Екпе алған адам мен одан бас тартқан адам коронавирус індетін жұқтырған жағдайда өкпесіне қаншалық зиян тиеді? Дәм сезу, иіс сезу жүйесіне зақым келсе оны қалай қалпына келтіруге болады? Осы және өзге де сауалдарға Нұр-Сұлтан қалалық №8 емхананың профилактикалық бөлімшесінің скрининг дәрігері Анар Асубекова жауап берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Емханамызға өкпесін скринингтен өткізетін адам көп келеді. Өз тәжірибемде байқағаным вакцинациядан өткен адам мен одан бас тартқан адамның өкпесінде айырмашылық бар. Екпе алып, алайда ковид инфекциясын жұқтырған болса өкпесіне зиян тимейді десем де болады. Өз басым вакцина алған адамның көп дегенде 10-15 пайызына ғана зақым келгенін байқадым. Мұндай жағдайда науқастың стационарға жатып, күндіз-түні дәрігердің бақылауында болуының еш қажеті жоқ. Үйінде емделе берсе де болады. Ал вакцина алмаған адам коронавирустың орташа немесе ауыр түрін өткереді», - деді Анар Асубекова.
Сөзін жалғай отырып, дәрігер COVID-19 инфекциясын жұқтырғаннан кейін иіс, дәм сезу қабілетін орнына қалай келтіруге болатынын түсіндіріп берді.
«Коронавирус жұқтырған науқастың өкпесінде қабыну болған кезде шырышты қабатының ісінуі пайда болады. Салдарынан иіс сезу жүйкесі зақымданғандықтан біраз уақытқа дейін адамда иіс сезу, дәм сезу нашарлап тұрады. Тіпті мүлдем сезбей қалады. Бұл ісіну кеткеннен кейін ақырындап қана орнына келеді. Порцесті жылдамдату үшін мұрынды тұзды сумен немесе арнайы ерітінділермен күнделікті шайып отыру керек. Ал ісіну аздап басылғаннан кейін хош иісті заттарды иіскеп жүйкенің функциясын қайтадан қалпына келтіруге болады», - деді ақхалатты дәрігер.
Коронавирус инфекциясын емделіп шыққаннан кейін адам қанша уақыт күтінуі қажет? Неден сақтануы керек?
«Алдымен кемінде екі апта карантин режимін сақтауы керек. Нақтырақ айтқанда, өз-өзін күтініп, жылы киіну, адам көп жиналған орындарға бармау, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілген талаптарды толықтай сақтау қажет. Сол сияқты дұрыс тамақтану, уақытылы ұйықтау, шаршағанша жұмыс істемеу керек», - деп түсіндірді.
Дәрігер өз сөзінде науқас емделіп шыққаннан соң ұшаққа отыру қауіпті екенін айрықша атап өтті.
«Алғашқыда инкубациялық уақытта бірнеше күннен 20 күнге дейін созылуы мүмкін. Кейін айқын клиникалық белгілері болғаннан кейін бірер аптадан бір айға дейін жалғасуы мүмкін. Ал ПТР нәтижесі теріс болғаннан кейін ұшуына болады. Бірақ оның өзінде дәрігерінің рұқсатын алу қажет. Себебі бұл әр адамның өз ағзасына байланысты», - деді ол.
Анар Асубекова өз сөзінде коронавирустан бөлек созылмалы аурулары болса ұшаққа отыруына жарты жыл, тіпті бір жылға дейін рұқсат берілмеуі мүмкін екенін жеткізді.
Айта кетейік, коронавирус індетін жұқтырғандар қатары азайғанмен елордада «қызыл аймақтан» әлі шыққан жоқ. Карантинге дейінгі қалыпты өмірге оралудың жалғыз жолы – вакцинация арқылы ұжымдық иммунитетті дамыту. Сол себепті өз денсаулығыңызды ғана емес өзгелерді де қорғау үшін екпе алу қажет.