Кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік жобасын тиімді пайдалана білген үшінші мегаполистің тұрғыны Диана Бақтиярқызы құс шаруашылығын мықтап қолға алды. Шымкенттің білім ұяларының бірінде мұғалім боп еңбек ететін ол, қосымша табыс көзін арттыруды мақсат тұтып, тәуекелге барады.
Осылайша ол, былтыр ғана мемлекеттік бағдарлама аясында миллионмен ісін бастап, бүгінде шаруасын дөңгелетіп отыр.
Алғашында кәсібін қарапайым тауық өсіруден бастаған. Шығыны мол, уақытты көп талап еткендіктен, нарықты зерттей отырып, бөдене бағамыз деген шешім қабылдайды. 45 күнде жұмыртқа басып шығатын бұл ерекше құстың алғашқы балапандарын баптап отыр.
"Әр істің өз қиындығы бар. Көптеген кәсіпкерлер құсты қалай баптау керегін білмейді. Алғашында әлеуметтік желі мен видеохостингтер арқасында мәлімет алып отырдық. Құстарды өлтіріп алған кезіміз де болды, жемін тым көп беріп қойған сәттері де кездескен. Алайда, нәтижесінде тәжірибе жинақтадық. Енді бұл кәсіпорында бөденемен айналысамын дегендерге арнайы оқу-практика да қарастырмақ ниеттеміз", - деп атап өтті Диана Бақтиярқызы.
Бөдене жұмыртқасының мың ауруға шипа екені бесенеден белгілі. Құстың еті де ағзаның иммунитетін күшейтіп, түрлі жұқпалы ауруға төтеп беруге көмектеседі екен. Сонымен қатар, өзге құстармен салыстырғанда жұмыртқасында сальмонеллез бен өзге де микробтар азырақ болады. Бұл медицинада дәлелденген факт. Ал құрамында дәрумендер мен пайдалы металлдар екі-үш есе көп. Қарапайым жұртшылық тарапынан сол себепті сұраныс та артқан көрінеді. Сәйкесінше, кәсіп иесі осы бағытта жұмысын жандандырмақ ниетте.