Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жасанды интеллект негізінде мемлекеттік қызметтердің жаңа экожүйесін қалыптастыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекеттік қызметтерді одан әрі цифрландырудың және мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара іс-қимылына ЖИ енгізудің түйінді бағыттарына назар аударылды. Жиында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков, сондай-ақ «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова және BTS Digital компаниясының басшысы Мақсат Нұриденұлы баяндама жасады.
Биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген еліміздің Конституциясы адам құқықтарын қорғауға, «Заң мен тәртіп» қағидатына және цифрлық трансформацияға негізделген мемлекет пен азамат арасындағы қатынастардың жаңа үлгісін бекітті.
«Әділет министрлігі, өз кезегінде, құқық қолдану практикасы мен азаматтардың өтініштеріне жүйелі түрде талдау жүргізеді. Атап айтқанда, ең өзекті мәселелердің бірі – нотариус жасаған атқарушылық жазба және оны кейіннен жеке сот орындаушының орындауы болып отыр. Біріншіден. Атқарушылық жазба санының жылына 2 миллионнан асуына байланысты, ең алдымен борышкерлерді уақтылы хабардар ету және олардың қарсылық білдіру құқығын жүзеге асыруы бойынша шағымдар саны артты. Айта кету керек, өткен жылғы наурыздан бастап eGovMobile платформасында атқарушылық жазба бойынша – өтініш беруден бастап азаматтың қарсылық білдіру құқығын жүзеге асыруға дейінгі цифрлық шешімдер іске қосылды. Нотариус борышкерге атқарушылық жазба көшірмесінің «электрондық үкімет» порталы және SMS арқылы жеткенін тіркей отырып жолдай бастады. Борышкер онлайн режимде қарсылық білдіруге немесе берешегін мойындауға мүмкіндік алды», — деді әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.
Оның айтуынша, осы кезеңде (2025 жылғы наурыздан бері) 2,5 миллионнан астам атқарушылық жазба жасалып, олардың шамамен 700 мыңына онлайн режимде қарсылық берілген. Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, жүзеге асырылған жоба жеткіліксіз болып шықты. Осыған байланысты заңнамалық реттеуді де, жасанды интеллектіні қолдана отырып, жаңа цифрлық құралдарды пайдалануды да одан әрі жетілдіру қажеттілігі туындады.
«Екіншіден. Тәжірибеде анықталған мәселелер, әрине, қосымша кепілдіктерді заң деңгейінде бекітуді талап етті. Осы ретте, ағымдағы жылдың 8 шілдесінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев нотариаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша заңға қол қойды. Түзетулер нотариаттық әрекеттерді, әсіресе атқарушылық жазбаға қатысты әрекеттерді жасау кезінде кемшіліктерді жою және барынша жаңа цифрлық шешімдерді қолдану арқылы азаматтардың құқықтарын қорғауды біршама күшейтті.
Бұдан басқа, азаматтың құқықтарын қорғау нотариустардың атқарушылық жазбаны жасау кезінде ғана емес, жеке сот орындаушының мәжбүрлеп орындату кезеңінде де қамтамасыз етілуі тиіс. Сондықтан заңнаманы жаңғырту жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айының соңында атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша заңға қол қойылған кезеңді де қамтыды. Оның ережелері атқарушылық рәсімдердің ашықтығын арттыруға және тараптардың құқықтарын қорғауға бағытталған», — деді ол.
Осы өзгерістердің цифрлық шешімі – бұрын 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген және AdiletGov жүйесімен интеграцияланған әрі жетілдірілген «Тараптар кабинеті» модулі. Бұл кабинет арқылы өндіріп алушы мен борышкер кез-келген уақытта іс материалдарымен танысып, жасалған әрекеттер мен қабылданған шараларды тексере алды, атқарушылық іс жүргізудің ағымдағы мәртебесін көріп, сондай-ақ электрондық форматта өтініштер мен өтінішхаттар жолдай алды. Сервис іске қосылған сәттен бастап азаматтардан 63 мың өтініш келіп түсті, оның ішінде тек 9,4%-ына әділет органдарына шағым жасалған. Мәселелердің басым бөлігі тікелей жеке сот орындаушысының деңгейінде шешілуде, оның нәтижесінде өтініштер саны 38 мыңнан 32,3 мыңға дейін, яғни 15%-ға азайды. Осылайша, азамат атқарушылық жазбаның жасалуын ғана емес, одан кейінгі бүкіл орындау процесін де бақылау мүмкіндігіне ие болды.
«Бұдан былай, Министрлік жасанды интеллектіні пайдалана отырып проактивті бақылауды енгізеді. Бұл модульде кідірістер, ұзақ уақыт аяқталмай тұрған атқарушылық іс жүргізулер, мерзімдердің бұзылуы және жедел әрекет етуді талап ететін өзге де проблемалық мәселелер анықталатын болады. Үшіншіден. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің белсенді қолдауымен Әділет министрлігі жаңа цифрлық E-Notary платформасын іске қосуда. Ол қолданыстағы цифрлық шешімдердің тәжірибеде анықталған мәселесін жойып, нотариаттық әрекеттердің ашықтығы мен оны бақылаудың жоғарғы деңгейін қамтамасыз етеді. Платформада нотариустың әрбір әрекеті тіркеліп қана қоймай, нотариустар мен азаматтарды биометриялық сәйкестендіру жүйесін интеграциялау алғаш рет көзделген. Бұл есептік деректерді заңсыз пайдалануды жояды және ақпараттық қауіпсіздік деңгейін барынша арттырады. Бұдан былай азаматтар платформада жеке кабинет ашып, оның көмегімен өздерінің қатысуымен жасалған барлық нотариаттық әрекеттерді бақылап, есепке алып және қадағалап отырады. Қажет болған жағдайда нотариустардың заңсыз әрекеттеріне қарсылық білдіруіне болады. Бұл жерде нотариаттық жазба жасау үшін өтініштерді автоматты түрде бөлу көзделеді. Бұл тең жүктемені қамтамасыз етуге, борышкердің нотариусты таңдау мүмкіндігін жоюға және олардың арасындағы сөз байласу қаупін азайтуға мүмкіндік береді», — деді әділет министрі.
Тағы бір жаңашылдық – жасанды интеллект элементтерін ұсынылған құжаттарға талдау жүргізу, ықтимал кемшіліктер мен тәуекелдерді анықтау, тиісті ұсынымдар әзірлеу кезінде пайдалану болып табылады. Бұл ретте нотариаттық әрекетті жасау туралы түпкілікті шешімді нотариус өзі қабылдайды. Платформаны пилоттық жоба барысында пайдалану қорытындысы бойынша оны осы жылдың соңына дейін еліміздің бүкіл аумағында енгізу жоспарлануда.
Қорытындылай айтқанда, министрлік ең алдымен, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған нотариат пен атқарушылық іс жүргізудің заманауи цифрлық моделін қалыптастыра отырып, азаматтардың шағымдарын қараудан, олардың алдын алуға көшпек.