Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев жол инфрақұрылымы жобаларын қаржыландыру туралы баяндама жасады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Дүниежүзілік банктің маңызды серіктесі саналады. Дүниежүзілік банктің Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі барлық көлік инвестициясының жартысына жуығы біздің республикамызға тиесілі. Дүниежүзілік банктің Қазақстан Үкіметімен көлік секторындағы өзара тиімді серіктестігі 1990 жылдардан бері жалғасып келеді.
Қазіргі уақытта Дүниежүзілік банк Қазақстанда екі ірі көлік жобасын жүзеге асыруда. $3,2 млрд көлемінде бөлінген қаражат «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» және «Қарағанды – Алматы» жобаларына бағытталған. Оларды іске асыру еліміздің бірнеше өңірінде негізгі көлік дәліздерін дамытуға мүмкіндік береді.
«Дүниежүзілік банк қаржыландыратын ағымдағы “Оңтүстік – Батыс” және “Шығыс – Батыс” жобалар шеңберінде бүгінгі күні 1600 км-ден астам магистральды жолдар пайдалануға берілді, Қазақстанның жол секторының барлық аспектісін институционалдық дамытуға жәрдем берілді», — деп атап өтті Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев.
А. Михневтің айтуынша, Дүниежүзілік банк инфрақұрылымға салынған инвестициялармен қатар құрылыс келісімшарттарының сапасын арттыруға және жолдарды күтіп ұстауға назар аударады. Сонымен қатар, жобаның басты бағыты климат тұрақтылығы мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Дүниежүзілік банктің өкілі сондай-ақ банктің Жезқазған мен Қарағанды арасындағы дәліздің көліктік тұрақтылығы мен байланысын арттыру жөніндегі жобаны дайындауға бет бұрғанын хабарлады. Дүниежүзілік банктің осы жоба бойынша серіктесі Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі болады деп көзделіп отыр.
«Аталған инвестициялар "Қарағанды-Жезқазған" жолын жаңғыртуға мүмкіндік береді, өңірдің, соның ішінде Ұлытау облысының дамуына оң әсер етеді. Халықтың әл-ауқатын жақсартып, ішкі және халықаралық көлік интеграциясын күшейтуге ықпал етеді», — деп атап өтті Андрей Михнев.
Бұл жоба 20 жылға арналған перспективалық қозғалыс қарқындылығын ескере отырып, төрт жолақты қозғалысы бар бірінші техникалық санат бойынша салынуда. Жобаның қосымша артықшылығы – Қазақстандағы Орта дәліздің мультимодальділігін нығайту.
«Осы жоба шеңберінде Қазақстанда алғаш рет мердігердің өзі жол инфрақұрылымын жобалайтын, салатын және кейіннен қызмет көрсететін нәтижеге негізделген OPBRC (Output-and Performance-based Road Contract) келісімшарттарының қағидаттары енгізілетін болады», — деп атап өтті Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев.
Институционалдық дамуды енгізу құрылыс келісімшарттарының тиімділігін және жолдарды күтіп ұстауды, климаттық тұрақтылықты, автожол саласын цифрландыруды оңтайландыра отырып, көлік секторында басқаруды жетілдіруді қамтамасыз етеді және тұтастай алғанда жол жүрісі қауіпсіздігіне ықпал ететін болады.
Қазіргі уақытта ұзындығы 500 км-ге жуық жолдың жеті учаскесі бойынша құрылыс жұмыстарын сатып алу бойынша конкурстық рәсімдер басталды.
Сондай-ақ тендерлік рәсімдерде Қазақстанның құрылыс секторын қолдауға, қазақстандық компаниялардың конкурстық рәсімдерге қатысуын ынталандыруға және олардың біліктілігі мен әлеуетін дамытуға бағытталған бағалау критерийлерін қолдану бойынша инновациялар көзделген.
Андрей Михнев Дүниежүзілік банктің жобаны дайындауды жеделдетілген қарқынмен жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Банктің Директорлар кеңесі биыл қараша айына дейін жобаның дайындық жұмысын аяқтап, бекітуді жоспарлап отыр.
Өкілдің айтуынша, жоба күшіне енісімен тендерлік рәсімдер аяқталады, бұл құрылыс жұмыстарын дереу бастап кетуге мүмкіндік береді.