Мемлекет басшысы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа бала құқықтарын қорғау және жас ұрпақтың денсаулығын сақтау мен нығайту бағытында атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берілді.
Соңғы екі жылда балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зорлық-зомбылықтың, суицидтің және жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында бірқатар шара қабылданып, бағдарламалар мен заңдар әзірленді. Аталған жұмыс аясында Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен заңнамаға 120 түзету енгізілді.
Динара Зәкиева биыл 13 өңірдегі және 73 елді мекендегі ахуалға мониторинг жүргізілгенін, соның ішінде 272 мекемедегі балаларға жасырын сауалдама жасалғанын, 173 отбасыда тәрбиеленіп жатқан жеткіншектердің жағдайымен танысқанын айтты. Тексеріс қорытындысы бойынша бала құқықтарын қорғауға қатысты қабылданған заң нормаларын бұзған 171 дерек анықталған.
Бұдан бөлек, аймақтардағы 112 отбасылық қолдау орталығының тиімді жұмыс істеп жатқаны белгілі болды. Олар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен балалар құқығын қорғау мақсатында ашылған болатын.
Облыс әкімдіктері жанынан бала құқықтарын қорғау жөніндегі басқарма құру жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ балаларды қорғауға жауапты өңірлік органдардың міндеттері мен мәртебесін айқындайтын заң жобасы дайындалып жатыр.
Бұған дейін Мемлекет басшысы қабылданған заңдарды іске асыру жөнінде міндет жүктеген еді. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Президент тапсырмасының орындалу барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, ерекше қажеттіліктері бар балаларды дамыту мен оңалту орталықтарын құру жұмыстарын жандандыруға тоқталды. Қазіргі кезде «Қазақстан халқына» қоры серіктестерімен бірге 49 оңалту орталығын ашты. Бұл мекемелерде ерекше қажеттіліктері бар балаларға қызмет көрсетіледі.
Сонымен қатар кездесуде «Қазақстан балалары» бағдарламасын әзірлеу, онлайн қауіпсіздікті қамтамасыз ету және кәмелетке толмаған азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау мәселелері талқыланды.
Президент бала құқықтарын қорғауға кепілдік беру жүйесін нығайтып, жеткіншектерді жан-жақты қолдау тетігін қалыптастыру үшін жергілікті атқарушы органдар мен өңірлік уәкілдердің күш-жігерін жұмылдыру маңызды екеніне назар аударды. Бұдан бөлек, мектептердегі инклюзивті білім беру ісін дамытуды көздейтін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.