Тұмауға қарсы егу науқанының басталуымен тұрғындарда түрлі сұрақтар туындай бастады. Атап айтқанда, көптеген адам «тұмауға қарсы екпе алу керек пе және одан иммунитет төмендемей ме?» «COVID-19 және тұмауға қарсы вакцина бір-біріне сәйкес келе ме?» деген сынды мәселелер алаңдатады. Бұл сұрақтарға Нұр-Сұлтан қаласы №3 қалалық емханасының терапия бөлімшесінің меңгерушісі Көркем Асанова жауап берді.
Сарапшы алдағы маусымда тұмаудың өршуіне жол бермес үшін мейлінше көбірек адам екпе алуы тиіс деп есептейді. Сонымен қатар, Көркем Асанова тұмауға қарсы вакцинацияны коронавирусқа қарсы вакцинацияның толық курсын аяқтағаннан кейін бір айдан ерте емес уақытта жүргізуге болады дейді. Иммундық жүйенің патогенге антиденелер шығаруы үшін осындай уақыт аралығы қажет екен.
«Коронавирустың екі компонентін де алу үшін бір жарым айдай уақыт керек екенін ескерген жөн. Сондықтан, тұмауға қарсы екпені де уақыт созбай алған абзал», - деп түсіндірді дәрігер.
Маманның айтуынша, тұмауға қарсы вакцинациядан аурудың басталғанын күтпей-ақ өту қажет. Тұмауға қарсы вакцина коронавирусты немесе тұмаудан басқа респираторлық вирустарды жұқтыру қаупін арттырмайды, бұл мәселені терең зерттеген Канада ғалымдары осындай қорытындыға келген. Вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әдісі.
Сонымен қатар, Көркем Асанова тұмауға қарсы ауқымды вакцинация тұмаудың асқынуларымен ауруханаға жатқызу санын азайту үшін де қажет екенін атап өтті, бұл дәрігерлерге COVID-19-бен күресуге барынша күш жұмсауға мүмкіндік береді.