Аида Сыздықова – Павлодар облысы, Екібастұз қаласының тумасы. «Зерде» дарынды балаларға арналған мектепті бітіргесін, «Тұран-Астана» жоғары оқу орны ректорының грантына ие болып, аудармашы мамандығына оқуға түсті. Университет қабырғасынан бастап еріктілер қозғалысына, әрі жастарға арналған іс-шараларға белсенді қатыса бастаған Аида бүгінде 21 жасында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің бас сарапшысы қызметін атқарады.
Бізге берген сұхбат барысында Аида Сыздықова өзінің тәжірибесімен, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы жастардың рөлі және қоғамдық сананың жаңғыруы туралы ойларымен бөлісті.
- Қоғамдық жұмыспен, жастар саясатымен қалай айналыса бастадыңыз?
- Университетте оқыған кезде «Қазақстан жастары конгресі» республикалық ұйымының медиа тобының еріктісі ретінде әрбір өткізілген іс-шара бойынша мақала жазып, оларды жарыққа шығарумен айналыстым. Ал 2016 жылдың жазында ақпараттық-талдау бөлімінің менеджері қызметіне қабылдандым.
Сол жылдары мемлекет деңгейінде еріктілерді жинау және дайындау жұмыстары жүргізіле бастады. Алдымызда талаптарға сай 3500-нан астам еріктілерді іріктеп, бір жылдың ішінде жүйелі түрде дайындау мақсаты тұрды. Бұл бағытта оларды басқаратын супервайзерлер және супервайзерлерді бағыттайтын координаторлар – жобалық топтардың басшылары сайланды. Солардың арасында мен де болдым. Атқарған жұмысымыздың нәтижесі – 2017 жылдың қыркүйегінде ЭКСПО аяқталғаннан кейін, Халықаралық көрме бюросы еріктілеріміздің қызметін жоғары деңгейде бағалады.
ЭКСПО кезіндегі жұмысымды «Қазақстан жастарының конгресі» ұйымындағы баспасөз хатшысы қызметімен қатар алып жүрдім. Біз жұмыс істеген жылдары Дариға Нұрсұлтанқызы қызметімізді бағалап, ұйымның төрайымы болуға келісімін берді. Кейін сол кісінің бастамасымен жастарға арналған ірі жобалар іске асырыла бастады.
- Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің бас сарапшысы қызметіне қалай келдіңіз? Қызметіңізде қандай міндеттерді атқарасыз?
- «Қазақстан жастарының конгресінде» 2018 жылға дейін жұмыс істедім. Кейін «Жасыл ел» Жастар еңбек жасағының Республикалық штабының баспасөз хатшысы қызметіне ауыстым.
Ал қыркүйек айында жастармен жұмыс істеген тәжірибем ескеріліп, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығында жетекші сарапшы қызметі ұсынылды. Бұл жұмыс мен үшін қызықты болды – мектеп кезінен бастап ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығып жүретінмін.
Бір жылдан кейін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің бас сарапшысы қызметіне ауыстым. Біз ұйымдастыратын баспасөз конференциялары, брифингтер арқылы халыққа елімізде орын алған қандай да бір өзекті мәселелер туралы мемлекеттік деңгейдегі ресми ақпаратты жеткіземіз.
- Сондай-ақ, жастар саясатындағы жұмысыңызды тоқтатқан жоқсыз. Бүгінде жастармен жұмыс жасау тренері болып табыласыз. Осы жайында толығырақ айтып берсеңіз? Жастар саясаты сіз үшін несімен маңызды?
- Негізінен, Батыста жастармен жұмыс жасау жеке сала ретінде қалыптасқан және бұл мамандарды университетте дайындайтын арнайы факультеттер, мамандықтар бар. Аталмыш қызметкерлердің жұмысы мектептегі немесе университеттегі мұғалімдердің жұмысынан ерекшеленеді. Егер мектеп пен университеттердегі білім ресми білім беруге жатса, жастар қызметкерлері бейресми білім береді. Біз оны орысша «тренер неформального образования» деп атаймыз. Бейресми білім беру дегеніміз – өмірге қажетті практикалық дағдыларға арнайы жаттығулар мен ойындардан құрылған бағдарламалар арқылы үйрету.
Мысалы, Еуропада бұл бағытта халықаралық жастармен жұмыс жасау тренелрлерінің гильдиясы жұмыс істейді. Еуропа кеңесі арнайы Жастар департаментін ашқан және сол департаментке қарасты тренерлер пулы қызмет етеді. Осы аталған гильдияның және Еуропа кеңесінің тренерлері ЮНИСЕФ сияқты халықаралық ұйымдардың қолдауымен Қазақстанда да жастар қызметкерлерін дайындайды және тренерлерін оқытады. Мен де арнайы тренерлерді дайындау курсында білімімді жетілдіріп, Жастар ресурстық орталықтары қызметкерлеріне, жастардың өзіне бейресми білім берумен айналыстым. Қазіргі таңда да шақырған жерден қалмауға тырысамын. Жастардың өмірде өз жолдарын табуына, белсенді болуына септігімді тигізгім келеді.
Еліміздің дамуы жастарға тікелей байланысты – жастарды қолдау, олардың тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау қажет. Соның арқасында жас ұрпақ өз жолын тауып, саналы қозғаушы күш рөлін сапалы атқара алады деп ойлаймын.
- Сіздің ойыңызша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығы неде және қоғамдық сананың жаңғыруы неден басталады?
- Қоғамдық сананың жаңғыруы әр адамның өзінен және отбасынан басталады деп ойлаймын. Ал «Рухани жаңғыру» дегеніміз не?» деген сұраққа әрқашан қарапайым тілмен жауап беруге тырысамын. Бір кездері көбісі шаң-тозаңсыз жерде, таза костюм шалбар киіп, тек кеңседе отырып жұмыс істейтін мамандықтарға ұмтылған. Ал бүгінгі таңда костюм шалбар киіп отыру – табысты болудың жалғыз жолы емес екенін көріп отырмыз. Қай жерде болмасын, әр салада өсу мүмкіндігі бар. Қолыңнан келетін нәрсемен айналысып, өз салаңның мықты маманы болсаң, өзіңе де, қоғамға да пайдаң тиеді. Ал өнімің немесе қызметің көпшіліктің қолдауына ие болмаса, бәрі де бекер.
«Көрпеңе қарай көсіл» демекші, өмірде немен айналысқың келетініңді түсіну және соған сәйкес білім алу, жұмыс істеу, әрі уақытыңды үлестіре білу де маңызды. Жалпы кез келген нәрсені істер алдында «Бұл маған керек пе? Бұған шамам жете ме?» деген сұрақ қойып, жоспарлау қажет. Әрбір іс-әрекетіңе жауапкершілікпен қарау керек. Бұл бәсекеге қабілеттілік пен прагматизмге қатысты нәрселер.
Ұлттық бірегейлікті сақтауға тоқталсам, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде «Ол не үшін қажет? Тілімізді, тарихымызды не үшін білу қажет?» деген ерсі сұрақтар туындап жатқанын байқауға болады. Мен оны былай түсіндіремін: мысалы, біз ата-анамызды, ата-әжемізді жақсы көреміз. Олар бізді дүниеге әкелді, тәрбиелеп өсірді, тұлға болып қалыптасуымызға ықпал етті. Біздің оларға деген сүйіспеншілігіміз ешқашан жойылмайды және олардың бізге қалдыратын мұрасын көздің қарашығындай сақтауға тырысамыз. Сол сияқты кезінде ата-бабаларымыз да біздің қазіргі таңда жақсы өмір сүруіміз үшін еліміз бен жерімізді қорғап, мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтап, мұра ретінде қалдырған. «Өткенді айтпай, бүгіннің құны жоқ» демекші, бүгінгі күнге жеткеніміз үшін ата-бабаларымызға қарыздармыз – тарихымыз бен мәдениетімізді жетік біліп, сақтап, қадірлей білу маңызды.
Бұл орайда Қытай, Корея, Жапония елдерінен үлгі алуға болады. Олар өздерінің тарихын, мәдениетін сақтап қана қоймай, прогрессивті түрде дамып жатыр. Сондай-ақ, мәдениеттерін бүкіл әлемге танытып жатыр. Біздің де мақтан тұтып әлемге танытатын мәдениетіміз, тарихи құндылықтарымыз және ұлы тұлғаларымыз бар.
Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, білім, ұлттық бірегейлік, сананың ашықтығы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көтерілген мәселелердің өзектілігі мен маңыздылығы қазіргі таңда артып келеді. Тарихымызда көптеген қиын кезеңдерді басымыздан кешсек те, бірқалыпты және заман талаптарына сай дамып жатырмыз деп ойлаймын. Осы қалыпты сақтап, еліміздің әрі қарай дамып, өркендеуіне атсалысуымыз қажет.
Бағдарламада айтылғанның барлығын жүзеге асыру үшін көптеген мүмкіндіктер жасалып жатыр. Қалаған білімге қол жеткізу, қалаған кәсіпті ашу, саяхаттау, білімді жетілдіру және біліктілікті арттыру мүмкіндіктері баршылық. Мысалы, өзіме ұнайтын жобаларымның бірі – «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық». Бұған дейін университеттеріміздегі студенттер ескі және көбінесе ресейлік кітаптардан білім алған. Ал осы жоба арқылы заман талаптарына сай білім алу үшін дамушы елдердің және алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындардың еңбектерін өз тілімізде оқу мүмкіндігіміз бар.
Жастардың дамуына, дағдыларын жетілдіруіне арналған және үздік болуға ынталандыратын бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асырылып жатқаны өте маңызды.
- Бағдарламаны жүзеге асырудағы жастардың рөлі қандай?
- Жастар – өзгерістерге тез ілесе алатын қоғамның бөлігі. Олардың саналары ашық, ақпаратты тез қабылдай алады. Бағдарламаны іске асырудағы жастардың рөлі зор – алдымызға қойған міндеттерге жету жастардың дұрыс қабылдауына және жүзеге асыруына байланысты.
- Жастар арасында мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды қалай насихаттайсыз? Тиімді әдістерімен бөлісе аласыз ба?
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша көптеген сұрақтар туындайды. Мен мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды қарапайым тілмен түсіндіріп жеткізуге тырысамын. Жастармен жұмыс жасайтын бағдарламалар мен жобаларға белсенді түрде қатысып, олардың аясында жүргізілетін іс-шаралар туралы ақпаратпен әлеуметтік желілерде бөлісіп отырамын. Ең бастысы – мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпаратты жастарға қарапайым және түсінікті тілмен жеткізу.
- Сіздің пікіріңізше, жаңа заман жастары қандай болуы керек?
- Жаңа заман жастары «Рухани жаңғыру» бағдарламасында аталған талаптар мен міндеттерге сай болуы керек деп ойлаймын. Сондай-ақ, өзім де сол талаптарға сай болу үшін жұмыс істеуге, әрі рухани тұрғыдан дамуға тырысамын.