Әкімдіктердің дерегі бойынша 2024 жылы қазақстандық шаруалар 158 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, 56 мың гектар егіс алқабына табиғи жауын–шашынды имитациялайтын жаңбырлатып суару жүйелері, 44 мың гектарға суды өсімдіктердің тамырына тікелей жеткізетін тамшылатып суару жүйелері енгізілді.
«Бізге берілген тапсырмалардың қалай орындалып жатқаны және осы бағыттағы жоспарымыз туралы халыққа есеп беру қажет деп санаймын. Ақпаратты кезең-кезеңімен жариялаймын»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Министр 58 мың гектарға жуық жер лазерлік жоспарлаушы арқылы тегістелгенін мәлімдеді. Егіс алқаптарын тегістеу суару тиімділігін арттыра отырып, суармалы суды біркелкі таратуға мүмкіндік береді.
2024 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге шаруаларды қажет инфрақұрылымды қалыптастыру, су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын субсидиялау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін арттырды.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда су үнемдеу технологиясын қолданатын дихандар суармалы су үшін аз төлейді. Себебі, су үнемдеу жүйелерін пайдалану кезінде суармалы су ақысын субсидиялау мөлшері тарифке байланысты 85%-ға дейін ұлғайтылды.
Ал облыстық әкімдіктерге су үнемдеу технологияларын енгізу индикаторлары белгіленді. Әкімдіктер өз кезегінде егіс алқаптарында су үнемдеу жүйелерін енгізудің 2030 жылға дейінгі жоспарын әзірлеп, бекітті.
Жалпы, Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының есебі бойынша су үнемдеу технологияларын пайдалану 30%-ға дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда су шашатын машиналар мен тамшылатып суару жабдығын шығаратын төрт отандық зауыт жұмыс істейді. Бұл ретте шетелдік кәсіпорындарды тарту бойынша да белсенді жұмыс жүргізілуде. Мысалы, Kazakh Invest ұлттық компаниясымен бірге елімізде екі түрік және бір қытай компанияларының жаңбырлатып суару машиналарын шығаруды іске қосу бойынша үш жоба іске асырылып жатыр.
Сонымен қатар, биыл Түркістан облысында қытайлық компаниялармен бірлесіп тамшылатып суару жабдығын шығаратын екі зауыт ашу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, біздің министрлік су үнемдейтін инновациялық технологияларды сынақтан өткізуде. Мәселен, былтыр еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп мажарлық Water-Retainer препараты сынақтан өтті. Сынақ нәтижесі жекелеген дақылдар бойынша су үнемдеу және өнімділікті арттыру бойынша оң әсерін көрсетті. Алдын ала мәлімет бойынша, препаратты қолдану шамамен 20-37% су үнемдеуге мүмкіндік береді, сонымен қатар өнімділікті жақсартады.
«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында су үнемдеу технологияларын енгізу қажеттігін тағы да атап өтті. Президент осыған дейін, 2023 жылғы Жолдауында елімізде жыл сайын 150 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу міндетін қойған болатын. Біздің министрлік жүзеге асырып жатқан іс-шаралар осы нәтижеге қол жеткізуге бағытталып отыр»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.