосылды, сондай-ақ цифрлық теңге платформасының прототипін әзірлеу аяқталды.
Әрі қарай Ғалымжан Пірматов әр бағытты егжей-тегжейлі сипаттап берді. Сонымен, оның айтуынша, Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша, 2021 жылы жаһандық ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны 40 жылдан астам уақыт ішінде ең жылдам болып, 5,9%-ды құрады. 2022 жылы экономиканың қалпына келуі жалғасады, бірақ өсу қарқыны төмендеп, Халықаралық валюта қорының болжамдары бойынша 4,4%-ды құрайды. Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша, Қазақстан экономикасы 2022 жылы 3,7-4,0%-ға өседі, Ұлттық банк оны 3,9-4,2% деңгейінде болжап отыр.
Шамадан тыс сұраныс тудырған әлемдік экономиканың тез қалпына келуі аясында 2021 жылы шикізат, материалдар мен азық-түлік бағасы ең жоғары деңгейге жетті, бұл энергетикалық дағдарыспен бірге әлемнің көптеген елдерінде рекордтық инфляцияға алып келді. Халықаралық ұйымдар қысқа мерзімді кезеңде дисбаланстар аяқталса, 2022 жылдың ортасына таман бағаның тұрақтануын болжауда. Тауар жеткізудегі барынша ұзақ тоқтап қалулар және шикізат пен азық-түлік бағасының өсуі жалғасса, инфляцияның тұрақтануына ұзақ уақыт керек болады.
Үдеп келе жатқан инфляциялық қысымды тежеу аясында орталық банктер ақша-кредит талаптарын күшейте бастады, ол 2022 жылы белсенді түрде жалғасатын болады және қазірдің өзінде нарықтарға қысым көрсетуде.
Сыртқы және ішкі инфляциялық қысымның күшеюі кезінде Ұлттық банк 2021 жылдың ортасынан бастап базалық ставканы 9,75%-ға дейін 75 базалық тармаққа өсірді. Үкіметпен бірлескен шараларды іске асыру нәтижесінде 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция қыркүйек-қазан айларындағы ең жоғары 8,9%-дан 8,4%-ға дейін баяулады. Алайда, базалық инфляцияның траекториясы инфляцияның баяулауының әлі де тұрақсыз екенін көрсетеді. Биылғы жылғы қаңтарда инфляцияның тағы да 8,5%-ға дейін жеделдеуі осыны дәлелдейді.
«Инфляциялық процестердің орнықсыздығын байқай отырып, Ұлттық банк осы жылғы 24 қаңтарда базалық ставканы 10,25%-ға дейін 50 базалық тармаққа көтерді, бұл инфляцияны биылғы жылдың соңына қарай болжанатын 6-6,5% дәлізіне қайтаруға ықпал ететін болады. Ұлттық банк келесі болжамдық раундының шеңберінде наурыз айында 2022 жылға арналған инфляция болжамын өзектендіреді. Бағаның өсуін одан әрі төмендету үшін Ұлттық банк дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырады, ол Үкімет тарапынан тауар нарықтарындағы дисбаланстарға жол бермеуге бағытталған жүйелі шаралармен қатар орындалуы тиіс», — деді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы.
Экономиканы дағдарысқа дейінгі деңгейге дейін қалпына келтіру міндетін орындаған экономиканы қолдаудың 5 бағдарламасын іске асыруды аяқтау инфляциялық қысымды төмендетудің қосымша қадамы болды. Ақша-кредит саясатының стратегиясына сәйкес Ұлттық банк экономиканы қаржыландырудың нарықтық қағидаттарын енгізуді жалғастырады.
Ұлттық банк пен Қаржы министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде мемлекеттік бағалы қағаздар аукциондарындағы нарықтық инвесторлардың үлесі 2020 жылғы 32,7%-ға қарағанда 2021 жылы 69,2%-ға дейін өсті. Талап етілетін өтеу мерзімі 1 жылдан 5 жылға дейінгі мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастыру үлесі 53% болды. 2021 жылы бейрезиденттердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына және Ұлттық банктің ноталарына салған инвестицияларының көлемі 596 млрд теңге болды. 2022 жылы кірістіліктің тартымды деңгейлері және мемлекеттік бағалы қағаздарды халықаралық индекстерге енгізу аясында шетелдік инвесторлар тарапынан сұраныс мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы өтімділікті одан әрі арттыруға ықпал ететін болады.
2021 жылы 2,7 трлн теңге түсім және 4,5 трлн теңге трансферттердің бөлінуіне байланысты Ұлттық қордың активтері 55,3 млрд долларға дейін төмендеді. Нарықтардың құбылмалылығына қарамастан, Ұлттық қор кірістілігі 4,2% немесе 2,3 млрд доллар көлемінде қамтамасыз етілді. 2022 жылы активтердің теңгерімді аллокацияға өтуі аяқталады және акциялар нарығының төмендеу әсерін барынша азайту үшін қорғау және балансқа келтіру стратегиялары енгізіледі.
2021 жылы мемлекеттік борышты, валюталық интервенцияларды және Үкіметтің шоттары бойынша басқа да операцияларды төлеу үшін еркін конвертацияланатын валютадағы активтердің қысқаруына байланысты алтын-валюта резервтері 34,4 млрд долларға дейін 1,3 млрд долларға төмендеді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жалпы халықаралық резервтер 89,7 млрд долларды құрады.
Зейнетақы жинақтарының 2,6 трлн теңге сомасында мерзімінен бұрын алынуына қарамастан зейнетақы активтері 13 трлн теңгеге дейін 152 млрд теңгеге өсті. Өткен жылғы инвестициялық кірістің көлемі 1,4 трлн теңге, зейнетақы жарналарының көлемі 1,3 трлн теңге, зейнетақы төлемдерінің көлемі 268 млрд теңге болды. Зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі 2,7% болды. 2022 жылы портфельді одан әрі әртараптандыру арқылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерінің кірістілігін арттыру жұмысы жалғасатын болады.
Ұлттық банк 2021 жылғы қарашада Ұлттық төлем жүйесінің компоненттері – карточкалық транзакцияларды өңдеу үшін Төлем карточкаларының банкаралық жүйесін және мобильді онлайн төлемдерге қызмет көрсету үшін Лездік төлемдер жүйесін пилоттық режимде іске қосты. Ұлттық төлем жүйесінің жұмыс істеуіне қажетті нормативтік-құқықтық база әзірленді, оны толық көлемде іске қосу осы жылғы 1 шілдеде күтілуде.
2021 жылы Ұлттық Банк Цифрлық теңгені енгізу жөніндегі пилоттық жобаға бастамашылық жасады. Қазіргі уақытта платформаның прототипін әзірлеу аяқталды, 2021 жылғы желтоқсанда пилоттық жобаның нәтижелері бойынша қорытынды баяндама жарияланды. Биылғы жылы пайда мен шығындарды бағалай отырып, цифрлық теңгені енгізу моделі бойынша қорытынды шешім әзірленетін болады.