Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова республикадағы білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін дамыту шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы жүзеге асырыла бастады. Оның аясында 369 мектеп салынбақ. Жергілікті және республикалық бюджеттер, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және жеке инвестициялар есебінен салынып жатқан нысандарды қосқанда, 2026 жылға дейін 1,5 млн жаңа оқушы орны пайдалануға берілмек», — деді Тамара Дүйсенова.
Вице-премьердің айтуынша, білім нысандарын салу ғана жеткіліксіз. Сондай-ақ мектептерді біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз ету маңызды. Мәселен, салаға үздік мамандарды тарту мақсатында Президент тапсырмасына сай ұстаздар жалақысы екі есе ұлғайған болатын.
Білікті кадрлар қатарын кеңейту ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін арттырумен тығыз байланысты. Қазірде елімізде алдыңғы қатарлы 5 шетелдік ЖОО филиалы ашылды.
«Соңғы 6 жылда мемлекеттік білім беру тапсырысының саны екі есеге жуық өсіп, жыл сайынғы грант саны 88 мыңға жетті», — деді вице-премьер.
Медициналық саланы дамыту бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба іске асырылып жатқанын атап өтті.
«Жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек беру нысаны, 32 көпсалалы орталық аудандық аурухана салынады, ауылдағы денсаулық сақтау мекемелері үшін 1 100 медицина қызметкері оқытылады», — деді Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ вице-премьер «Дипломмен ауылға» жобасы аясында жас мамандарды тарту үшін 2024 жылдан бастап тұрғын үй сатып алуға берілетін бюджеттік несие мөлшері 1,5 мың АЕК-тен 2,5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылатынын айтты.