ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Бүгінге дейін 170 мыңға жуық қолданушы «Тіл құрал» (5 деңгейлі жүйе) мен «Бала тілі» (9 жасқа дейінгі балаларға арналған) сынды тілдік онлайн платформалар арқылы оқыған. 400 мыңға жуық термин топтастырылған «Termincom.kz» платформасы да таныстырылды. Аталған портал терминдерді жүйелеу базасы міндетін атқарады. Бұл жұмысқа тиісті салалық мамандар тартылған.
Алдағы уақытта заң саласындағы терминдерді реттеу жұмысы күтіп тұр. Басты мақсат – нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге, іс қағаздарын жүргізуге қажет терминдерді біріздендіру. Вице-премьерге платформалардың жұмысы мен аралық нәтижелері туралы мәлімет берілді.
Келер жылы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жасанды интеллект саласында бірнеше жоба ұсынбақ. Соның бірі – «Qazgramma» платформасы, ол жазылған мәтіннің дұрыстығын тексеруге мүмкіндік береді. Жоба әлемдік нарықта танылған Grammarly сервисінің баламасы ретінде ұсынылып отыр.
«Жасанды интеллект өзегі – тіл, сондықтан ауқымды тіл моделін жасау – мемлекеттің кезек күттірмейтін қажеттілігі. Біз осы жұмысты бастадық», — деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Орталық қолжетімді халықаралық ауқымды тіл модельдерін (LLM) қазақ тіліне бейімдеу жұмысын жүзеге асыруға дайын екенін білдірді. Нәтижесін ашық кодтар арқылы қазақстандық компаниялар мен мемлекеттік органдарға тегін ұсынып, өз қажеттіліктеріне сай пайдалануына жол ашпақ. Орталық директоры Мақпал Жұмабай жасанды интеллектіні автоматты түрде оқыту үшін мемлекеттік деңгейдегі деректер қоры қажеттігін ортаға салды.
«Қазір – цифрландыру дәуірі. Алдымызда тұрған мақсат – тілімізді цифрлық кеңістікте өркендету. Жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу арқылы ел дамуына жол ашамыз. Бұл жобалар жөнінде азаматтар білуі қажет. Сондықтан ақпараттандыру жұмысын жүргізу маңызды», — деді Тамара Дүйсенова.
Сонымен қатар кеңесте қазақ тілі емтиханын халықаралық стандарттау, тілді меңгеру деңгейін сертификаттау жүйесі, оқытушылар біліктілігін арттыру, әдістемелік құралдарды жетілдіру және т.б. мәселелер көтерілді.