Алматы облысында ұлттық тағам мәдениетін жаңаша танытатын ерекше гастрономиялық өнім пайда болды — түйе сүтінен дайындалатын балмұздақ. Сарыбұлақ ауылында өндірілетін бұл десерт дәстүрлі шұбаттың пайдасын сақтай отырып, заманауи форматта ұсынылып, бүгінде «қазақ балмұздағы» деген атауға ие болуда, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы облысында ұлттық тағам мәдениетін жаңа қырынан танытатын тосын гастрономиялық өнім пайда болды — түйе сүтінен, дәлірек айтқанда шұбаттан жасалған балмұздақ. Бұл өнімді Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылында 38 жастағы кәсіпкер Азангүл Албосын өндіреді. Табиғи құрамы, 20-дан астам дәм түрі және дәстүрге негізделген тұжырымдамасы бар бұл десертті жергілікті тұрғындар бүгінде «қазақ балмұздағы» деп атап кеткен.
Жоба «Қазақтану» атты мәдени-ағартушылық бағыт аясында жүзеге асырылуда. Оның басты мақсаты — көне дәстүрлердің қазіргі заманмен үндесе отырып, жаңаша сипат ала алатынын көрсету. Мұнда ұлттық ас тек тағам ретінде ғана емес, тарихты, философияны және мәдени жадыны сақтаушы құндылық ретінде қарастырылады.
Азангүл Албосынның негізгі мамандығы — заңгер. Қазақстанға қоныс аудармай тұрып, Қытайда сот болып жұмыс істеген. Тарихи Отанына оралу бала күнінен бергі арманы еді — ата-анасы ата-баба жері жайлы жиі әңгімелейтін, ал әкесі түйе шаруашылығын ашуды көп ойлайтын.
Шамамен 15 жыл бұрын Азангүл Қазақстанға көшіп келіп, тұрмыс құрды. Жолдасы Жарқын Жұмағазымен бірге шаруа қожалығын дамыта бастады. Алғашында ешкі мен жылқы өсіріп, ешкі сүті мен қымыз сатты. Кейін тәуекелге барып, түйе шаруашылығымен айналысуға бел буды. Алғашқы түйелерді көліктерін сатып, сол қаржыға алған. Тәжірибені өз бетімен жинады: фермаларды аралап, білікті шаруалардан кеңес алып, шұбат дайындау технологиясын меңгерді.
«Алғашқы кезде түйе сүтін базарларда, халық көп жиналатын жерлерде стақанмен саттық. Көлігіміз болмаған соң, күйеуім өзі көтеріп жүрді. Қиын болды, бірақ сұраныс артты. Кейін адамдар өздері бізге келе бастады», — деп еске алады Азангүл.
Отбасы Сарыбұлақ ауылына 10 жыл бұрын қоныс аударған. Бүгінде фермада 80-ге жуық түйе бар. Мұнда өндірілетін шұбат, құрт пен майды тек аудан тұрғындары ғана емес, өзге өңірлерден де сатып алады. Үш жыл бұрын ерлі-зайыптылар бизнес-жоспар әзірлеп, оны Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке ұсынды. Жоба қолдау тауып, Қаражотын ауылдық округінен бос жатқан жер телімі берілді.
«Түйе шаруашылығы — жай ғана кәсіп емес. Қазақ халқы үшін бұл — тіршілік көзі болған сала. Сүтін, жүнін, терісін — барлығын тұрмыста пайдаланған. Біз осы дәстүрдің болашағы бар екенін көрсеткіміз келеді», — дейді кәсіпкер.
Азангүл қолөнермен де айналысады: түйе жүнінен көрпе, жастық, емдік белбеулер тігеді. Алдағы уақытта ауыл әйелдеріне арналған қолөнер мектебін ашуды армандайды.
Шаруашылықтағы негізгі өнім — түйе сүті. Халықаралық оқудан өтіп, арнайы құрал-жабдық алғаннан кейін, өткен жылы Азангүл «Қазақ қызы» атты жеке брендімен шұбаттан балмұздақ шығара бастады.
«Сүтті баяу қайнату керек. Бұл процесс 20 сағатқа дейін созылады. Сүт қоюланып, қоюландырылған сүт секілді болғанда, оған тосап қосамын. Қазір шамамен 20 түрлі дәм бар: шоколад, құрма, карамель, жидек, қауын және басқалары», — дейді ол.
Балмұздақ толықтай табиғи өнім: консервантсыз, қант мөлшері аз. Дәмі классикалық балмұздақтан кем емес, ал пайдасы әлдеқайда жоғары — дәрумендер мен қоректік заттарға бай.
Алғашында өнім Шелек ауылындағы шағын дүкенде сатылса, қазір Алматы қаласындағы дәмханалар мен мейрамханаларға тапсырыспен жеткізіледі. Қаптама дизайнын да Азангүлдің өзі әзірлеген.
Өткен жылы кәсіпкер «Бір ауыл — бір өнім» жобасына қатысып, көрме қонақтарының оң бағасына ие болды. Алайда сол жолы мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алмады.
«Қазақстанды әлемге танытатын басты құндылық — оның дәстүрі мен мәдениеті. Бізде ұлттық гастрономиялық брендтер болуы керек. «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар өнімдер көбейгенін қалаймын», — дейді Азангүл.
Отбасының алдағы жоспары — түйе санын арттыру, бөтелкеге құйылған шұбат өндіретін цех ашу және балмұздақ өндірісін кеңейту.
Қазақтың ұлттық асханасы — Ұлы дала көшпелілер өркениетінің айнасы. Азангүл Албосын — сол дәстүрді сақтап қана қоймай, оны заманауи тілде сөйлете білген жандардың бірі. Оның шұбаттан жасалған балмұздағы — тарих пен табиғилықты, жаңа идеяларды тоғыстырған, Отанның дәмі бар ерекше десерт.
Айта кетейік, Қазақстанда түйе сүті өндірісі жылына 18 мың тоннадан асады.