Қазіргі таңда еліміз бойынша ғана емес, әлем бойынша омыртқа сегментінің ақауларынан зардап шегушілер саны артып келеді. Сол себепті аталмыш ауру түрлері қазіргі медицинадағы аса маңызды мәселелердің бірі болып саналады. Медицина саласы өте қарқынды әрі жаңа сипатта дамып келеді. Ота жасаудың тез әрі ұтымды, ауырсынусыз өткізілетін түрлері ойлап табылып, медицина саласына тың серпін келді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Осы орайда аталмыш омыртқа ауруларына жасалатын күрделі оталарда да жаңа методика қолдану енгізілген. Біздің өңірімізде де аталмыш ауру түрлеріне бұрын-соңды жасалмаған оталар жасалуда. Жыл басынан бері облыстық көпбейінді аурухананың нейрохирургия бөлімінің дәрігерлері қозғалу омыртқа сегментінің ақауларын түзетуде 20 шақты күрделі ота өткізген.
Шаһарымыздағы нейрохирургия бөлімі облыстық көпбейінді аурухананың 12 корпусының 1 қабатында орналасқан. Аталмыш ауруханның нейрохирург дәрігері Бекежан Траисов нейрохирургия саласындағы мәселелер мен жаңа күрделі отаның жасалу барысы жөнінде сұхбат берді.
«Біз әр түрлі патологиялық оталар жасаймыз: миға және омыртқаға, омыртқа құрылымына, жұлынға оталар жасалады. Соңғы уақытта омыртқа бағанының, жатыр мойнының, бел мен кеуденің деструктивті өзгерістерімен науқастар жиі келіп жатыр. Науқастар саны көп болғанмен, барынша барлығына көмек беруге тырысамыз. Дәрігерлеріміз әрдайым білімдерін толықтырып отырады. Отандық және шет ел клиникаларында арнайы шеберлік сағаттары мен сабақтарға қатысып, тәжірибе жинақтайды, шеберліктерін арттырады».
«Соңғы жылдары омыртқа ығысуында жаңа технологияларды қолдану арқылы ота жасалынуда. Омыртқалар ығысқан кезде жұлынның құрылымын қыса бастайды. Осы сәтте жұлын мен жүйке ілмектері зақымданады және нәтижесінде науқас ауыр халде ауруханаға жеткізіледі. Бұл кезде науқас аса қиналады. Алғашында аяғы қатты ауырады, әрі қарай өздігінен қозғала алмауға дейін барады. Нәтижесінде науқасқа ота жасалу керек болады. Сол себепті омыртқа бағанын түзету үшін дәрігерлерге қаралып, кеңес алу керек. Аталмыш отаны жасау үшін ауруханада барлық құрал-жабдықтар қарастырылған» - дейді дәрігер.
«Бұрын біз отада артқы бекіту арқылы қол жеткізуді қолдандық, ал қазір оталар алдыңғы бекіту арқылы жасалады. Ота барысында арнайы дискілер алдынан орнатылып, тиісті жерлерге салынады. Осылайша омыртқаның түзелуіне қол жеткіземіз. Аталмыш әдіс бойынша жасалған оталар нәтижесі жақсы. Науқастар тиісті уақытта, жақсы көңіл-күймен шығарылады. Ең бастысы олар өз аяқтарымен қадам басып шығады. Нұр-Сұлтан қаласында осындай оталар жүргізіліп жатыр, біз оны біздің өңірде қолдана бастадық. Жыл басынан бері аталмыш әдіспен 20 шақты ота жасалды» - деп өз сөзін жалғады.
Аталмыш сырқаттар түрі бойынша орташа есеппен алғанда 20 жастан 80 жасқа дейінгі науқастар келіп ем алады екен. Дегенмен дәрігерлердің айтуы бойынша көбінесе 50 жастан асқан әйел адамдар аталмыш сырқатқа көп шалдығады.