Дс, 31 наурыз 2025
Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

Елімізде қалдықтарды тиімді қайта өңдеу бойынша шамамен 317 млрд теңге сомаға жаңа жобалар мақұлданды

Елімізде қалдықтарды тиімді қайта өңдеу бойынша шамамен 317 млрд теңге сомаға жаңа жобалар мақұлданды
Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысында коммуналдық және өндірістік қалдықтарды басқару жөніндегі жұмыс туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасаап. 

Ол еліміздің 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында сұрыптау мен қайта өңдеу үлесін арттыру, сондай-ақ халықты қоқыс шығару қызметтерімен қамтуды арттыру көзделгенін атап өтті.

«Осы жоспардың индикаторларын декомпозициялау шеңберінде барлық өңірлерге жоспарлы көрсеткіштер белгіленді. Коммуналдық қалдықтар бойынша, жыл сайын елімізде шамамен 4,5 млн тонна түзіледі, 2024 жылғы қайта өңдеу жоспары 30% болса, нақты өңделгені шамамен – 26%. Еліміздің 20 өңірінен жоспарлы көрсеткішке 7 өңір қол жеткізбеді. Олардың ішінен: Ұлытау, Маңғыстау облыстары және Алматы қаласын ерекше атап өтемін. Біз бұл салада қалыптасқан жағдайды түзетуге мүмкіндік беретін бірқатар мәселелерді шешумен айналасып жатырмыз», — деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Министрдің айтуынша, негізгі себептің бірі – экономикалық тартымдылықтың төменділігі. 2021 жылы жаңа Экологиялық кодексті қабылдаған сәттен бастап әкімдіктер тұрмыстық қалдықтар тарифін қайта қарап, мәслихаттарда бекітуі тиіс болған. Бүгінгі күні еліміздегі 211 аудан мен қаланың 155-інде тарифтер қайта қаралды. Тарифтері қайта қаралмаған аудан мен қалалардың басым бөлігі – Павлодар, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында.

Осыған байланысты, қолданыстағы тарифтер тиісті қызмет көрсету шығындарын өтемейді. Мысалы, Атырау қаласында әкімдік есептеген тариф мөлшері 527 теңге болса, мәслихаттардың халық мүддесін ескере отырып, бекіткені – 379 теңге. 

«Бұл мәселені мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы шешу жоспарлануда. Онда тұрмыстық қалдықтар үшін шекті, яғни экономикалық тартымды тарифті бекіту көзделуде. Жеке серіктес ағымдағы және шекті тарифтің айырмасын утильтөлем есебінен алатын болады. Тиімділікті арттыру мақсатында біз шекті тарифтерді бекітуді әкімдіктер құзіретіне береміз. Заңнамаға тиісті түзетулер Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр», — деді министр.

Бұған қоса, Министрлік мәселені жүйелі шешу мақсатында тұрмыстық қалдықтар тарифін 3 жылда кемінде бір рет қайта қарау кезеңділігі бойынша Кодекске түзетулерді әзірледі.

Өткен жылдан бастап Министрлік қалдықтарды жинау және қайта өңдеу кәсіпорындарын ынталандыру мақсатында «ЕсoQolday» бағдарламасын қайта іске қосты. Биыл осы төлемдерге 9,2 млрд теңге қарастырылды. 

«Мысалы, полимер қалдықтарының жиналған және қайта өңделген әр тоннасы үшін биыл төлемдер сомасы 71 мың теңгеден асады. Бұдан бөлек, біз қалдықтарды қайта өңдеудің меншікті жүйесі бар өндірушілер мен импорттаушыларды утильалым төлеуден босату талаптарын жеңілдеттік», — деп атап өтті Ерлан Нысанбаев. 

Атап айтқанда меншіктегі міндеттеме тек қайта өңдеу жабдықтарына қолданылады, ал ғимараттар немесе көлік құралдары жалға алынуы немесе аутсорсингке берілуі мүмкін. Сонымен бірге 2031 жылдан бастап қайта өңдеу үлесін қазіргі 30%-дан 40%-ға ұлғайту талабы қарастырылуда.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының ірі қалаларда қоқыс өңдеу зауыттарын салу жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін утильтөлем есебінен жеңілдетілген қаржыландыру механизмі бекітілді, жылдық 3%-бен 15 жылға және екі жылға дейінгі демалысы бар несиелер көзделген.

Бүгінгі күні Министрлік, әкімдіктер ұсынған, құны 316,9 млрд тенгені құрайтын 67 жобаны мақұлдады, оның ішінде 43 жоба қайта өңдеуге бағытталған. 

67 жобаның ішінде:

  • құны 47,3 млрд тенгені құрайтын 9 жобаны Өнеркәсіпті дамыту қоры мақұлдады, оның 6-уы 4,1 млрд тенгеге қаржыландырылды.

  • 3 жоба бойынша инвесторларды қаржыландыру үшін келісім-шарт жасақталуда.

  • құны 39,9 млрд тенгені құрайтын 15 жоба бойынша Өнеркәсіпті дамыту қоры сараптамаларды аяқтау сатысында.

«Қалған 43 жоба бойынша инвесторлар Өнеркәсіпті дамыту қорының ескертулерін пысықтауда. Сонымен қатар күрделі мәселелерді шешу үшін менің төрағалығыммен барлық өңірлердің, инвесторлардың қатысуымен тұрақты түрде кеңестер өткізілуде және әр жобаға Министрлік пен әкімдіктердің жауапты қызметкерлері бекітілді», — деп түсіндірді министр.

Жалпы, жобаларды іске асыру қайта өңдеу қуатын жылына 1,1 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Құрылатын зауыттар толық жүктелген жағдайда қайта өңдеу үлесі 40%-ға жетеді.

Талдау көрсеткендей, өңірлерде жобаларды жүзеге асыру және қайталама шикізатты максималды түрде алу кезінде тұрмыстық қалдықтардың келесі негізгі фракцияларын қайта өңдеу қуаттылығын арттыру үшін әлеует сақталады.

«Мысалы, пластик бойынша қайта өңдеу әлеуеті жылына шамамен 450 мың тоннаны құрайды. Мәселен, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Жетісу облыстарында пластикті қайта өңдейтін кәсіпорындар жоқ әрі тиісті жобалар ұсынылмады. Шыны қалдықтарын қайта өңдеу бойынша да әлеует бар. Дегенмен Алматы, Жамбыл облыстарында және Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейтін, және Ақтөбе мен Қызылорда қалаларында жоспарланған жобаларды ескерсек, қалған өңірлерге шыны қалдықтарын осы объектілерге жеткізу мәселесін пысықтауды ұсынамыз», — деді Ерлан Нысанбаев.

Сондай-ақ оның айтуынша, Түркістан, Абай облыстарында және Шымкент қаласында қалдықтарды сұрыптау болмағанына қарамастан Министрлікке жобалар ұсынылмай отыр. Жобаларды сүйемелдеу жағынан да жүйелі мәселелер бар.

«Мысалы, Алматы облысында “Алатау Жарық Компаниясы” жоқ қосалқы стансаға техникалық шарттар берді, бұл “ЭйДиСи Таза Әлем” компаниясының құжаттарды Өнеркәсіпті дамыту қорына тапсыруын кешіктірді. Қызылорда облысының аудан орталықтарында сұрыптау бойынша 6 жоба үшін жер телімдері бөлінген. Алайда, бұл учаскелерге инженерлік инфрақұрылым жеткізілмеген, бұл жобалардың жүзеге асырылу мерзімдеріне теріс әсер етуі мүмкін. Ақтөбе облысын ерекше атап өткім келеді. “Дельта Ақтөбе” компаниясы қалдықтарды шығарудан бастап, қайта өңдеу және көмуге дейінгі барлық процестерді ұйымдастыруды жоспарлаған. Алайда әкімдіктің тарапынан бұрын берілген жер учаскесіне арналған келісімшарт бұзылды», — деп мәлімдеді министр. 

Ерлан Нысанбаев Ақтөбе облысында утильтөлем есебінен 2021 жылы құны 1,6 млн еуро, қуаты жылына 60 мың тоннаны құрайтын сұрыптау желісі әлі іске қосылмағанын айтты. Абай облысында құны 2,6 млн еуро, қуаты жылына 100 мың тоннаны құрайтын сұрыптау желісі де іске қосылған жоқ.

Қалдықтарды полигондарға көму көлемін азайтудың тағы бір тиімді механизмі — оларды энергетикалық кәдеге жарату. Әлемде экологиялық таза технологиялар бар, олардың шығарындылары еуропалық стандарттарға сәйкес келеді. 

«Бүгінгі таңда Министрлік “Атамекен” палатасымен бірге қоқыс жағатын зауыттардың өндіретін электр энергиясына шекті аукциондық бағасын өзектендіруді аяқтады. Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Талдықорған қалаларының әкімдіктері осындай жобаларды жүзеге асыруға дайын. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату қажеттілігі бар басқа өңірлерге бұл мәселені пысықтауды бастау қажет», — деді спикер.

Министр елімізде қалдықтарды жинаудан бастап қайта өңдеуге дейінгі бақылау жүйесінің әлсіздігін атап өтті. Оның айтуынша, қалдықтарды басқару процестерін цифрландыру — шешімдердің бірі болып саналады. 

«Астанада қалдықтарды басқару процесінің барлық қатысушылары жасанды интеллектті қолдана отырып, цифрлық жүйеде жұмыс істейді. Бұл пилоттық жоба өзінің тиімділігін көрсетті. Әкімдіктерге осы тәжірибені өз өңірлерінде енгізу туралы мәселе қойылды», — деді ол.

Өнеркәсіптік қалдықтар бойынша, жыл сайын республикада шамамен 1 млрд тонна қалдықтар түзіледі.

Осы қалдықтардың негізгі «түзушілері» экономиканың келесі салалары болып саналады:

  • «Кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу» – 70%,

  • «Өңдеуші өнеркәсіп» – 15,8%,

  • «Электрэнергиямен, бумен, газбен қамтамасыз ету» – 2%,

  • қалғаны экономиканың өзге салалары.

Экологиялық кодекске сәйкес қалдықтарды басқарудың келесі талаптары көзделген:

  • мемлекеттік реттеу (қауіпті қалдықтар бойынша қызметті лицензиялау және басқа қалдық түрлері үшін хабарламалық тәртіп); 

  • қалдықтар иерархиясы қағидаты; 

  • қалдықтарды уақытша сақтау мерзімдері.

Аталған талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкерлшілік қарастырылған.

2022-2024 жылдары қалдықтарды басқару талаптарын бұзғаны үшін 14,3 млрд теңгеге 405 айыппұл салынды.

«Жалпы алғанда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әрбір кәсіпорын қалдық көлемін азайту мақсатында ең үздік қолжетімді техниканы пайдалануды ескере отырып, Қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлейді», — деп толықтырды министр.

Биыл қалдықтарды басқару бойынша 3 арнайы анықтамалық әзірленуде:

  • «Қалдықтарды термиялық әдіспен жою және кәдеге жарату»;

  • «Қалдықтарды көму»;

  • «Қалдықтарды қалпына келтіру»;

Сонымен қатар Министрлік жүргізген талдау, жүйелі мәселелердің әлі де бар екенін айқындады, атап айтқанда:

  • біртұтас нормативтік-құқықтық базаның,

  • қалдықтарды қайта өңдеуді экономикалық ынталандырудың,

  • Ведомствоаралық үйлестірудің механизмі мен нақты регламенттің,

  • Қалдықтарды есепке алу мен бақылаудың орталықтандырылған ақпараттық жүйесінің,

  • жария есептіліктің жоқ екендігін көрсетті.

«Осыған орай, Министрлік заңнамалық базаға және реттеу құралдарына ауқымды талдау жасауды, оның нәтижесінде барлық мүдделі тараптың пікірлерін ескере отырып, Қалдықтардың барлық түрін басқару жөніндегі тұжырымдаманы әзірлеуді ұсынады», — деп түйіндеді Ерлан Нысанбаев. 

Бұл қалдықтардың жинақталуына, нақты түзілуіне және оларды экономиканың нақты салаларына тартудың перспективті тәсілдеріне кешенді баға беруге мүмкіндік жасайды.

скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Баян Алагөзова сәбилі болды
Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынады
Бүгін Димаш Құдайберген 30 жасқа толды
Димаш Құдайберген Ақтөбе облысының құтқарушыларына алғысын білдірді
Мультимедиа
Мемлекет басшысы күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады
2025 жылғы реформалар мен жаңа өзгерістер: Көлік министрлігі
Мемлекет басшысы KIS Astana халықаралық мектебін аралап көрді
Шымкентте «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы өтті
Олжас Бектенов Президенттің Жаңаөзенді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексеріп, ГӨЗ құрылысымен танысты