Мемлекет басшысының ішкі және халықаралық авиарейстер санын ұлғайту, сондай-ақ көлік секторына инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты жандандыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет авиация саласын жаңғырту жөніндегі шаралар кешенін дәйекті түрде іске асыруда. Инфрақұрылымды дамыту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту басты назарда, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы 5 айда қазақстандық авиакомпаниялар 5,7 млн жолаушы тасымалдады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 5%-ға артық. Инфрақұрылымды жаңғырту шеңберінде соңғы жылдары 20 ұшу-қону жолағы, 19 терминал қайта жаңартылып, Түркістанда жаңа әуежай салынды. Жеке инвестициялардың арқасында Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдары пайдалануға берілді. Бұл жалпы өткізу қабілетін жылына 3,5 млн-нан 23 млн жолаушыға дейін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді.
«Біздің отандық тасымалдаушылар жаңа шетелдік маршруттар мен ішкі рейстерді игеруде. Сонымен қатар, еліміздің барлық дерлік әуежайларында "ауа еркіндігінің" бесінші дәрежесі бар. Бұл да өз жемісін беріп отыр. Соның арқасында бізге шетелдік компаниялар келуде, жолаушылар ағыны тұрақты түрде өсуде. Елімізде авиацияның болашағы зор. Ал бағаларға келетін болсақ, бұл нарық бізде реттелмейді. Біздің міндетіміз - монополия болмайтындай және ешкім теріс мақсатта пайдаланбайтындай етіп бәсекелестікті дамыту», — деп атап өтті Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Вице-премьердің айтуынша, бүгінгі таңда «ашық аспан» режимі Қазақстанның 17 әуежайын қамтиды. Бұл жетекші шетелдік авиакомпаниялардың нарыққа шығуы үшін қолайлы жағдайлар туғызып, ол өз кезегінде азаматтық авиация саласындағы бәсекелестіктің күшеюіне және ұшу географиясының кеңеюіне ықпал етуде. Сонымен қатар, авиаотын жеткізу саласында да тұрақты позициялар байқалады.
«Бүгін біз авиакеросиннің қажетті мөлшерінің 30%-ына дейін экспорттаймыз. Бұл тек азаматтық авиация ғана емес, сонымен қатар жүк тасымалына да қатысты. Бұған дейін, 2017 жылы біз мұнай өңдеу зауытын жаңғыртқанның арқасында тапшылықты жойған болатынбыз. Егер бұрын тұтыну жылына 650 мың тоннаны құраса, 2019 жылдан кейін ол 900-1000 мың тоннаға жетті. 2029-2030 жылдарға қарай жаңа қуаттарды іске қосу арқылы біз тапшылықты толығымен жоямыз», — деп атап өтті бірінші вице-премьер Роман Скляр.