«Соңғы жылдары мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру арқасында елдің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың оң серпіні байқалуда. Мәселен 5 жыл ішінде жалпы өнім көлемі 2 есеге артты (7,4 трлн. теңге), ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар легі 3 есеге (773,2 млрд теңге) ұлғайды», - деп атап өтеді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, саланы одан әрі орнықты дамыту мақсатында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жобасы және Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Олардың негізгі мақсаты - қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруды, жер қатынастарын дамыту мен саланы цифрландыруды, аграрлық ғылым мен білімді жетілдіруді, ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін шаралар кешенін қабылдау арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ АӨК өнімдерінің экспортын дамыту және импортты алмастыру бойынша кемінде 582 инвестициялық жобаны іске асыру.
«Бұдан басқа, АӨК субсидиялау жүйесін қайта қарау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тұтастай алғанда, субсидиялау жүйесі, ең алдымен, субсидиялау рәсімдерін қысқарту, оның бағыттарын оңтайландыру, барлық субъектілер үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету, қазіргі заманғы технологияларды енгізуді ынталандыру және АӨК-ге инвестициялар тарту, нақты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша фермерлердің қарсы міндеттемелер алу нормасын енгізу есебінен реформаланатын болады», - деді Әлихан Смайылов.