Қазақстанның әуе паркінде 104 ұшақ бар, жыл соңына дейін тағы 14 ұшақтың келуі күтілуде, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Бұл тасымалдау сыйымдылығын 15%-ға арттыруға мүмкіндік береді.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуде әуе маршруттарының көбеюі мен әуе флотының жаңаруы маңызды рөл атқарады.— Қазақстанда ішкі әуе тасымалын 6 әуе компаниясы 356 бағыт бойынша жүзеге асырады. Өткен жылы маршруттар саны 10%-ға артты, бұл ел ішіндегі көлік қолжетімділігінің өсіп келе жатқанын көрсетеді. Әуе рейстерінің тұрақтылығы 75%-ды құрайды (ЕО — 74%, АҚШ — 77%), бұл әлемдік көрсеткіштерге сәйкес келеді, — деді Т. Ластаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
— Қазақстандық әуе компаниялары жыл сайын 10-15 жаңа заманауи ұшақ сатып алады. Қазіргі таңда елдің әуе паркі 104 ұшақтан тұрады. Биыл әуе паркі екі жаңа Airbus A320 NEO лайнерімен толықты. Жыл соңына дейін тағы 14 ұшақтың келуі күтілуде, бұл тасымалдау сыйымдылығын 15%-ға арттыруға мүмкіндік береді, — деді ведомство өкілі.
Авиахабтарды дамыту және ел әуежайларындағы жүк ағынын ұлғайту бойынша 6 әуежай анықталды. Осы мақсатта Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Ақтау әуежайларында инфрақұрылымды жаңарту мен логистикалық процестерді жеңілдету шаралары жоспарланған. Оларды жүзеге асыру үшін 2 млрд 100 млн доллар жеке инвестиция тарту жоспарлануда.
Ақтауда әуе, автокөлік, теміржол және теңіз тасымалдарын біріктіріп, жүк ағынын қамтамасыз ететін толыққанды мультимодальды хаб құру көзделген. Хабта ұшақтарды техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығы, сондай-ақ мамандарды даярлау бойынша оқу орталығы қарастырылған.
Айта кетейік, өткен жылы қазақстандық әуе компаниялар 15 млн-ға жуық жолаушы тасымалдаған.
Сондай-ақ, ИКАО Қазақстанның азаматтық авиация саласын 2050 жылға дейін дамытудың стратегиялық бас жоспарын әзірлейді.